Ұлытаудан шыққан рухани шипагер
Бақберген Аяшұлы 1955 жылы 10 мамырда Ұлытау ауданының Ұлытау ауылында дүниеге келген. Қайыспай тегінен тарайды. 1973 жылы Ұлытау селосындағы орта мектепті тәмамдап, 1974–1976 жылдары Кеңес армиясы қатарында әскери борышын өтеген. Одан кейінгі жылдары аудандағы жоғары кернеулі тоқ жүйесі мекемесінде еңбек жолын бастап, осы салада ұзақ жыл елге адал қызмет етті.

Алайда, оның өмір жолындағы ең басты бетбұрыс – ата-бабадан дарыған қасиетті емшілік жолы болды. 1980 жылдан бастап табиғи дарынмен халықтық емшілікті қолға алған Бақберген Аяшұлы бүгінде 40 жылдан астам уақыттан бері осы салада қызмет етіп келеді.
Бақберген Аяшев – терең рухани ізденіс пен табиғи дарынның тоғысқан тұсындағы тұлға. Ол емшілік, рухани шипагерлік, бақсылық, сыншылық, болжампаздық және биоэнергетикалық қасиеттерге ие тәжірибелі маман. Адам ағзасындағы жүйке, буын, ішкі құрылыс, тіл мен көз тию секілді дерттерге халықтық тәсілдер арқылы ем қолданып, талай жанның сауығып кетуіне себеп болған.
– Адамның бойындағы рухани және денелік қуат біртұтас. Сол тепе-теңдік бұзылса, ауру пайда болады, – дейді шипагер. Осы қағидаға сүйенген ол ем барысында биоқуат, дұға, аруаққа жалбарыну, табиғи тастар мен шөптерден жасалған емдік әдістерді қолданады.
Бақберген Аяшұлы – Қазақстан халық емшілері қауымдастығының белсенді мүшесі әрі оның емшілер мектебінің түлегі. 1992 жылы қауымдастықтың «Емші» куәлігін алған. Кейіннен республикалық деңгейдегі форумдар мен семинарларға қатысып, өз тәжірибесін бөлісіп келеді.
2006 жылы Алматыда өткен қауымдастықтың жиынында №5 хаттамасы негізінде ресми түрде қауымдастық мүшелігіне қабылданып, №209 куәлігі табысталды. Ол бірнеше мәрте ҚР халық емшілері қауымдастығының президенті, академик Зиядан Қожалымовтың марапаттарына ие болған. «Шипагер Өтейбойдақ» медалімен, Мақтау қағаздары және Құрмет грамоталарымен марапатталған.
Жезқазған қаласында құрылған Қарағанды облыстық халық емшілері қауымдастығының аймақтық төрағасының орынбасары ретінде де табысты қызмет атқарған. «Бірлік пен келісім» форумдарында баяндамалар жасап, халықтық шипагерлікті насихаттауға зор үлес қосты.
Шипагердің айтуынша, емшілік қасиет оған тектен дарыған. Апасы – Разия Аяшқызы да емшілік қасиетімен елге танылған. Ол да Қазақстан халық емшілері қауымдастығының мүшесі болған. Отбасындағы басқа туыстарының арасында да емшілік жолын ұстанған жандар бар. Ал арғы атасы Апыр батыр – Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесі маңына жерленген.
Ұзақ жылдар бойы халық емшілігімен айналысып келе жатқан Бақберген Аяшұлының есімі бүгінде елге танымал. Оның емделушілері тек Ұлытау мен Қарағанды өңірінен ғана емес, Қазақстанның әр түкпірінен келіп жатады. Ол басқарып отырған «Сапар ата – Тана ана» рухани-сауықтыру орталығы – елге рухани дем беріп жүрген шипагерлік мектептің бірегейі.
Шәкірттері арасында Венера Тәттімбет, Ләззат Байсабекова, Айгүл Қуанышбаева сынды жас шипагерлер бар. Олар ұстаз жолын жалғастырып, халыққа ем дарытып жүр.
Бүгінде 70 жасқа толып отырған Бақберген Аяшұлы тек шипагер ғана емес, рухани тақырыпта қалам тербеп жүрген ақын. Оның «Сапар ата өсиеті», «Міне, осы жандар болғанда», «Боралдар бұрқағы» атты өлеңдері мен рухани жырлары халық арасында кеңінен тараған.
Рухани және физикалық тазалықты ұштастырып, емшілік дәстүрдің қадірін ұлықтап жүрген Бақберген Аяшұлы – Ұлытаудың, жалпы қазақ халқының мақтанышы. Ол ата-баба аманатына адалдықпен қарап, шипагерлік пен имандылықтың ұлт руханиятындағы орнын айқындап келеді.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.
