МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІЛЕР – МАРАПАТ ТӨРІНДЕ

23 маусым – Мемлекеттік қызметшілер күнінің құрметіне орай Ұлытау облысының қызметкерлеріне арналған салтанатты іс-шара өтті. Жиынға облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлы арнайы қатысып, елге қызметтің абыройлы міндет екенін жеткізді.

«Бүгінгі таңда облыс аумағында құрылған орталық мемлекеттік органдардың 30 департаментінде 490, жергілікті атқарушы органдарда барлығы 715 мемлекеттік қызметші ел игілігіне еңбек етуде. Барлығы дерлік өз міндетін адал, халық мүддесі жолында атқарып келеді. Жаңа құрылған облыста көп жұмыс жаңадан басталатыны, соған сай жұмыс көлемі мен жауапкершілік жүгі әдеттегіден бірнеше есе артық екені айтпаса да түсінікті» – деді өз сөзінде өңір басшысы.

Салтанатты кеште Берік Әбдіғалиұлы бірқатар қызметкерге ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасы Дархан Медеғалиұлының «Үздік мемлекеттік қызметші» төсбелгісін тақты.

Одан бөлек, жиын барысында ҚР мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ұлытау облысы бойынша департаментінің грамотасымен өңірдің мемлекеттік қызметшілері мен ардагерлері марапатталды.

Қазіргі уақытта Ұлытау облысы бойынша 1000-нан аса мемлекеттік қызметші халыққа қызмет көрсетуде. Оның ішінде 19%-ы жас мамандар. Кеш барысында жас мамандар ант беру рәсімін жасады.