Ұлытаудың ұлы – әлем чемпионы

Индонезия мемлекетінде спорттық және жауынгерлік самбодан жастар арасында өткен Әлем чемпионатында Ұлытау өңірінің тумасы, 98 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен Абылайхан Алшымбек алтын жүлдені жеңіп алып, әлем чемпионы атанды. Бұл – тек жеке спортшының емес, тұтас Ұлытау облысының мерейін үстем еткен зор жеңіс!

Жарысқа әлемнің түпкір-түпкірінен келген үздік спортшылар қатысып, жеңіс тұғырына шығу үшін бар шеберліктерін көрсетті. Сол додада қазақ елінің намысын қорғаған Абылайхан қарсыластарын айқын басымдықпен ұтып, шешуші кездесуде де қарсыласын тізе бүктірді. Сөйтіп, Индонезия аспанында көк байрағымыз көтеріліп, Қазақстан Республикасының Әнұраны шырқалғанда, күллі қазақ жұртының кеудесін мақтаныш кернеді.
Абылайхан Алшымбек — спорттық жолын жас кезінен бастап, табандылығы мен еңбекқорлығының арқасында халықаралық деңгейге жеткен жас талант. Бүгінде ол Жезқазған қаласындағы «Чемпион» спорт клубында жаттығып жүр.
Жетекшісі әрі жаттықтырушысы Береке Отыншин оны 2012 жылдан бері жаттықтырып келеді.
– Абылайхан жаттығуда ешқашан жеңіл жол іздемейтін. Талабы мен төзімділігінің арқасында осындай биік шыңды бағындырды. Бұл жеңіс – оның ғана емес, бүкіл елдің жеңісі, – дейді бапкері.
Абылайхан Алшынбек Азия чемпионы атағын алған жас спортшы. Жиырмаға толар-толмас шағында Қазақстан Республикасының самбодан спорт шебері атағын алған. Енді міне Әлемдік додада да топ жарып отыр.
Спортшының ата-анасы да ұлдарының жеңісі туралы жаңалықты зор қуанышпен қабылдады. «Баламның жеңісі – еңбектің, намыстың жемісі. Ұлытау елінің атын әлемге танытқанына ризамыз, – дейді олар.
Ал, Ұлытау облыстық спорт басқармасындағылар «Абылайханның жеңісі – біздің өңіріміздегі жас спортшыларға үлкен мотивация. Мұндай табыстар Ұлытаудың спорттық рухын күшейтіп, халықаралық аренада еліміздің беделін арттыра түседі», – дейді.
Бүгінгі таңда Алшымбек Абылайхан келесі жарысқа ересектер арасындағы Азия чемпионатына және әлемдік Гран-при турниріне дайындық үстінде. Ұлытау жерінен шыққан осындай өр мінезді, намысты ұландардың табысы – өңірдің мақтанышы, елдің қуанышы.

Досан ДУЛЫҒАЛЫ.