МӘМС МҮМКІНДІКТЕРІ: БАЛАМ ҚАДАМ ЖАСАҒАНДА МӘЗ БОЛДЫҚ
Ертеректе оңалту орталықтарына церебралды паралич, яғни сезімталдығы мен түйсіну қабілеті, сонымен қатар, қимылдау жүйесі бұзылған, интеллектуалды дамуында ақауы бар, Даун синдромымен ауыратын балалар ем алса, қазір оңалту бағдарламасы аяқ-қолын сынған, сөйлеуі кешуілдеген, жүруге, отыруға талпынбайтын балғындарға да қарастырылған. 2018 жылдан бастап әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының жеткізушісі саналатын «АураМед» оңалту орталығында жыл басынан 316 бала емделді. Бүгін біз орталыққа барып, ондағы емделушілерді сөзге тарттық.
– Егіздерімнің кенжесі Исмат жүруге асықпады. 1 жас екі айында тіпті еңбектемеді. Содан орталыққа портал арқылы ақпан айында жатқызылдық. Алған емнің арқасында ұлым жүгіріп кетті. Қазір екінші мәрте келіп, ширату емін жалғастырып жатырмыз. Бізге мұндағы ем, атмосфера, ақ халаттылардың көңілі қатты ұнайды. Балалар әр кабинетке үлкен құлшыныспен кіреді. Бастысы – медициналық қызметтердің барлығы тегін. Бұл ата-аналарға деген зор көмек деп білемін. Өйткені, оңалту емін екінің бірі ақылы ала алмайды, – деп ағынан жарылған Фатима Кенжебекқызы барша ата-аналарды бала денсаулығында кінәрат байқалса дереу маман көмегіне жүгінуге шақырды.
Шынында, өмір үшін күресте әрбір минут, тіпті секунд қымбат.
Естеріңізге сала кетсек, балалар мемлекет тарапынан сақтандырылыған. Оларға МӘМС тізіміне кіретін барлық медициналық қызметтер, соның ішінде оңалту да қолжетімді.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Ұлытау облыстық филиалының баспасөз қызметі.