«Мәңгілік ел» идеясы – ұлт мұраты

Еліміздің келешекте өркендеп дамуына бағытталған мемлекеттік бағдарламаларды ыждаһаттылықпен жүзеге асыру – Ұлытау аудандық архивінің жұмыс жоспарындағы басты міндеттерінің бірі. Архивтің ел өмірінде алатын орны ерекше екенін соңғы жылдары осы бағытта ұйымдастырылған іс-шаралардан байқауға болады.

«Мәңгілік Ел» идеясын жүзеге асыру мақсатында туған өлкенің тарихы зерттелуде, ауданның дамуына қомақты үлес қосқан аудан тұрғындарының өмір жолы мен қызметі зерделенуде. Архивтік деректерді жинақтау, оларды көшіру, көбейту, сақтау, келер ұрпаққа табыстау жұмыстары жасалуда. Мекеме мамандары үздіксіз білім алу үрдісін сақтап, мерзім сайын архив ісі бойынша біліктілігін арттыру курстарына қатысуда. Бүгінгі таңда архивтің материалдық-техникалық базасын жетілдіру мен жаңғырту мақсатында демеушілер табу, ынталы азаматтарды тарту мәселесі – күн тәртібінде. Маңызды салаға жұртшылықтың қызығушылығы мен сенімін нығайту мақсатында түрлі іс-шаралар ай сайын өткізіліп келеді.

Архив – белгілі бір кезеңдердегі елдің тынысын, тіршілігін танытатын жылнама. Ол қаншама құнды деректерді сақтап, ел қамын жеген талай ауыл азаматтарының ерен еңбектері мен қызметтегі жетістіктерінен хабардар етеді. Сондықтан Ұлытау ауданының қалыптасу жылдарындағы тұрмысына, әлеуметтік-экономикалық жағдайына байланысты құжаттардан Ұлытау ауданының жылнамасын тізу қолға алынды. Жергілікті «Ұлытау» газетінде «Өңірдің өркендеу шежіресі» атты айдармен арнайы бағана ашылып, Ұлытау ауданының құрылу және қалыптасу шежіресін сипаттайтын 34 мақала жарық көрді.

«Архив-2025» бағдарламасы бойынша құжаттарды сандық форматқа (оцифровка) көшіру жұмыстары жалғасын табуда. Енді архив ақпараттары әлемнің төрт бұрышына қолжетімді болып, қолданушылар аясы кеңейеді. Сандық форматқа көшу – құжаттарды сақтау мен пайдалануды оңай және жылдам жүзеге асыратын оңтайлы тәсіл. Сол арқылы ақпараттарды сақтау қауіпсіздігі артып, оларды іздеу жұмысы жеңілдетіледі.

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында архивтің жеке тектегі қорында ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан Ағайынбек Бабатаев, Байқара Тұрсынбаев, Жақия Бимағанбетов және тағы да басқа тұлғалы азаматтардың қызмет барысында жинақталған құжаттарынан «Елінің елеулі азаматтары – ұрпаққа үлгі» атты интернет-көрме өткізілді. Азаматтардың жеке құжаттары – архивтің құнды тарихи көзі. Олардың әрбірінің жеке өмірі арқылы көптеген оқиғалар мен деректерді зерделеп, сол кезеңдердегі ауданның даму үдерісіне көз жүгірте аламыз. Жеке қор бір адамның өмір нәтижесі және қызметі барысында жинақталған құжаттарды құрайды. Бұл қорлар қор құрушының өмір сүрген уақытын сезінуге, жеке тұлғаның дара қасиеттерін тереңірек түсінуге септігін тигізеді.

Тарих беттерінен сыр шертетін жеке тектегі құжаттарда 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне қатысушы Дүйсенбек Байболовтың құжаттары жинақталған. Ел басына күн туған кезде өзінің азаматтық үнін қосқан жерлесіміздің құрметіне арнайы көрме ұйымдастырылды.

«Мәңгілік Ел» бағдарламасы бойынша архив қызметкерлері жаңа әліпбиге көшудің қаншалықты маңызды екенін түсініп, бірауыздан қолдау көрсетуге дайын екендіктерін аңғартты. Жаңа әліпби жобасымен танысу мақсатында өткізілген тренингке белсене қатысты. Диакритикалық белгілердің қойылу тәртібі, олардың ерекшеліктері жайлы ақпарат берілді, түрлі тапсырмалар бойынша жұмыстар жүргізілді.

Аудандық архивте сақталған құнды жәдігерлердің бірі – майдангер Жүніс Құлжановтың жеке тектегі қоры. Ұлы Отан соғысы кезінде майданнан келген хат Қарағанды облысы, Ұлытау ауданы, Айыртау ауылы, №5 мекен-жайына жолданған. Сағынышқа толы сарғайған үшбұрышты хат елде қалған жары Балтайға, бауырларына жазылған. Өкінішке орай, хат иесі елге оралмай, ұрыс даласында қаза тауыпты. Архивте елін сүйген жауынгерге арнайы көрме жасақталып, жыл сайын көпшілік назарына ұсынылуда.

Сондай-ақ, архивте Ұлы Отан соғысы кезінде Жезді марганец кен орнында еңбек еткен жеке адамдардың тағдыры мен өміріне қатысты құжаттар сақталған. Бұл құжаттар – ғылыми-зерттеу жұмысына қажетті құнды деректерге толы.

Ұлытау ауданының мемлекеттік архив қызметкерлері «Қайырымдылық істер» жобасы аясында Ұлытау селосының көпбалалы отбасы мүшелері мен әлеуметтік қолдауға мұқтаж отбасы мүшелеріне қаржылай көмектер көрсетіп келеді.

Архив қызметкерлері – тарихымыздың тамыры іспетті құнды құжаттардың шынайы жанашырлары. Жүз мыңдаған, тіпті, миллиондаған ақпараттық қазынамен жұмыс істейтін архив басшысы Гүлмира Рыспаеваның жетекшілігімен Елдос Кенжеғали, Қарлығаш Ізтілеуова, Әсемгүл Әбдірайым, Гүлжанат Бекмурзина секілді архив мамандары ел мүддесі үшін аянбай еңбек етіп келеді. Ал қазіргі жаһандану заманында мәселе ақпараттың көлеміне емес, онымен жұмыс істей білудің, өңдеудің, сақтаудың жолдарын қарастыру сапасына келіп тіреледі. Сол себепті, қазіргі архив қызметкерлеріне жаңа технологияларды меңгеру басты міндет болып отыр.

Алдағы уақытта Ұлытау ауылының көше атауларына байланысты архив құжаттарынан жинақ басып шығару ісі қолға алынбақ. Архивте біріккен қор ашу – кезекте тұрған мәселе. Мақсат – мұғалімдердің, дәрігерлердің, механизаторлардың және басқаларының құжаттарын мамандықтарына сай сұрыптау.

Ұрпақ сабақтастығы – халқымызда қалыптасқан дәстүрлі үрдіс. Архивте бір әулеттің шежіресін сақтауға болады. Өкініштісі, ұрпақ үшін ата-бабаларының құжаттары мен өміріне қатысты деректердің тек көшірмелері ғана өткізілуде. Түпнұсқаларын сақтауға архив кепілдеме беретініне күмәнданатын жайттар да жиі кездеседі.

Жергілікті халықпен тығыз байланыс орнатып, әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдары арқылы архивтің тыныс-тіршілігімен таныстырып отыру – бүгінгі заман талабы.

 Бибі-Жар ДӘРКЕНБАЕВА,

Ұлытау ауданы мемлекеттік архивінің архивисі.