Мемлекеттіліктің басты белгісі

Қайсыбір мемлекеттің болмасын, тарихында астаналар айшықты орын алады. Ұлттың өсуіне, мемлекеттіліктің орнығуына зор ықпалын тигізеді. Осы орайда қазақ елінің қазіргі астанасының тағдыры да арғы кезеңдегі астаналардың тарихымен сабақтасып жатқанын айтуға тиіспіз.

Кәрі тарихта парақтап қарасақ, сонау Сақ-Ғұн заманынан бері Яксарт, Ордос, Чигунь, Түркі қағанаты тұсында Еркіне-көн, Өтекін, Суяб, Қарахан мемлекеті орнаған кезде Баласағұн, Тараз қалаларының абыройы аспандады.

Алтын орда дәуірінде Сарай Бату, Сарай Берке, Сарайшық шаһарларының жұлдызы жанды. Ал, шайбани мемлекетінен бөлініп шығып, өздеріне ерген халықты бастап Жетісу жеріне қоныс аудаған Керей мен Жәнібек сұлтандар Қозыбасы тауының маңынан Шар қаласын салдырады. Бұл – қазақ хандығының алғашқы астанасы еді. Жаңа құрылып қалыптаса бастаған мемлекетке алғашқы уақытта іргесін тіктеп алу мақсатында қажет болған Шар қаласы уақытша мекен болып құпия сақталды.

Шар қаласынан кейінгі қазақ хандығының астанасы Сығанақ болды. Сығанақ – қыпшақ даласының саяси-әлеуметтік астанасы. 1227 жылы таққа отырған Орда Ежен мен 1423-1424 жылдары Ақ Орданы билеген Барақ ханға (Жәнібектің әкесі) дейін Сығанақ далалық қазақтардың негізгі астанасы болғаны жайлы деректер айтылған. Қаланы Бұрындық хан Шайбанилерден тартып алып, қазақ елінің астанасы етеді.

Тарих дөңгелегі содан бері сан рет айналды. Сан мәрте қантөгіс замандар өтті. Астаналар да сан мәрте өзгерді. Өткен ғасырдың өзінде қазақ елінің бас қаласы бес рет ауысты. Олардың қай-қайсысы да саяси-әкімшілік орталық болып қана қоймай, ұлт рухын айбындатып, ұлттық мақсат-мүддені айқындайтын киелі мекенге айналды. Мемлекеттіліктің басты белгісі бола білді.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ