БАЛА ҚҰҚЫҒЫ – БАСТЫ ҚҰНДЫЛЫҚ  

Əр отбасы – өз алдына бір мемлекет. Осы негізде «Отбасы – шағын мемлекет» деген қағида бекер айтылмаса керек. Өйткені, бұл қағида атааналардың қоғам алдындағы жауаптылығы мен міндетін меңзейді. Былай қарағанда, отбасы ұлттық, дəстүрлі құндылықтардың бастауы. Отбасының тірегі – əке болса, берекесі – ана. Ал, бала отбасынан көргені мен естігенін өмірде де қолданады. Сондықтан, əр ата-ана бала алдында өзінің іс-əрекеті мен сөйлеген сөзіне абай болған жөн.

Кей жағдайларда ата-аналар өз функциясын дұрыс атқармауы салдарынан немесе балаға шектен тыс талап қою əрекетінен отбасы мүшелерінің бір-біріне деген жылулығы жоғалып кетуі ықтимал. Ондайда бала өз ата-анасы тарапынан қолдау жоқ екенін сезгендіктен, өз ойымен, проблемасын ашық бөле алмағандықтан басқа жолды таңдауы мүмкін. Əлеуметтік желіден дос тауып, сондағы кейбір əрекеттерді өзіне жақын санап бейтаныс адамдардан қолдау іздейтін кездері де болады. Əсіресе, отбасынан зорлық-зомбылық көрген бала қолдауды көп қажет етеді. Көбінесе осындай отбасындағы балалар жасқаншақ, өзін-өзі бағалауы төмен, агрессивті, импульсивті мінез-құлықты болып өседі. Сондықтан бала тəрбиесіне ертерек мəн беріп, оған ненің жаман, ненің жақсы екенін осы бастан түсіндіріп отырғаны абзал. Бүгінде еліміз жас ұрпақтың денсаулығын қорғауға жəне олардың ой-өрісін дамытуға қолдау білдіріп отыр. Осыны біз пайдалана білуіміз қажет.

Жасыратыны жоқ, қазіргі кезде балалар арасында өзінен кішіге күш көрсету, əлсіздерді ұрып соғу, қорқыту жəне басқадай теріс пиғылдар жиілеп кеткені рас.

Мұндай жағдайлар туындап жатса, алдын алу қажет. Тіпті болмаса, медиаторларға жүгінген дұрыс. Кімнің баласы болса да қатарындағы балалардан қысым көрмей, емін-еркін өскенін қалаймыз.

Өткенге көз жіберсек, ертеден бабаларымыз өнегелі дəстүрді қалыптастыру үшін əдеп заңдары мен дəстүрлі құндылықтарға аса мəн бергені белгілі. Соның нəтижесінде ар-ұяты терең, рухы мықты, намысы биік ұрпақ өсіп, ұлт болып қалыптасуымызға септігін тигізді емес пе?!