Мәдениет – өркениеттің бастауы

Мәдениет пен өнер – ұлттың жаны, қоғамның рухани тірегі. Осы жолда өнер көшін ілгері жылжытып жүрген мәдениет майталмандарының орны бөлек. Бүгінгі күні аудандық мәдениет үйіне қарасты 3 кент пен 12 ауылдық округтерде 15 клуб үйі бар. Олардың өткен жылғы және биылғы жылғы жетістіктерін тізіп айтсақ, аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары үшін 2024 пен 2025 жыл жеңісті жыл болды.

Ең бастысы, мәдениет үйінің қызметкерлері халықтың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында әр мазмұндағы түрлі форматтағы кештер ұйымдастырып отырды. Сонымен қоса, мәдениет қызметкерлерінің кадрлық потенциалын көтеру, үздік қызметкерлерді ұлықтау, оларды дәріптеу және еңбектерінің маңыздылығын арттыру бағытындағы жұмыстар үзбей жүргізіліп отырылады. Аудандық мәдениет үйінің қолдауымен көркемөнерпаздар өнерін дамыту мақсатында ауданның өнерпаздары мен ұжымдары, талантты, өнерлі жастардың бірқатары облыстық, республикалық, халықаралық байқаулар мен фестивальдерге қатыстырылды. Өткен жылы Халықаралық «ALASH STAR» көпжанрлы өнер байқауына аудандық мәдениет үйі жанынан құрылған домбыра үйірмесі мен ауылдық клуб үйлеріндегі көркемсөз үйірмесінің жеткіншектері қатысып, бірінші орын алды. Сол жолы Ажар Майтон домбыра аспабында өнер көрсетіп, жүлделі бірінші орынға иеленді. Досымжан Жанаділов пен Ақерке Әділбек те бірінші орын биігінен көрінді. I облыстық «Ұлытау жұлдызы» балалар шығармашылық фестивалінде «Ұлттық дәстүрлі ән» номинациясы бойынша Қоскөл ауылдық клуб үйі жанынан құрылған «Домбыра» үйірмесінің домбырашысы Ибраһим Шүкір жоғары марапатқа ие болып, сыйлыққа қазақтың үкілі домбырасын алды.
Бұдан кейін аудандық мәдениет үйі жанынан құрылған «Домбыра» үйірмесінің «Ұлар» ансамблі Алматыда өткен «Бала шабыты» халықаралық шығармашылық өнер байқауында Секен Тұрысбековтың «Көңіл толқыны» күйін нақышына келтіре орындап, Бас жүлдеге иеленсе, 11 жастағы өрендер халық күйі «Салкүреңді» орындап, бірінші орынды еншіледі. Өткен жылдың қазан айында мәдениет үйінің «Ұлытау сазы» фольклорлық ансамблінің көркемөнерпаздар ұжымы ІІ облыстық «Ұлы дала өнері» байқауында «Үздік фольклорлық ансамбль» номинациясына иеленіп, 200 мың теңгелік сертификатқа ие болды.
Ал, 2025 жылдың үлкен жетістігінің бірі – Жезқазған қаласында өткен облыстық әжелер ансамблі байқауында Ұлытау ауданының «Асыл әжелер» ансамблі бірінші орын алды. Аймақтық Ақмарал Әлтаева атындағы «Арқа аруы-2025» байқауында Байқоңыр ауылының аруы Дильназ Бағдат «Көрермен көзайымы» номинациясына иеленді.
Аудандық мәдениет үйі жанынан құрылған халықтық «Тау гүлі» хорының 50 жылдығына арналған мерейтойлық кездесу кеші ұйымдастырылды. Ұлттық құндылықтарды дәріптеу мақсатында Абай Құнанбаевтың 80 жылдығына орай «Пай-пай, қазақтың келіндері-ай» атты аудандық байқау ұйымдастырылып, халық көңілінен шықты. Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналып, патриоттық әндерден әуесқой әншілердің арасында «Екі жұлдыз» байқауы ұйымдастырылды. Ел ішіндегі өнерлі жандардың дарынын сынға салатын «Екі жұлдыз» байқауына ұсынған мәдениет үйінің бағдарламасы үш кезеңді қамтыды. Байқауға 8 өңірден өнерлі жұптар қатысып, өнер додасының мәртебесін асқақтатты. Алдағы күндерде де әр тақырыпта өтетін түрлі іс-шаралар жоспарға енгізіліп отыр. Соның негізгісі «Әнші балапан», «Күміс қоңырау» байқаулары. Бұл байқаулар аудандық деңгейде өтетін маңызды сайыстар. Оған кенттер мен ауылдық округтерден балғын өнерпаздардың қатысуын талап етіп отырмыз. Жерлесіміз ұлытаулық сазгер Батырлан Баймағанбетовке арналған еске алу кешін өткізу де жоспарда бар.
Жалпы айтқанда, өнерімен мәдениет арқылы ұлттың бет-бейнесін, рухани болмысын, ақыл-ойын, парасатын айқындауға болады. Өркениетті ұлт, ең алдымен, тарихымен, мәдениетімен, ұлы тұлғаларымен, үлкенді-кішілі үлесімен мақтанады. Біз де бүгін аудандық мәдениет үйіне қарасты өнерпаздарымыздың шыққан биігі мен жеткен жетістіктері арқылы мақтана аламыз. Осы мәдениет және өнер қызметкерлерінің мерекесі аясында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен мәдениет саласына сіңірген еңбегі үшін Егінді ауылдық клуб үйінің меңгерушісі Гауһартас Жүнісова «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Бұл аудандық мәдениет үйі үшін үлкен мәртебе, үлкен жетістік.

Гүлжан КӨПЕЕВА,
Ұлытау аудандық мәдениет үйінің директоры.