Ұлытау туризмнің тірегіне айналуы тиіс
Ұлытау ауданы – тарихи мұра мен табиғи әлеуеті қатар тоғысқан аймақ. Бүгінде бұл өңір тек облыстың ғана емес, тұтас елдің туристік брендіне айналуға қабілетті. Көне қорымдар мен қасиетті орындар, ұлттық болмысты айшықтайтын мәдени нысандар Ұлытауды ішкі туризмнің басты бағыттарының біріне айналдыруға толық мүмкіндік береді. Сондықтан өңірде туризмді жүйелі дамыту – уақыт талабы. Осы бағыттағы жұмыстар Дастан Рыспеков төрағалық еткен кезекті аппарат жиынында кеңінен қаралды. Кеңесте автомобиль жолдары құрылысының жоспары, жолдарды күтіп ұстау, сондай-ақ туризм саласын дамыту мәселелері жан-жақты талқыланды.

Ұлытау ауданына турист тартудың басты шарттарының бірі – қолжетімді әрі қауіпсіз жол. Облыс әкімі жол инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған жұмыстарды жедел әрі сапалы ұйымдастыру қажеттігін атап өтті. Осыған байланысты Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына қала және аудан әкімдерімен бірлесіп, мердігер ұйымдармен тікелей жұмыс жүргізу тапсырылды.
Жол сапасы тек көлік қозғалысына ғана емес, туристік ағымға да тікелей әсер етеді. Қасиетті орындарға апаратын бағыттардың талапқа сай болуы – өңір имиджінің бір бөлігі. Сондықтан жол белгілерін жаңарту, жол таңбаларын сызу, жарықтандыру орнату сияқты қауіпсіздік шаралары да туризмді дамыту тетіктерінің бірі ретінде қарастырылып отыр.
Көктемгі кезеңде су тасқынының алдын алу үшін суағарлар мен көпірлерді қардан уақытылы тазалау міндеті қойылды. Бұл – жолдардың бүлінуіне жол бермей, туристік маусымға дайындықты ертерек бастауға мүмкіндік береді.
Жиында туризм саласында атқарылған жұмыстар бар екені айтылғанымен, инвестиция тарту қарқынының төмендігі сынға алынды. Әсіресе, әлеуеті жоғары Ұлытау ауданында нақты жобаларды іске асыру қажеттігі атап өтілді. Өңір басшысы бұл бағыттағы жұмысты жандандырып, инвесторлармен жүйелі байланыс орнатуды тапсырды.
Бұл міндет «Ұлытау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ мен Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасына жүктелді. Инвестор тарту, жобаларды сүйемелдеу және инфрақұрылымдық қолдау көрсету – туризмнің тұрақты дамуына негіз болмақ.
Аппарат жиынында Ұлытау ауданында туризмді жандандыратын нақты жобалар айқындалды. Соның ішінде велосипедтерді жалға беру қызметін іске қосу және глэмпинг аймақтарын ұйымдастыру тапсырылды. Бұл бастамалар өңірге келетін туристер үшін жаңа форматтағы демалыс түрлерін ұсынуға мүмкіндік береді.
Глэмпинг – табиғат аясындағы жайлы демалысты білдіретін заманауи туристік өнім. Мұндай жобалар Ұлытаудың табиғи ерекшелігін сақтай отырып, қызмет көрсету сапасын арттыруға жол ашады. Ал велосипед туризмі тарихи нысандарды экологиялық тұрғыдан қауіпсіз әрі қолжетімді түрде аралауға мүмкіндік береді.
2026 жылға жоспарланған туристік және имидждік іс-шараларды жоғары деңгейде өткізу міндеті де ерекше назарда. Бұл шаралар Ұлытаудың тарихи-мәдени әлеуетін кеңінен таныстырып, ішкі және сыртқы туристерді тартуға бағытталады. Ұлттық фестивальдер, этнотуризм элементтері мен мәдени іс-шаралар өңірдің туристік брендингін қалыптастыруға ықпал етеді.
Жалпы, аппарат жиынында берілген тапсырмалар Ұлытау облысында туризмді экономиканың маңызды саласына айналдыруға бағытталған. Жол сапасын жақсарту, қауіпсіздікті қамтамасыз ету, инвестиция тарту және жаңа туристік өнімдер енгізу – бір-бірімен тығыз байланысты шаралар.
Ұлытау ауданы бұл тұрғыда өңірдің тірек нүктесіне айналуы тиіс. Тарихи мұра мен табиғи әлеуетті тиімді пайдалану арқылы аудан тек туристік орталық емес, жаңа жұмыс орындары ашылатын, шағын және орта бизнес дамитын экономикалық кеңістікке айнала алады.
Қорытындылай келе, Дастан Рыспеков атап өткендей, туризмді дамыту – кешенді әрі жүйелі жұмысты талап етеді. Ұлытау ауданына берілген басымдық өңірдің стратегиялық бағытын айқындайды. Бұл міндеттер сапалы орындалса, Ұлытау жақын жылдары еліміздің ең тартымды туристік бағыттарының біріне айналуы әбден мүмкін.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

