Мен азаматтарымыздың қарызға белшеден батқанына қатты алаңдаймын – Президент
«Бұл мәселе жұрттың әлеуметтік жағдайына және еліміздегі қаржы жүйесінің тұрақтылығына тікелей әсер етеді. Мен 2019 жылы Мемлекет басшысы ретінде қол қойған алғашқы құжаттың бірі қиын жағдайға тап болған азаматтардың борышын азайту туралы Жарлық еді. Сол уақытта 500 мың адамның кепілсіз алған несиесі кешірілді. Бұл бірреттік шара болатын. Ал 2023 жылы жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң күшіне енді. Мұның бәрі мәселенің ушығып кетпеуіне ықпал етті. Осы жағдайды түбегейлі өзгерту үшін былтырғы Жолдауымда Үкіметке тың шараларды қолға алуды тапсырдым.
Бұл жағдайға жұрттың қаржылық сауаттылығының төмендігі себеп болып отыр. Екінші жағынан, тұтыну несиесін беру тәртібін және коллектор ұйымдарының қызметін қатаң реттеу керек», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.