ҰЛЫТАУ және Зерттелмеген ұлт тарихы

Ұлттың ұйысуына өлшеусіз үлес қосып, дəнекерлік еткен қасиетті қарт Ұлытаудың қойнауында ұлтымыздың сан ғасырлық тарихи шежіресінің тұнбасы жатыр. Аңыз боп бізге жеткенінен, жетпей қалғаны анағұрлым көп екендігі күмəнсіз. Олардың тылсым құпиясын ашу үшін əрине, кешенді зерттеу жұмыстарын жүргізу қажет-ақ. Мұндай ауқымды зерттеулер нəтижесінде, Талдысай «Басқамыр қалашығы» ұлтымыздың тарихынан қаншама құнды, тың деректер берді.

Осы жерде шамамен үш мың жылдай бұрын өркениеті қарқындап дамыған қалашық болған, оған қыш тұрбалармен су тартылғаны, монша, мəдени ошақтары болғандығы белгілі болып отыр. Ең бастысы, бұл қалашықта кен өндіріп, байыту жəне оны іске жарату жұмысы жолға қойылған. Алғашқы мыс балқымасын алған пештің табылуы – осы тұжырымның нақты дəлелі. Ел аузындағы аңыздарға, ғалым Əлкей Марғұланның болжамына сүйенсек, оның өңірде дəулетіне сəулеті сай жан-жақты дамыған тоғыз қала болған екен. Оның ішінде, Сарыкеңгір өзенінің бойында «Ордабазар» қалашығы, Арғанаты тауының шығыс жақ етегінде жатқан «Домбығұл сарайы», «Аяққамыр», «Шотқара», «Қарадөң», «Нөгербек дарасы», «Келінтам ордасының» ғана аттары белгілі. Олар да өкінішке орай, əлі толыққанды зерттелген жоқ. Сонымен қатар, көне сəулет өнерінің тамаша жəдігерлері – «Алашахан», «Жошыхан», «Домбауыл» ескерткіштері жұртшылық тəу ететін киелі орын. Осы тектес ескерткіштерді түбегейлі зерттесе, ұлттың қатпарлы тарихынан тың əрі құнды деректер табылуы əбден мүмкін. Мысалы, Сарыкеңгірдегі «Келінтам» мазары, Қаракеңгір мен Егінді ауылдары аралығындағы биік төбенің басында тұрған, киіз үй тəрізді етіп қатар салынған «Қос үйтас», Егіндінің басындағы «Қарадөң», Қорғасын ауылының іргесіндегі Терісбұтақ сайында жатқан «Алыптың моласы», тағы басқа толып жатқан тарихи-мəдени ескерткіштер зерттелмей тұр. Бізде осы уақытқа дейін ұлт тарихын барынша бағамдап, толығымен «таразыға тарта» алмай келдік. Əрине, оған керітартпа заманның, қызыл империяның кесірлі саясаты мүмкіндік бермеді.

Еліміз егемендік алып, еркін мемлекет болғаннан бері өз тарихымызды мұқият зерделей бастағанымыз анық. Бұл бағытта біршама тындырымды жұмыстар атқарылып жатыр. «Мəдени мұра» бағдарламасы аясында, елімізде айтарлықтай игілікті істер жүзеге асырылды. Археологтарымыз жүргізген қазба жұмыстары тиімді нəтиже беруде. Бұл, əрине, кешенді зерттеу жұмысының жемісі. Осындай орнықты зерттеу шаралары Ұлт ұясы – Ұлытау өңірінде де жүргізілсе, нұр үстіне нұр болар еді.

Бұл жерді данышпан бабаларымыздың, ел билеген хандарымыздың мекен етуі, дүниеден озғанда торқадай топырағын жамылуға құштар болуы – тегін емес. Бұл жер – ұлтымыздың алтын бесігі, халқымыздың ырыс-несібесінің қайнар көзі.

Міне, осындай ұлт тарихының алтын діңгегіне кешенді зерттеу жұмыстарын жүргізіп, бойына бүгіп жатқан құпиясын ашуға талпыныс жасалса деген тілек бар.

Осындай оралымды ой мен арман-тілек «мен қазақпын» деген əр азаматтың көкейінде жүргені даусыз.

Гүлсұлу БАЛДУОВА,

 «Ұлытау» ұлттық тарихимəдени жəне табиғи музей-қорығы РМҚК экскурсиялық қызмет көрсету бөлімінің бөлім басшысы.