Мемлекеттік қызмет – халыққа аманат
Мемлекеттік қызмет – жауапкершілігі жоғары, ел алдындағы сенім мен әділеттілікті қатар арқалаған мәртебелі міндет. Бұл салада қызмет ету – күнделікті халықпен жұмыс істеу, қоғам игілігі үшін еңбек ету, туған өлкенің дамуына үлес қосу деген сөз. Осындай ізгілікті жолды өмірлік ұстаным еткен жандардың бірі – Аманкелді ауылдық округінің бас маманы Назыкеш Бекмағанбетова.
Назыкеш Жолдыбекқызы 1977 жылы 2 қыркүйекте Ұлытау облысы Ұлытау ауданының Аманкелді ауылында дүниеге келген. Бала күнінен еңбекқорлық пен адалдықты ту еткен отбасында тәрбиеленген ол 1984–1994 жылдар аралығында туған ауылындағы №3 Аманкелді орта мектебінде білім алды. Жоғары білімге деген ұмтылыс оны Жезқазған қаласындағы ЖезУ-ға жетеледі. Мұнда 1994–1999 жылдары экология мамандығы бойынша жоғары білім алды. Кейіпкеріміздің мемлекеттік қызметке келуі – үлкен дайындық пен табандылықтың жемісі. 2001 жылы арнайы тестілеуден өтіп, жаңа ғана енгізіліп жатқан мемлекеттік қызмет заңының талаптарына сай алғашқылардың бірі болып қызметке қабылданған. Содан бері 24 жыл бойы мемлекеттік қызметтің бел ортасында, туған ауылының тыныс-тіршілігіне үлес қосып келеді. Назыкеш Жолдыбекқызы бүгінде Аманкелді ауылдық округі әкімдігінің бас маманы ретінде ауыл тұрғындарының мұң-мұқтажын тыңдап, түрлі мемлекеттік бағдарламалардың ауылда сәтті іске асуына себепкер болып жүр. Оның іс-қағаздармен жүйелі әрі сауатты жұмыс істеуі, азаматтарға көрсетілетін қызметтердің сапасына жіті мән беруі – әріптестері мен ауылдастары тарапынан зор құрметке ие.
Өмірде де, қызметте де шынайылық пен сабырлылықты серік еткен Назыкештің отбасындағы рөлі де үлкен мақтауға тұрарлық. Жолдасы Айбат Әбділдинмен шаңырақ көтергендеріне 26 жыл толып отыр. Бес баланың анасы, ұрпағына мейірім мен тәрбие дарытқан асыл жар бүгінде 3 баласын аяқтандырып, 2 жиен мен 3 немеренің ақылшысы, қамқор әжесі.
Назыкеш Жолдыбекқызының еңбек жолындағы алғашқы сәттер де естен кетпейді. Ол кездері іс жүргізу, құжат дайындау, ресми тілде сөйлеу сияқты мемлекеттік қызметтің негіздерін енді үйреніп жатқан жас маманға мәртебелі атасы ақыл-кеңесін аямаған. Сол жылдарды Назыкеш бүгінде сағынышпен еске алады.
– Справка жазудың өзін білмеген жас кезімізде ардақты атам әр сөзді түсіндіріп, маған қайталап оқытатын. Сол кісінің үйреткен әрбір кеңесі мені шыңдады. Қазір сол кісінің батасы мен дұғасының арқасында халыққа қызмет етіп келемін, – дейді ол.
Мемлекеттік қызметте табанды еңбек етіп жүрген Назыкеш Бекмағанбетова – тек қызметкер ғана емес, ауылға тірек, ұрпаққа үлгі, әріптестеріне ақылшы тұлға. Оның еңбегі – ауылдың келешегі үшін жасалып жатқан шынайы қызметтің жарқын көрінісі.
Осындай жанкешті жандардың арқасында еліміздің ең шалғай ауылдарында да мемлекет саясаты жүзеге асып, халықтың әл-ауқаты артып келеді.
Досан ДУЛЫҒАЛЫ.