МӘМС: ЖАРНАДАН БОСАТЫЛҒАН КӘСІПКЕРЛЕР

Ұлытау облысында МӘМС жүйесінде сақтандырылмаған 1974 жеке кәсіпкер бар. Өз кәсібін дөңгелетіп, табыс тапқандардың жүйеден тыс қалуының басты себебін медициналық сақтандыру қоры филиалының мамандары ашық айтты.

Жеке кәсіпкерлер көп жағдайда МӘМС жарнасынан босатылғанмын деп ойлап, артынша сан соғып қалады екен. Олардың қатарына төрт-бес балалы аналарды, мүмкіндігі шектеулі бала бағатындарды, декреттегі аналарды жатқызуға болады.
МӘМС туралы заңға сәйкес «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр Ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көп балалы аналар ғана жарна төлеуден босатылған. 4-5 баласы барлар өкінішке орай бұл жеңілдікке ілікпейді.
Декреттегі аналар жеке кәсіпкерлігін салық органдарында ресми түрде тоқтатпайынша жарна төлеуге міндетті. Яғни біздің елде жеңілдік санатына кәсіпкерлік немесе еңбек қызметін жүзеге асырмайтын, табысы жоқ әйелдер кіреді. Олар баласы 3 жасқа толғанға дейін мемлекет тарапынан сақтандырылған.
Отбасында мүмкіндігі шектеулі баласы бар жеке кәсіпкерге де жеңілдік қарастырылмағанын айта өту керек. Жеңілдікке мүгедек бала бағып отырған жұмыссыз адамдар ғана ие.
Естеріңізге сала кетсек, жеке кәсібі бар зейнеткерлер, студенттер мен мүгедектер де МӘМС жарнасын төлеуден босатылған.

Өз тілшімізден.