МЕМЛЕКЕТТІК ҚОЛДАУ ШАРАЛАРЫН ТИІМДІ ПАЙДАЛАНУ ЖОЛДАРЫ АЙТЫЛДЫ
Ұлытау облысында тұңғыш рет «Жемшөп өндірісін дамыту» семинары өтті. Ғылыми отырыста облыстағы ауылшаруашылығы саласында еңбек етіп келе жатқан, егін шаруашылығына қызығушылық танытатын 40-қа жуық шаруа қожалық иелерінің басы бірікті. Мақсат – мал азығын дайындауға ерте қамданудың маңыздылығын, мемлекеттік қолдау шараларын түсіндіру.
«Жаңадан құрылған облысымызда шаруашылық бастауға ниетті азаматтар үшін мемлекеттік қолдау жеткілікті. Дегенмен шаруалар берілген гранттар мен субсидияларды мал басын көбейтуге ғана жұмсауда. Өңірде суармалы егіншілікті дамытамын деген кәсіпкерлер мен техника аламын деушілерді қолдауда аянбаймыз» – деді жиынға арнайы қатысқан Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы өз сөзінде.
Ауылшаруашылық саласының қызметкерлеріне арналған семинар Жаңаарқа ауданындағы «Мирас» шаруа қожалығында ұйымдастырылды. Аталған қожалық иелері облыста алғаш болып, суармалы егіншілік саласын қолға алып отыр.
Айта кетейік, өткен жылы өңір фермерлерінің ірі техникалары 4 пайызға жаңарған. Биыл аталған цифр еселене түседі деп күтілуде. Себебі облыстағы шаруа қожалық иелерінің техника жаңарту үшін салған қаражатының 25%-ын, ал суармалы егістік алқабын дамытуға арналған құрылғылар алу үшін салған қаражаттың 50 пайызын субсидия арқасында қайтарып алуға толық мүмкіндік бар.
Өңірге қарасты қос ауданның кәсіпкерлері жиналған семинар барысында агроөнеркәсіп, ауылшаруашылығы саласындағы субсидиялау, аз пайыздық мөлшерлемемен несие алу, суармалы егіншілікті дамытудың пайдасы, қайтарымды қаражат арқылы шаруашылықты дамытуға қатысты ақпараттар беріліп, пікір алмасу болды.