МАҢЫЗДЫ МІНДЕТТЕР НАҚТЫЛАНДЫ
Ұлытау облысының әкімдігінде Берік Әбдіғалиұлының төрағалығымен аппарат жиыны өтті. Отырыс алдымен Абай облысында өрттен қаза тапқан отандастарымызды бір минут үнсіздікпен еске алудан басталды. Іс-шараға қалалар мен аудандардың әкімдері, басқарма, департаменттердің басшылары қатысты.
Кеңес барысында Ұлытау облысы кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Ғазиз Төлеуовке өңірге инвестиция тарту бойынша жұмысты әлсіз үйлестіргені үшін сөгіс жарияланды.
Айта кетейік, 2023 жылдың қаңтар-сәуір айлары аралығында облысқа тартылған инвестициялар көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 31,6% — ға жоғары. Алайда, Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі облыс алдына қойған жоспарды орындау үшін бұл жеткіліксіз.
Ұлытау облысы қаржы басқармасы басшысының м.а. жасаған баяндамада белгілі болғандай, облыстағы 3 жобаның республикалық бюджеттен берілген қаражаты игерілмеген. Атап айтар болсақ, «САРЫ-АРҚА» МГ «Жезқазған» автоматтандырылған газ тарату станциясынан бастап, Жезқазған каласының газ тарату желілерін салу жобасы бойынша – 350 млн теңге, Жаңаарқа ауданының Бидайық және Байдалы би ауылдарындағы ФАП құрылысы жобасы бойынша – 59,4 млн теңге, Жаңаарқа ауданы Атасу кентіндегі ДСК құрылысы жобасы бойынша – 49,2 млн теңге түрлі себепке байланысты игерілмеген.
Одан бөлек жиында облыстың 2023 жылғы қаңтар-мамырдағы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы туралы баяндама жасалды. Ұлытау облысы экономика басқармасы басшысы орынбасарының мәлметінше бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша Жезқазған және Қаражал қалаларында құрылыс жұмыстарының көлемі төмендеген. Ал Сәтбаев және Қаражал қалаларында тұрғын үй пайдалануға берілген жоқ. Ұлытау ауданында аталған көрсеткіштер нөлге тең болып отыр.
Бұл факторлар – құрылыс көлемі бойынша облыс позициясының қатты нашарлауына алып келді. Осы орайда өңір басшысы құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасына, аудандар мен қалалардың әкімдеріне 111,5 мың ш.м. көлемінде барлық қаржыландыру көзі есебінен тұрғын үйді іске қосу жоспарын орындау жөнінде шаралар қабылдау, оның ішінде 2-тоқсанның қорытындысы бойынша 49,9 мың ш.м. жүргізілетін жұмыстардың сапасын бақылауды қамтамасыз етуді тапсырды.