Мәртебесі биік мереке
2022 жылдан бастап 25 қазан – Республика күні ұлттық мереке ретінде қайта белгіленді. 1990 жылы осы күні Егемендік туралы Декларация қабылданып, Қазақстанның тәуелсіздікке алғашқы қадамы жасалынды. Дегенмен, елім деп еңіреп, жұртым деп жамырап, жан қиған қазағымыз ежелден еркіндік аңсаған. Сондықтан қазірге дейін Қазақстан көптеген қиындық жолдардан өтті деуге болады, себебі өзінің егемендігін, тәуелсіздігін жариялау үшін қаншама қаракөз апаларымыз, қаншама бозбала ағаларымыз кеудесін оққа тосты, жан кешті. Бүгінгі еліміздің егемендігі оңайлықпен келген жоқ.

Қазір Қазақстан әлемде жеке дара дербес ел екенін дәлелдей білді. Өзінің белгіленген шекарасы, діні мен тілі, мемлекеттік рәміздері мен ұлттық құндылықтары, мәдениеті мен салт-дәстүрі бар тәуелсіз зайырлы елге айналды.
Республика күні – бұл күнді сан ғасырлар бойы бабаларымыз аңсап, найзаның ұшымен, білектің күшімен тәуелсіздікке қол жеткізді.
Республика күні – нағыз қазақтың кеудесі қуанышқа толы, халықтың думандатып тойлайтын, мерекелік көңіл-күй орнайтын, сыйлайтын айтулы күні.
Тарихымыз шежіреге толы, байлығымыз жер астында, қазақтың байтақ даласында Менделеев кестесінің 99 элементтері орналасқан. Ауыз толтырып айтатындай, біздің байлығымызға бүгінде бүкіл әлем қызығады әрі көз тігеді. Қазір жерімізде ынтымағы жарасқан өзге ұлт өкілдері тұрады. Дүниежүзі елдерімен достығымыз жарасқан, бірлігіміз біте қайнасқан. Құшағымыз қай кезде де айқара ашық, шекара сыртында шетел асып жүрген өз қандастарымызды да сыртқа теппей, бәрін де жылы қарсы аламыз. Қазақтың кең байтақ жері – қандай кең болса, көңілі де – дарқан даланың кеңдігіндей! Өзге елдің озық тұсымыз да осы болып тұр.
Қазақстан тәуелсіз мемлекет болып алға шыққаннан кейін, өзіміздің Туымыз, Елтаңбамыз, Әнұранымыз бекітілді. Осы қасиетті рәміздердің мәнін, Республика мерекесін бүгінгі және болашақ ұрпақ жіті түсініп, бағалай білуі қажет.
Тәуелсіздік ата-бабаларымыздың ерен еңбегінің нәтижесі болғанын әрдайым есте ұстаған жөн. Олардың ұрпақтары ретінде біздің алдымызда Қазақстанның тәуелсіздігі мен егемендігін сақтау мен нығайтудың жоғары мақсаты тұр.
Республика күні – еліміздің басты ұлттық мерекесі. Биыл біз оны осы мәртебеде үшінші мәрте атап өтіп отырмыз.
Республика күні – халықтың бірлігі күні деп сеніммен айтуға болады. Бұл күні Қазақстанның туы егемендік пен тәуелсіздікке ұмтылған Қазақстан халқының бірлігін бейнелейтін бүкіл елді сипаттайды. Республика күні тарихи дамудың жаңа кезеңінде бүкіл халықты біріктіретін мереке болуға арналған.
Ақнұр ДОМБАЕВА,
Ұлытау аудандық сотының сот
әкімшісінің басшысы.
