МӘМС: ӨЗІН-ӨЗІ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТЫҒАНДАР 1 ЖЫЛ АЛҒА ТӨЛЕЙ АЛАДЫ

Бүгінде Ұлытау облысында 220 мыңнан аса адам тұрса, оның 25 мыңы медициналық сақтандыру жүйесінен тыс қалуда. МӘМС жүйесінде мәртебесі жоқ азаматтардың қатарын Ұлытау ауданының 804 тұрғыны толықтырып отыр.

Аудандағы сақтандырылмағандардың 65-і – жеке кәсіпкер, 35-сі азаматтық-құқықтық сипаттағы келісімшарт бойынша табыс табатындар болса, тағы 475 жұмыскер үшін жұмыс беруші ай сайынғы МӘМС аударымын уақытылы аудармаған. Сонымен қатар, 219 тұрғынның жарна мен аударымы мүлде жоқ.
Аудандық әкімдіктің мәліметіне сүйенсек, соңғы санаттағылардың көбісі үй шаруасындағы әйелдер мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандар. «Олар дәрігердің кеңесі мен көмегінсіз қалмауы үшін не істеуі қажет?» деген сұрақтың жауабын медициналық сақтандыру қорының облыстық филиалынан сұрап білдік.
МӘМС жүйесінің қатысушысы болу үшін тұрғынның 12 ай үздіксіз аударымы болуы шарт. Алайда, сақтандырылмаған азаматтардың көпшілігі медициналық сақтандыруға тұрақты түрде жарна төлемейді. Тиісінше, оларда медициналық қызметтерге толық қолжетімділік жоқ. 12 айға төлемді дұрыс жасаған азаматтарға 3 күннің ішінде «сақтандырылған» мәртебесі беріледі.
–Бізге «Мәртебем қашан іске қосылады? Мен 1 жылға толық төлеп шықтым ғой» деп хабарласатын азаматтар жетерлік. Мән-жайды анықтай келе, олардың шатасып немесе қате төлем жасағаны анықталады. Сол себепті төлем жасамас бұрын барлығын нақтылап алған жөн», – дейді филиалдың халықты ақпараттандыру және өтініштерді қарау бөлімінің жетекшісі Диана Оразалина.
Дербес төлеушілер төлем жасаған кезде әр түрлі қате жібереді. Біреулер бір жылға бір төлеммен төлеп тастайды. Енді біреулер осы жылдың қаңтарынан желтоқсанға дейін немесе ағымдағы айдан жыл соңына дейін төлеп шығады да сақтандырылған мәртебесі берілмеді деп хабарласады. Дұрысы, алдағы 1 жылға төлем жасағысы келсе, ағымдағы айдан бастап барлығы 12 айға жеке жеке әр айды, жылын көрсетіп төлеу керек. Басқа мерзімге шатасып төлеп қойған азаматтар ақшасын қайтарып ала алады. Ол үшін «Азаматтарға арналған Үкімет» Мемлекеттік корпорациясына өтініш жазып, түбіртектерді қоса тапсыру қажет.
Тағы ескеретін жайт, егер ағымдағы айдың аяқталуына шамалы күндер қалса немесе осы айда медициналық көмекке жүгінуді жоспарламасаңыз, келесі айдан бастап төлем жасаған жөн. Яғни, 2024 жылдың маусым айынан 2025 жылдың мамыр айына дейін төлеп шыға аласыз. Пациент бір жыл бойы сақтандырылған болады.
Естеріңізге сала кетсек, дербес төлеушілер әр айды жеке-жеке 4250 теңгеден (12 айға 52 мың теңге) төлеуі қажет. Төлем коды – 122.
МӘМС жарналарын екінші деңгейдегі кез келген банктердің мобильді қосымшалары, жылдам төлем терминалдары және «Қазпошта» филиалдары арқылы төлеуге болады.
МӘМС шеңберінде әрбір сақтандырылған адам аударған жарна мөлшеріне қарамастан, медициналық көрсеткіштері болса, барлық көмекті толық көлемде алуға құқылы.
Құрметті оқырман, сіздің тағы да сұрақтарыңыз болса немесе медициналық көмек алуда қиындықтар туындаса, өз емханаңыздағы «Пациенттерді қолдау қызметіне» жүгініңіз. Ал ол жерде мардымды жауап ала алмасаңыз, 8 (7102) 99-61-63 телефоны арқылы байланыса аласыздархабарласыңыз.

Өз тілшімізден.