Ұлытауда түсірілген бейнебаян

Ұлт бесігінде бейнетаспаға түсірілген жаңа ән «Ұлытауым – ұларым» деп аталады. Тың туындының сөзін жазған – ақын, жазушы Мұханбетжан ӘБІЛҰЛЫ, әнін жазған – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, дүлділ әнші Ғалым МҰХАМЕДИН.

Жалпы, атақты әнші Жүсіпбек Елебековтың шәкірттерінің бірі, өзінің де есімі елімізге кеңінен танымал әнші Ғалым Мұхамедияұлы бұған дейін үш ән жазған болатын. Олар – ақын Сайлаухан Нәкеновтың сөзіне жазылған «Сарыарқа», Кетбұқа бабаның атақты «Сақ болғын» өлеңіне және Базарбай Әлеуханұлының сөзіне жазылған «Шоң» әндері. Өзін композиторлар қатарына қоспаса да, Ғалекеңнің бұл әндері халықтың жүрегінен жылы орын тепкенін атап айта кетуіміз керек.

Бейнебаянға негіз болған әннің мәтінін шығарған Мұханбетжан Әбілұлы – Ұлытау-Жезқазған өңірінде, облыс орталығы Қарағанды қаласында ұзақ жылдар қаржы саласының қызметкері болып жемісті еңбек еткен азамат. Зейнет демалысына шыққалы шығармашылықпен өнімді түрде айналысып келеді. Бұған дейін оның қаламынан туған «Арғанаты – ата жұртым», Ұлытау ауданында өзі басқарған шаруашылықтарды алға сүйреп, білікті басшы атанған Әліпбек Бекетаев туралы «Дала академигі» кітаптары жарық көрген.

Туындыда ән мәтіні авторының туған жерге деген перзенттік іңкәр сезімі, Жошы ұлысы – Алтын Орда империясы туын тігіп, қадасын қадаған, одан бергі уақыттарда да Ұлы Даланың бастан кешкен небір қилы тарихының қарт куәгері киелі Ұлытаудың қадір-қасиетіне сүйіспеншілігі өріліп отырады.

Бейнебаянның сценарийін түзіп, монтаждаған – Төлеш Асанов, түсіруші оператор – Нұрбол Үздікбаев. Бейнетүсірілімде Асанқайғының сөзін дыбыстаған – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Серік Бұлғақбаев.

Бейнебаян авторлары бұл туындыны «Алтын Орданың» 750 жылдығына арнап отыр. Ұлт ұясының ұлық қасиетін әспеттейтін бейнебаянда «Қазақ хандығы» телесериалынан, көне аспаптарды жаңғыртушы Азамат Бақияның «Ұлар үні» бейнеролигінен, Заратуштра туралы «Пикник» бейнебаянынан бейнеқатарлар пайдаланылған.

Өз тілшімізден.