Менің атам – майдангер

Екінші дүниежүзілік соғыста ел қорғап, қанқұйлы дұшпанмен бетпе-бет шайқасқан майдангер батырлардың қатарында менің үлкен атам Мұса ЕСІМБАЕВТЫҢ есімі де аталатынын айрықша мақтан тұтамын. Маған ол кісінің тізесінде отырып, мейірімін сезіну бақыты бұйырмаса да, қандай адам болғанын ересектердің әңгімелері арқылы өте жақсы білемін.

Майдангер атам 1910 жылы Ақмола губерниясы, Атбасар уезі, Терісаққан болысында туған екен. Қарсақбай мыс комбинатының нан заводында нан пісіруші болып жұмыс істеген. 1942 жылы мамыр айында Жезқазған аудандық комиссариаты арқылы әскерге шақырылып, қанқасап қырғынның бел ортасына түскен. Содан 1945 жылға дейін «жан алысып, жан беріскен» сан шайқасты басынан кешірген.

Елге Ұлы Жеңіс туы желбірер сәттен аз ғана уақыт бұрын, яғни, 1945 жылы 24 ақпанда II топтағы мүгедек болып оралыпты.

Ұрыс даласында етігімен қан кешкен ерлердің қай-қайсы да түрлі марапаттарға ие болғаны белгілі. Солардың қатарында менің атам да II және III «1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медалімен және басқа да медальдармен марапатталған. Шайқаста мейлінше шыныққан ол мүгедектігіне қарамастан, бейбіт еңбекте де социалистік жарыстың сан мәрте жеңімпазы атаныпты.

Үлкен әжем Шәбазия екеуі ұлағатты ұл өсіріп, қылықты қыз тәрбиелеп жеткізген. Солардан өрбіген ұрпақ – бүгінде бір қауым ел. Жарықтық атам марқұм өзінен тараған ұрпаққа бейбіт күннің қадірін білу қажет екендігін қайталап айтып, саналарына сіңіріп отырады екен.

Біздің бақытымыз – бейбіт күнде ғұмыр кешуіміз. Соғыс зұлматын өз басынан өткерген буынның сол аманатын аялау – біз үшін қастерлі парыз!..

Меруерт МҰСА,

шөбересі.