Майданда да, тылда да ерлік көрсетті

Оспан Тәтенұлы 1918 жылы қасиетті Ұлытау өңірінде дүниеге келген. Қарашаңырақ Қарсақбайдағы зауыт маңында бөгет салу жұмыстарын атқарып жүрген кезінде әскерге шақырылған. Ол кезде әскери борышын өтеу мерзімі үш жыл болатын. Үш жыл бойы Отан алдындағы парызын абыроймен өтеп, елге қайтамын деп жиналғанда, аяқ астынан Фин соғысы бұрқ ете қалады. Сөйтіп, фин соғысына қатысады. Сол соғыста талай қаруластарынан айырылады.

Ал, 1941 жылдың маусымында Гитлер Кеңестер Одағына қарсы соғыс ашқаны белгілі. Осылайша, Оспан әкеміз бір майданнан екінші майданға аттанады. Әкеміз небір сұрапыл шайқастарда майданның алғы шебінде жүрді, бірнеше рет жараланған. Дала госпиталінен емделіп, қайта соғыс өрті шарпыған майдан даласына қайтып, жауға қарсы шайқасты. Отан үшін сұрапыл соғыста көзсіз ерлік көрсетіп, батыр атанбаса да, бір жауынгердей жорық жолдарын өткеріп, жауды жеңуге атсалысты, етігімен қан кешті, бірнеше медаль және I дәрежелі Ұлы Отан соғысы орденімен марапатталды. 1944 жылдың 27 қаңтарында кезекті бір сұрапыл шайқаста жараланып, жарақатының ауырлығына байланысты госпитальге жіберілген жерінен, әскери бөлім басшылығының ұйғарымымен екі-үш ай елге демалуға, денсаулығын қалпына келтіруге жібереді.
Елге келгеннен кейін, аз уақыттан соң жау жеңіліп, көптен күткен Жеңіс күні де келіп жетеді. Туған жеріне балдақпен оралған әкеміз елдегі қиыншылықты, тылдағы ауыр жағдайды көрген соң, қол қусырып қарап отыра алмайды. Соғыста алған жарақатын, мүгедектігін желеу етпей, ешқандай жеңілдік сұрамай, колхоздың ауыр жұмысына араласып кетеді. Содан ауыл шаруашылығы саласында қарапайым қалпында малшы болып еңбек етеді. Ұлытау ауданы, Алғабас кеңшарының №1 фермасында Сарыбұлақ деген жерде ұзақ жылдар бойы табан аудармай мал бағып, сол жерден зейнетке шықты. Соғыс майданын еңбек майданына айырбастаған, қолындағы қаруын шопан таяғына алмастырған Оспан әкенің қажырлы еңбегі еленіп, «Құрмет белгісі» орденімен марапатталады. Ел құрметтісі атанды. Құдай қосқан қосағы Ақтамақ Есетқызымен екеуі 5 бала тәрбиелеп өсірді. Сарсубайы мен Жаңбырбайы әке жолын жалғап, мал шаруашылығымен айналысты, мен өзім көлік жүргізіп, зейнетке шықтым.
Бүгінде адал еңбегімен елге танылған Оспан Тәтенұлының әулетінде 13 немере, 15 шөбере бар, шаттығы шалқыған шаңырақ. Қос соғысты басынан өткеріп, еліне аман оралған, соғыс майдангерінен еңбек ардагеріне дейінгі жолды абыроймен жалғаған ардақты әкеміздің мәңгілік мекеніне аттанғанына да біршама жылдың жүзі өтсе де, ерлігі мен еңбегі жадымызда сақталып, ұрпағына үлгі болып қала бермек.

Қали ОСПАНҰЛЫ.