Мақсұт АХМЕТОВ, аудандық аумақтық референдум комиссиясының төрағасы: «Тізімнен тексеру – заң талабы, азаматтық жауапкершілік»

2026 жылғы 15 наурызда өтетін республикалық референдум – ел өміріндегі маңызды қоғамдық-саяси науқан. Осыған орай, Ұлытау ауданында ұйымдастыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп, барлық референдум учаскелері талапқа сай дайындалды. Аудан тұрғындарының тізім бойынша өздерін алдын ала тексеруі – науқанның ашық әрі сапалы өтуінің басты шарттарының бірі.
Осы мәселе төңірегінде біз Ұлытау аудандық аумақтық референдум комиссиясының төрағасы Мақсұт Ахметовпен хабарласып, әңгімелескен едік.

– Мақсұт Қыздарбекұлы, әңгімемізді ауданның референдумға дайындық барысынан бастасақ.
– Ұлытау ауданында референдумға дайындық толық жүргізілді. Ауданда барлығы 6524 сайлаушы тіркелген. Бір аумақтық және 25 учаскелік референдум комиссиясы жұмыс істейді. Комиссия құрамында 132 адам бар. Учаскелердің 11-і білім беру ұйымдарында, 13-і мәдениет ошақтарында, 1-і колледж ғимаратында орналасқан. Барлық учаскелер қажетті материалдық-техникалық құралдармен қамтамасыз етілген. Ғимараттардың техникалық жағдайы талапқа сай. Қауіпсіздік, байланыс, жарық, жылу және санитарлық мәселелер толық қарастырылған. Комиссия мүшелері қашықтықтан оқытудан өтіп, тестілеуден өтті. Жалпы, аудан референдум өткізуге толық дайын.
– Қазір жер-жерлерде тұрғындар өздерін тізімнен тексеріп жатыр. Жалпы, осы азаматтардың тізімнен өзін алдын ала тексеруі не үшін маңызды?
– Бұл – өте маңызды мәселе. Референдумға қатысуға құқығы бар азаматтардың тізімі алдын ала жасалады. Әр азамат өз аты-жөнінің дұрыс енгізілгенін, тіркелген мекенжайының нақты көрсетілгенін тексеруі тиіс. Егер, қандай да бір қате немесе толық емес мәліметтер анықталса, оны дауыс беру күніне дейін түзету қажет. Уақытылы тексеру – азаматтың дауыс беру құқығын толық пайдалануына мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл шара дауыс беру күні туындауы мүмкін ұйымдастырушылық мәселелердің алдын алады. Тізімде жоқ болып қалу немесе деректердің сәйкессіздігі сияқты жағдайлар алдын ала анықталса, комиссия оларды заң талаптарына сай дер кезінде түзетеді. Нәтижесінде азамат учаскеге келген кезде уақыт жоғалтпай, еш кедергісіз дауыс бере алады. Тағы бір маңызды тұсы – бұл әр азаматтың өзінің азаматтық белсенділігін көрсетуінің алғашқы қадамы. Тізімді тексеру арқылы адам өзінің референдумға қатысуға дайын екенін білдіреді және ел өміріндегі маңызды саяси науқанға жауапкершілікпен қарайтынын көрсетеді. Сондықтан барлық тұрғындарды өз деректерін алдын ала нақтылап алуға шақырамыз.
– Тізімді тексерудің қандай жолдары бар?
– Ең алдымен, азаматтар өздері тіркелген мекенжай бойынша учаскелік референдум комиссиясына барып, сайлаушылар тізімімен таныса алады. Учаскелік комиссия мүшелері әр азаматқа қажетті түсіндірме беріп, деректерінің дұрыстығын тексеруге көмектеседі. Сонымен қатар, жергілікті атқарушы органның ақпараттық сервистері арқылы немесе электрондық үкімет порталы арқылы да мәліметтерді нақтылауға мүмкіндік бар. Бұл әсіресе уақыт тапшылығы бар азаматтар үшін өте қолайлы. Тізімдер белгілі бір мерзім аралығында учаскелерде танысу үшін ілінеді, сол кезде тұрғындар келіп, өздерін тексере алады. Егер, қандай да бір өзгеріс болса – мысалы, азамат жаңадан көшіп келсе немесе тіркелу мекенжайы өзгерсе – тиісті құжаттарын алып, учаскелік комиссияға жүгінуі қажет. Біздің мақсат – әр азаматтың тізімде болуын қамтамасыз ету. Сондықтан тексеру тәртібі барынша қолжетімді әрі түсінікті етіп ұйымдастырылған.
– Егер азамат тізімде жоқ болып шықса, не істеуі керек?
– Мұндай жағдайда азамат өзімен бірге жеке куәлігін алып, тіркелген мекенжайы бойынша учаскелік референдум комиссиясына жүгінуі қажет. Сол жерде тиісті үлгідегі өтініш жазылады. Комиссия азаматтың тұрғылықты жері бойынша тіркелгенін растайтын деректерді тексеріп, заңнама талаптарына сәйкес оны тізімге енгізу мәселесін қарайды. Егер, азамат жақында қоныс аударған болса немесе уақытша тіркеуде тұрса, соған байланысты құжаттары да қаралады. Барлық өзгерістер арнайы есепке алынып, түзетулер енгізіледі. Бұл жұмыстар дауыс беру күніне дейін жүргізіледі. Сондықтан азаматтарға соңғы күнді күтпей, алдын ала тексеріп алғаны дұрыс. Бұл біріншіден – уақытты үнемдейді, екіншіден – дауыс беру күні ешқандай кедергісіз өз таңдауын жасауға мүмкіндік береді. Біздің мақсат – бірде-бір азаматтың тізімнен тыс қалмауын қамтамасыз ету.
– Ауданда мүмкіндігі шектеулі азаматтардың дауыс беруіне қандай жағдай жасалған?
– Ауданда 27 мүмкіндігі шектеулі азамат тіркелген. Олардың ішінде арбамен қозғалатындар, көзі нашар көретіндер және есту қабілеті төмен азаматтар бар. Барлық референдум учаскелерінде олардың дауыс беруіне қолайлы жағдай жасалған. Кіру жолдарына пандустар орнатылған, ғимараттардың қолжетімділігі қарастырылған, қажет болған жағдайда комиссия мүшелері тарапынан ұйымдастырушылық көмек көрсетіледі. Көзі нашар көретін азаматтарға арналған көрнекі материалдар, түсіндіру жұмыстары бар, ал есту қабілеті төмен азаматтарға ақпаратты жазбаша түрде жеткізу мүмкіндігі қарастырылған. Үйден дауыс беру қажет болған жағдайда заң талаптарына сәйкес, арнайы тәртіппен ұйымдастырылады. Біздің басты ұстанымымыз – кедергісіз қоғам қалыптастыру. Қоғамның әрбір мүшесі, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі азаматтар да, мұндай маңызды саяси науқандардан тыс қалмауы тиіс. Бұл – олардың конституциялық құқығы әрі біздің ортақ жауапкершілігіміз. Сондықтан, бұл мәселе аудандық комиссияның тұрақты бақылауында.
– Азаматтарға айтар тілегіңіз?
– Барлық аудан тұрғындарын референдумға дейін өз деректерін тізімнен тексеріп алуға шақырамын. Бұл – әр азаматтың азаматтық жауапкершілігі. Ал, 15 наурыз күні референдум учаскелеріне келіп, өз таңдауларын жасауы – ел болашағына деген бейжай қарамайтындықтың белгісі.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.