МӘМС: Оңалту қызметтері балалар мен ересектер үшін қолжетімді
Медициналық оңалту – аурулар мен жарақаттардан кейін сауығуға апаратын маңызды кезеңдердің бірі болып табылады.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі (МӘМС) еліміздің азаматтарына сапалы медициналық қызметтерге қолжетімділікті қамтамасыз етеді. Бұл жүйе диагностика, емдеу және, әрине, оңалтуды қамтиды.
2025 жылдың сәуір айынан бастап өзінің ерекше қалпына келтіру және оңалту әдістемесімен танымал «Жезқазған медициналық орталығы» ЖШС жанындағы Доктор Бубновский орталығы үшінші кезеңдегі медициналық оңалту қызметтерін амбулаториялық-поликлиникалық жағдайда көрсету үшін Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен келісім-шарт жасады. Бұл — ауыр аурулар мен жарақаттардан кейін қалпына келуді қажет ететін науқастар үшін сапалы медициналық көмекке қолжетімділікті арттыратын маңызды қадам.
Оңалту орталығы инсульттан кейінгі, буынды эндопротездеуден, травматологиялық және кардиологиялық операциялардан кейінгі пациенттерге қызмет көрсетеді. Мұнда физиотерапиялық процедуралар, массаж, емдік дене шынықтыру, сондай-ақ Бубновскийдің арнайы жаттығу құралдары арқылы қол мен аяқтың қозғалыс қабілетін қалпына келтіру жүргізіледі.
МӘМС аясындағы оңалтудың артықшылықтары айқын. Біріншіден, ол емделу мен оңалтуға кететін шығынды үнемдеуге көмектеседі, екіншіден, бұл пациенттердің өмір сапасын жақсартып, сауығу мерзімін қысқартады. МӘМС арқылы оңалту алу үшін азаматтар өздерінің емдеуші дәрігеріне жүгініп, оңалтудың қажеттілігін анықтап, тиісті жолдама алуы қажет.
Жыл соңына дейін осы орталықта МӘМС шеңберінде 30 бала мен 440 ересек азаматқа оңалту қызметін көрсету жоспарланып отыр.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Ұлытау облыстық филиалының баспасөз қызметі.