Медицина мамандары – мерейлі
Аудан әкімі Советбек МЕДЕБАЕВ Медицина қызметкерлері күні қарсаңында денсаулық сақтау саласының үздік мамандарын қабылдады. Кәсіби мерекелерімен құттықтап, марапаттау рәсімін іске асырды. Мерейлі жандарға аудандық мәслихаттың хатшысы Аманжол МЫРЗАБЕКОВ те ыстық лебізін арнады. Іс-шараға облыстық денсаулық сақтау басқармасы Жезқазған аймақтық өкілдігінің басшысы Ләззат РАНОВАНЫҢ арнайы келіп қатысып, әріптестерін марапаттауы қабылдауға қатысушылардың қуанышын еселей түсті.
Қауіпті індетпен күресте біліктілігін айғақтап, мейірімділік пен төзімділіктің тамаша үлгісін танытқан тұлғаларға алғысын айтып, алдағы еңбектеріне толымды табыс тілеген Советбек Тұрсынұлы майталман дәрігер Әбдіқадыр Омаровқа аудан әкімдігімен аудандық мәслихаттың Құрмет грамотасын тапсырды. Сала мамандары Сәуле Сейтмағанбетова, Саламат Төлеш, Жұмакүл Мұқанова және Гүлнар Бақаеваға Алғыс хат табыс етті.
Өз кезегінде Ләззат Нәбиқызы еселі еңбегімен ерекшеленген бір топ медицина қызметкерін облыстық денсаулық сақтау басқармасының Құрмет грамотасы және Алғыс хаттарымен марапаттады. Бұдан бөлек, аудандағы медицина саласының бірқатар мамандарына облыстық денсаулық сақтау басқармасы Жезқазған аймақтық өкілдігінің Алғыс хаттары берілді.
Жиын барысында аудан басшысы сондай-ақ, оқыс оқиға орын алған сын сағатта қызметке адалдығы және қырағылығымен танылып, батылдығымен көзге түскен аудандық төтенше жағдайлар жөніндегі бөлімнің қызметкері Мәди Кенжебекті аудан әкімінің Құрмет грамотасымен марапаттады.
Жасұлан АЯШЕВ