Мерейлі жүздесу
8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін аудан әкімінің нәзік жандыларды қабылдау шарасы биыл да жалғасын тапты.

Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі ғимаратында аудан әкімі Аманжол Мырзабеков кенттер мен ауылдық округтерден арнайы шақырылған ардагер аналар мен түрлі салада еңбек етіп жүрген қыз-келіншектерді салтанатты жағдайда қабылдады. Қабылдауға аудандық мәслихат төрағасы Ахат Құрмансейітов қатысты. Сонымен бірге, қоғамның дамуы мен Тәуелсіз еліміздің демографиялық өсіміне елеулі үлес қосып жүрген көпбалалы аналар, ұлағатты ұстаздар, білікті дәрігерлер, бизнес бастап, кәсіптен нәсіп тапқан кәсіпкерлер жиналды.
Іс-шара барысында аудан басшысы Аманжол Мырзабеков әйел-аналарды, аяулы аруларды мерекелерімен құттықтап, жайылған ақ дастарқан басында ақжарма тілегін білдірді. Құттықтаудан кейін әкім мереке иелеріне арнайы тапсырыспен әзірленген гүл шоқтары мен сый-сияпаттарын ұсынды. Өз кезегінде аудандық мәслихаттың төрағасы Ахат Құрмансейітов жылы лебізін білдіріп, әйел-аналар қоғамдағы тыныштық пен берекені, мейірімділік пен отбасы жылуын сақтап тұрған алтын қазық екенін айрықша атап өтті.
Дастарқан басында аяулы аналар ән тыңдап, әсерлі әңгіме өрбітіп, өмірдегі әдеп ұстанымдары хақында әдемі ой түйді. Жиын соңында мереке иелері аудан басшылығы тарапынан көрсетілген ізгі ниет пен сый-құрметке ризашылықтарын білдірді.
Қайрат ЖҰМАБАЙ.

