Мемлекеттік басқару академиясының филиалы ашылды

Кеше Жезқазған қаласында Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Ұлытау облысы бойынша филиалы ашылды. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметте басшылық лауазымға алғаш тағайындалған тұлғаларға арналған 3 апталық қайта даярлау курсы басталды. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Қарағанды облыстық филиалының директоры Серікжан Байбосынов хабарлады.

Курстың ашылуына Мемлекеттік қызмет істер агенттігінің Ұлытау облысы бойынша департаментінің басшысы Берик Ахметов мырза қатысып, тыңдаушылар алдында сөз сөйледі. Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Ұлытау облыстық филиалының директоры лауазымына Ербол Байгазиев тағайындалды.
— Алғаш сабақ жүргізу бақыты Академия басшылығының ұйғарымымен «Жобалық менеджмент», «Ойлау дизайны» тақырыбында тренинг дәрістер өткізу маған жүктелді.
Қарағанды облысынан бөлініп шыққан жас өңірді қолдау рухани-моральдік тұрғыдан бізге жүктелгені заңдылық деп білемін.
Ұлытау облысының кадрлық әлеуетін дамытуда Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы мен оның өңірлік филиалы зор үлесін қосады деген сенімдемін, — дейді Серікжан Байбосынов.