Міндет – мерейлі, жұмыс – жүйелі
Ұлытау ауданы, Сарысу ауылдық округінің әкімі Сәтжан ҚҰРМАНБАЕВТЫҢ тұрғындар алдындағы есеп беру кездесуіне аудан әкімінің орынбасары Бағдат БАЙЖАНТАЕВ, сондай-ақ, бірқатар аудандық мекеме-кәсіпорындар мен бөлімдердің басшылары қатысты. Жиын кезінде карантин талаптарын мүлтіксіз сақтауға айрықша мән берілді.
Ауыл әкімінің баяндағандай, жыл мұғдарында жүйелі жұмыс жүргізілген. «Қатысу бюджеті» арқылы спорт алаңы салыныпты. Аудан әкімінің жас кәсіпкерлерге арналған гранты нәтижесінде көлік дөңгелегін жөндеу орталығы ашылған. Ауыл шаруашылығы саласында да айтарлықтай ілгерілеушілік бар. Әсіресе, несиеге мал мен техника алу жұмысы дұрыс жолға қойылған. Қатерлі індеттің алғашқы толқыны белең алғанда сарысулық кәсіпкерлер мен тұрғындар 2,5 млн. теңгеге жуық қаржы, 400 литр қымыз жинап, Жезқазған ауруханаларында жатқан сырқат жандарға көмек қолын созған.
Биыл ауыл клубын күрделі жөндеуден өткізу – жоспарда. Бұдан бөлек, жаңадан фельдшерлік-акушерлік орталық салынады. Сарысу-Түйемойнақ бағытындағы 20 шақырымды құрайтын көлік жолына асфальт төселеді. Сонымен қатар, ішкі көше жолдары асфальтталып, жарық беру шамдары толығымен жаңартылуы тиіс.
Өз кезегінде тұрғындар ауызсу мен жаңадан салынатын жолдың сапалы болуына қатысты мәселе көтерді. Ауылдағы ардагерлер кеңесінің төрағасы Жамсап Әшенов шешімін күткен күрделі жайттарды атап өтті. Ауыл әкімінің жұмысына оң баға беріп, алдағы қызметі сәтті боларына сенім білдірді.
Бұдан кейін аудандық полиция бөлімінің басшысы Еркебұлан Байзақов өз басқаратын сала бойынша атқарылған жұмыстарға сипаттама беріп, жергілікті әкімдікпен тізе қоса әрекет ететіндерін тілге тиек етті.
Кездесуді қорытындылаған Бағдат Тілеуліұлы атқарылған жұмыс ауқымына қысқаша шолу жасай келіп, мерейлі міндеттерді ілкімді іске асырудың оңтайлы бағыт-бағдарына назар аударды. Ауыл тұрғындарына бірлік пен берекелі тірлік тіледі.
Жасұлан АЯШЕВ
САРЫСУ ауылы.