Мемлекеттік тіл – рухани байлық
Тіл – ұлттың аса ұлы игілігі, əрі оның ажырағысыз белгісі. Қандай да бір халықтың болмысы, өркениеттілігі, саналылығы, кең мағынасында сауаттылығы соның тіл мəдениетімен, сол тілдің қолданыс ауқымдылығының кеңдігімен өлшенеді. Еліміз егемендік алып, ана тіліміз мемлекеттік мəртебеге ие болып, қолданыс өрісі кеңейді. Мемлекеттік тілді білу – кəсіби талап.
Қазақ тілі республика азаматтарын топтастырудың мықты іргетасы болары кəміл. Əрбір қазақстандық мемлекеттік тілді құрметтеуге, оны үйреніп, білуге бейім болғаны абзал. Өйткені, қазақ тілі — еліміздегі халықтардың басым бөлігінің тілі. Болашақта мемлекеттік тіл ретінде оның мəртебесі біздің елімізде қоғам биігінен көрінуге тиіс.
Бүгінгі таңда мемлекеттік тілді жетік меңгерген мамандар барлық салада толық қамтамасыз етілді деуге əлі ертерек. Қай тұлғаның болса да жұмысқа қабылданар алдында мемлекеттік тілді білуі жəне іс-қағаздарымен жұмыс жасай алуы туралы мəселелер ескерілер болса, біршама атқарылар шаралар өзінің оң шешімін табатыны сөзсіз.
Тіл тағдыры — ел тағдыры екенін еш уақытта ұмытпайық. Əрбір адам өз ана тілін білуі жəне мемлекеттік тілін меңгеруі міндетті. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, Мемлекеттік тілді дамыту үшін, бұл істе ала болмай, түгел болып кіріссек, көздеген мақсатқа тездетіп жетуге болатынына сенімдімін. Қазір ХҚКО ғимараттарында Тіл туралы, іс-жүргізу нормативтері, ХҚКО-дағы құжаттар айналымы туралы стенділер ілінулі тұрғандығын айта кеткім келеді. Күнделікті жүргізіліп жатқан іс-қағаздар, өткізіліп жатқан семинар-кеңестер қазақ тілінде орындалуда. Міне, осының өзі мемлекеттік тілге деген құрмет оны əрі қарай дамытуға қосып жатқан үлестер деп білемін жəне мемлекеттік тілге деген қамқорлықтың, оны дамытудың белгісі деп ойлаймын.
Сөз соңында Мемлекеттік тілді дамыту үшін бір қолдың саласындай, бір ананың баласындай болып атсалыссақ демекпін.
«Ұлытау ауданының мəдениет жəне тілдерді дамыту бөлімі».