Медиация туралы заңды іске асыру – ЗАМАН ТАЛАБЫ
«Медиация» сөзі латын тілінен аударғанда делдал, екі тарапты мəмілеге келтіруші үшінші тұлға деген мағынаны білдіреді. Бұл тəсіл алпауыт елдерде ертеректе қалыптасқан жəне заңдастырылған. Медиация тəсілін Америка, Аргентина, Ұлыбритания, Германия, Австрия сынды əлемнің алпауыт елдері ертеректен бері қолданып келеді. Жалпы медиация əдісі дүниежүзінде 20 ғасырдың екінші жартысында дами бастады. Ең алдымен АҚШ-та, Австралияда, Ұлыбританияда, ал кейін ол бірте-бірте Европада таралды. Медиацияны қолданудың алғашқы əрекеттері отбасы қатынастары саласындағы дауларды шешу кезінде тəжірибеге енгізілді.
Кейін медиация отбасы жанжалдарынан бастап коммерциялық көпжақты жанжалдарға дейінгі даулардың ең кең шеңберін шешу кезінде қолданылатын болды. Əлемдік тəжірибеде медиацияны заңнамалық бекітудің мысалдары көп. Тиісті актілер АҚШ-та, Австрияда, Германияда қабылданған. Еуропа комиссиясы Медиатордың кодексін бекітті, ал Еуропалық Одақ медиаторлардың қызметін реттейтін бірқатар директивалар шығарды. Мəселен, Америкада экономика, саясат, бизнес саласында медиаторсыз бірде-бір маңызды келіссөз жүргізілмейді. Шетелдік тəжірибеге сүйенсек, Ұлыбританияда медиация əдісі өте кең тараған. Тіпті медиаторға байланыс желісі арқылы кез келген жерден қоңырау соғып, жанжалды сипаттап, өздерінің талаптарын білдіре алады. Германияда бітістірушілер тікелей соттардың жанында жұмыс істейді. Бүгінде бұл мемлекетте медиация азаматтық істерді ғана емес, əкімшілік істер бойынша да қолданылады. Неміс мектептерінің көпшілігінде тұрақты медиация курстары оқытылады. Австрия — медиаторларды дайындауды жəне дайындықтың белгіленген нормативтерін реттейтін медиация туралы федералдық заң қабылдаған жалғыз мемлекет. Қытайда даулардың шамамен 30 пайызы соттан тыс тəртіппен шешіледі. Венгрия мен Кореяда тараптар медиация шеңберінде келісімге келіп, оны аралық соттардың (төрешіліктің) қарауы үшін заңда қарастырылған тəртіпте бекітуге құқылы. Мұндай шешім (төрешілік) күшіне ие болса, тиісті тəртіппен орындауға жатады. ТМД елдерінің ішінде медиация туралы заң Молдовада ғана қабылданған.
2011 жылдың 25 қаңтарында Президент Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының бастамасымен əзірленген «Медиация туралы» Заңына қол қойып, елімізде 2011 жылдың тамыз айынан бастап қолданысқа енгізілген бұл заңға сəйкес, əзірге жеке жəне заңды тұлғалар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық жəне өзге де құқық қатынастарынан туындайтын, сондай-ақ онша ауыр емес жəне ауырлығы орташа қылмыстар туралы істер бойынша қылмыстық сот ісін жүргізу барысында қаралатын даулар (дау-шаралар) медиацияның қолдану саласы болып табылады.
Егер медиация рəсіміне қатыспайтын немесе қозғауы мүмкін болған жағдайда, мұндай дауларға (дау-шараларға) медиация рəсімі қолданылмайды.
Тараптардың бірі мемлекеттік орган болып табылатын кезде, үшінші тұлғалардың жəне сот əрекетке қабілетсіз деп танылған адамдардың мүдделерін қозғаған кезде медиация рəсімі қолданылмайды. Одан басқа, сыбайлас жемқорлық қылмыстар жəне мемлекеттік басқару мүдделеріне қарсы өзге де қылмыстар туралы қылмыстық істер бойынша медиация рəсімі қолданылмайды.
«Медиация туралы» Заңға қол қойылуы жəне осы заңға байланысты елімізде жақын арада дауларды шешудің қосымша əдісі ретінде медиация тəсілі енгізілуінің басты мақсаты, дауды (дау-шарды) шешудiң медиацияның екi тарапын да қанағаттандыратын нұсқасына қол жеткiзу, тараптардың дауласушылық деңгейiн төмендету, судьялар жүктемесін жəне басқа да құқық қорғау органдарының жұмысын азайту болып табылады. Көбіне сот шешіміне бір ғана тарап қанағаттанады, екінші тарап сот шешіміне риза болмағандықтан істі апелляциялық, кассациялық жəне қадағалау сатыларында қайта қарауға өтініш береді. Аталған сатылардың əрқайсысының өзінің уақыт мерзіміне байланысты істерді қарауы бірнеше айларға, ал кейбір жағдайларда жылдарға созылып кетеді.
Медиация əдісі арқылы азаматтар уақыт пен қаржы шығындарын үнемдейді. «Медиация туралы» Заңы бітімгерлік рəсімдер (медиация) институтын ұйымдастыру жəне оның қызметінің тəртібін белгілейтін бірқатар баптардан тұрады жəне бітімгерлік рəсімдер институты қызметінің құқықтық негіздерін белгілейді жəне медиатордың (бітімгердің) қатысуымен дауларды шешу жөніндегі қатынастарды реттейді.
Медиатор (бітімгер) — тараптардың дауларын реттеу мақсатында олардың арасында бітістірушілік рəсімдерді (медиация) жүзеге асыратын дербес жеке тұлға. Басты қағида еріктілік жəне медиатордың тəуелсіздігі мен бейтараптылығы. Кез келген уақытта тараптар бітімгерлік рəсімдерді (медиация) жалғастырудан бас тартып, жалпы тəртіппен сотқа жүгінуіне болады. Медиатордың қызметі, кəсіби емес негізде (қоғамдық медиатор) жəне кəсіби негізде (кəсіпқой медиатор) болып екіге бөлінеді. Медиатордың негізгі міндеті – екі тарапты татуластырып, бітістіру, яғни талапкер мен жауапкер өзара келісімдері арқылы мəміле жасауы. Ол үшін ең алдымен жауапкер өз кінəсін мойындап, талапкермен келісімге келуі керек. 27-бапқа сəйкес медиацияны жүргізу кезінде медиация тараптары қол жеткізген дауды (дау-шарды) реттеу туралы келісім жазбаша нысанда жасалады жəне оған тараптар қол қояды.
Дауды (дау-шарды) реттеу туралы келісімді медиация тараптары ерікті түрде осы келісімде көзделген тəртіппен жəне мерзімде орындауға тиіс. Дау-шарды реттеу туралы келісім оған тараптар қол қойған күні ғана күшіне енеді. Қаймағы бұзылмаған, халқымыздың бірлігі жарасқан заманда, шыңыраулы түрме ұстамаған қазақ қоғамындағы неше түрлі даулы мəселелерді, екі ауыз сөзбен ғана шешкен дуалы ауыз билер болғанын тарихтан жақсы білеміз. Міне, енді «Медиация туралы» Заң қазақ халқының бүкіл əлемге үлгі етерлік, ұмытыла бастаған жақсы салт-дəстүрін қалпына келтіруге жасалған игі қадам десек те болады.
Ақмаржан ҚАЛЕКЕНОВА,
Ұлытау аудандық сотының бас маманы.