Мемлекет басшысының саяси бағдарының арқасында ел экономикасы орнықты өсім көрсетіп келеді – Олжас Бектенов
Премьер-Министр мен Үкімет мүшелерінің қатысуымен өткен AMANAT партиясы фракциясының кеңейтілген отырысында Президенттің 2019-2024 жылдар аралығындағы Қазақстан халқына Жолдауы мен «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасының іске асырылу барысы қаралды.
Олжас Бектенов макроэкономикалық тұрақтылық пен қаржылық орнықтылық сыртқы сын-қатерлер аясында Үкіметтің басымдығы болып қала беретінін атап өтті.
Премьер-Министр Олжас Бектенов Үкімет Мемлекет басшысының елді орнықты дамытуға және азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған стратегиялық бастамаларын дәйекті түрде іске асырып жатқанын атап өтті.
«Мемлекет басшысының саяси бағдарының арқасында ел экономикасы орнықты өсім көрсетіп келеді. Жеті айдың қорытындысына сәйкес өңдеу өнеркәсібінде оң үрдіс сақталды. Тау-кен өнеркәсібінде сирек және жерде сирек кездесетін металдарды игеру бойынша өсудің жаңа бағыттарын көріп отырмыз»,
— деп атап өтті Премьер-Министр.
Аграрлық сектор да өсім көрсетп отыр. Ауыл шаруашылығы өндірісінің көлемі 3,7%-ға ұлғайды. Шаруаларға толықтай және уақтылы көрсетілген қолдау шаралары биыл елімізді мол өніммен қамтамасыз етуге, экспорттық көрсеткіштердің өсуіне ықпал етуге тиіс. Құрылыс жұмыстарының көлемі 18,5%-ға, сауда 8,6%-ға, көлік саласы 22,5%-ға ұлғайды.
Сондай-ақ Ұлттық банкпен бірлесіп, инфляцияны төмендету шаралары қабылданып жатыр. Бағаның күрт өсіп кетуіне жол бермеу үшін өңірлер күзгі көкөністерді тұрақтандыру қорларына сатып алу рәсімдерін аяқтауға жақын. Бұл осы өнімдердің жыл бойы қолжетімді болуын қамтамасыз етеді.