Мемлекет басшысы Түрікменстан Президентімен кездесті
Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия мемлекеттері басшыларының VI Консультативтік кездесуіне қатысу үшін Қазақстанға келген Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедовпен кездесу өткізді.
Президент саммит жұмысына қатысқаны үшін Сердар Бердімұхамедовке алғыс айтып, оның бұл сапары екі ел арасындағы көпжақты серіктестікті одан әрі ілгерілету тұрғысынан маңызды екенін атап өтті.
– Қазақ-түрікмен қарым-қатынасы табысты дамып келеді. Сондай-ақ стратегиялық әріптестік сипатына толық сай. Көпқырлы мемлекетаралық байланыстарымызға қолдау көрсеткеніңіз және оны үнемі нығайтуға атсалысқаныңыз үшін Сізге ризашылығымды білдіремін. Бұған дейін айтқанымдай, экономикалық ынтымақтастығымыздың деңгейі жоғары. Үкіметтер өзара сауда көлемін 1 миллиард долларға жеткізу үшін жұмыс істеп жатыр. Бұған елдеріміздің барлық мүмкіндігі бар. Энергетика, өнеркәсіп, көлік, логистика және басқа да салалардағы бірқатар жобалар жүзеге асыру сатысында тұр. Мәдени-гуманитарлық байланыстарды арттыруға да қолайлы жағдай жасалған, – деді Мемлекет басшысы.