Мемлекет басшысы экономика мәселелеріне қатысты жұмыс отырысын өткізді
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің жұмыс отырысы өтті.
Жиында тарифтік қақтығыстар салдарынан әлемдік нарықтағы жағдайдың өзгеруіне байланысты еліміздің іс-қимыл жоспары талқыланды.
Президент қазіргі жаһандық экономикадағы ахуалдың тұрақсыз сипат ала бастағанын, сондықтан кез келген жағдайға дайын болу қажет екенін атап өтті.
Кеңес отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы жұмыстың негізгі бағыттарын айқындады.
– Үкіметтің міндеті – халықтың әл-ауқатын, экономикалық өсім қарқынын және тартылатын инвестиция көлемін төмендетуге жол бермеу, – деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ әлемдік деңгейдегі дағдарыстар әрдайым сын-қатерге толы болғанымен, дамудың жаңа көкжиегін ашатынын айтты.
Жиын соңында Президент мемлекеттік органдарға бірқатар нақты тапсырма берді.