МРТ кабинеті ашылды
Облыстық көпбейінді аурухана базасында – 1,5 Тесла магниттік өрісі бар «магниттік-резонанстық томография», яғни, МРТ кабинеті ашылды.
МРТ кабинетінің ашылу салтанатына аймақ басшысының салаға жауапты орынбасары Алмаз Ыдырысов арнайы қатысты. Науқастарды магниттік-резонанстық томографиядан өткізуге арналған кабинеттер толықтай заманауи медициналық технологиялармен жабдықталған. Енді өңір тұрғындары МРТ аппаратына түсу үшін өзге облыстарға сабылмайтын болады.
– Бұл МРТ кабинетін біздің күткенімізге көп болды. Оған халықтың өзі де куə. Өйткені, өзіміз жеке облыс болып ашылмай тұрғанда, бұл салада қиындықтар көп болды. Бұған дейін МРТ өткізу үшін тұрғындар Қарағанды қаласына баруға мəжбүр еді. Ол əсіресе, ерекше балалардың ата-аналары үшін қиындық туғызатын. Айта кетейін, Отбасылық денсаулық орталығы арқылы келген немесе осы ауруханада жатқан науқастар бұл жерде МРТ-дан тегін өтеді, – дейді Ұлытау облысының денсаулық сақтау басқармасының басшысы Лəззат Ранова.
Жалпы, 2024 жыл өңір медицинасы үшін – жемісті жыл болған. Облыстың медициналық мекемелеріне жергілікті жəне республикалық бюджеттерден жалпы сомасы 2 млрд, 223 млн. теңгеге медициналық жабдықтар мен техникалар сатып алынған. Бүгінгі ашылған МРТ кабинеті де – осы саладағы жемісті жобалардың бірі.
Досан ДУЛЫҒАЛҰЛЫ.