ҰЛЫТАУ ТӨРІНДЕ – РУХ ТОЙЫ

Ұлытау – қадым замандардан қазақ тарихымен тамырлас, ғасырлар бойғы Ұлы Даланың тағдырымен тағдырлас, тұғырында туы жығылмаған ежелгі қоныс. Ұлы хандардың, ауызы дуалы билердің, баһадүр батырлардың бас қосқан киелі жері. Тізбек-тізбек замана көшінің тірі шежіресі. Алаш жұртының қасиетті мекені.
Осыны негізге алып, елдіктің, бірліктің ордасы болған Ұлытаудың Әулиетау баурайында Қазақстан Республикасының Конституция күніне орай, «Таңбалы тас» Мемлекеттік рәміздер алаңы ашылды.

Ұлытау ауданының Әулиетау етегіне рәміздер алаңын салу жөнінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылы 16 маусымда Ұлытауда өткен Ұлттық Құрылтайдың алғашқы отырысында қазақ халқының бірлігін айқындайтын сәулетті нысан ашуды тапсырған болатын. Міне, сол маңызды нысанның құрылысы аяқталып, Әулиетау етегінде ашылуы болды. Бұл – рәміздер алаңы Мемлекет басшысы тапсырмасының жемісі.
Рәміздер алаңының лентасын қию рәсімін Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы, Қазақстанның Құрметті журналисі, ақын Мағзұмбек Машайықұлы, «Қазақтың Кетбұғасы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Төлеген Бүкіров жүзеге асырды. Бұдан кейін, сәні мен мәні келіскен шара айбынды Әнұранның шырқалуымен ашылды. Алғашқы болып сөз алған Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы алаңның ұлт деңгейіндегі маңыздылығына тоқталды.

– Ел Конституциясы мемлекетіміздің негізгі құжаты. Ата Заңымыздың өзегі – Заң үстемдігі, әділдік және жалпыға бірдей мүмкіндіктер қағидаттары. Конституцияда белгіленген демография құндылықтары ел дамуының нақты стратегиялық бағдарын айқындайды. Бүгінгі салтанатты жағдайда ашылған рәміздер алаңы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Ұлттық Құрылтайдың Ұлытауда өткен бірінші отырысында берілген тапсырмасына сай салынды. Өздеріңіз байқағандай, Мемлекеттік рәміздер алаңы еліміздің кең терең тарихын қамтитын тұтас композиция. Қазақстанда алаңдар көп. Бірақ «Таңбалы тасы» бар рәміздер алаңы бізде ғана. Алғашқы ашылып отырған алаңның ең басты символы – Ұлытау. Өйткені, Ұлытау әрқашанда қазақтың бірлігінің символы болу керек. Қазақ, қазақ болғалы бүкіл қазақ рулары таңбасын тасқа салып, біз енді бір ел, бір жұртпыз, қазақ болып атанамыз деуі осы Ұлытаудан басталды. Мұның өзі тарихымыздағы орны бөлек үлкен саяси құбылыс.

Алдарыңызда тұрған «Таңбалы тас» – соның көрінісі. Бұл жерде таза граниттен жасалған бүкіл қазақтардың таңбалары бар. Осы таңбалар Ұлытаудың, мемлекетшілдіктің және бірліктің символы болып қала бермек. Бұл руға бөлінбейтін керісінше, рудан құралатын халқымыздың дала хаттамасы болып есептеледі. Белгілі ұлы ғалым Манаш Қозыбаев айтып еді. Осы «Таңбалы тас» бұл қазақтың Конституциясы» деп. Өйткені, Конституция дегенде халық пен биліктің арасындағы келісім-шарт деген ұғым бар. Жалпы, құқықтық ғылымда. Сол сияқты бұл жерде әрбір қазақ таңбасын әр жерге қоя бермейді. Бір тасты қойғасын енді бәріміз-біріміз деген мағынада болған. Сондықтан, «Конституция» деп салыстырғаны өте орынды. Бүгінгі күні рәміздер алаңында таңбалы тастан бастап, сонымен қатар, көк Байрағымыз, Елтаңба, Әнұран, Конституцияда да осы жерде көрсетілген. Жалпы, рәміздер алаңы таңбалы тас және қасында тұрған барельефтің әрқайсысы өзіндік мәні терең, тарихи маңызы бар. «Түрік қағанаты» барельефі негізі бұл бүкіл қағанатты қалаған Ұлы Далаға иелік еткен бабалар тарихына белгі береді. «Түрік қағанаты» арқылы біздің тамырымыз «Алтын Орда» барельефі бастауы. Жошы ұлысынан айбынды ортақ мемлекет заманының дүбірлі кезеңінен сыр шертеді. Сонымен қатар, қазақ хандығы барельефі – ұлы тарихымыздың төрт ғасырлы даңқты жолын көрсетеді. Сондай-ақ, қазақ хандығы тұсында қалың қауым осы киелі өлкеде ел билеген хандарды ақ киізге көтеріп, таққа отырғызғаны осы – Ұлытауда. Ұлытау таудың аты ғана емес, қазақтың ұлы даласы. Ұлытау – бірлік, татулық бәтуа түсініктерінің біте қайнасқан біртұтас ұғымы болып есептеледі.
Алаңдағы төрт барельефі тұтас Қазақстан тарихын бейнелейтін тақта. Азаттықты аңсаған қазақ елінің қымбат қазынасын бейнелейді. Тәуелсіздіктің мән-мағынасын ашатын тарихы терең мемлекетіміздің жаңа дәуірі басталған күнді көрсетеді.
Жалпы айтқанда, Ұлытау Қазақстанның тарихи және географиялық орталығы. Еуразия құрылығының мәдени тарихында ерекше орын алатын аймақ. Ең бастысы, Ұлытау – ұлт ұясы. Еркіндікке ұмтылған дала жұртының ұлы қақпасы. Осы киелі Ұлытау баурайында атап өтіп жатқан қуанышты той құтты болсын! Рәміздер алаңы ұрпақ қастер тұтатын орынға айналсын, – деді облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлы.

Сөз соңында өңір басшысы ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Қазақстанның Құрметті журналисі, ақын Мағзұмбек Машайықұлын «Құрмет» орденімен наградтады. Сонымен қатар, айтулы мерекеде Ұлытау облысы мәслихатының төрағасы Бауыржан Шыңғысов бірқатар тұлғаларды Ұлытау облысының Құрмет грамотасымен марапаттап, облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлының Алғыс хатын табыс етті.
Маңызды шарада Ұлытау облыстық сотының төрағасы Қайрат Адыранов, белгілі қаламгер Батырбек Мырзабеков және басқа да азаматтар сөз алып, елімізге қуаныш сыйлаған Мемлекет басшысына алғыстарын білдірді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен іске асып отырған Мемлекеттік рәміздер алаңының жалпы аумағы – 3 гектарды құрайды. Ел игілігіне берілген кешен құрылымының ұшар басына биіктігі 22 метр болатын Мемлекеттік ту қойылған. Тұғыртасқа Елтаңба орнатылып, Әнұранның мәтіні жазылған. Сонымен қатар, «Түрік қағанаты», «Алтын Орда», «Қазақ хандығы» дәуірлерінен сыр шертетін және Тәуелсіз Қазақстанның тарихы қашалған барельефтер сап түзеген. Тоқсан тоғыз рудың таңбалары бедерленген салмағы 130 тонналық «Таңбалы тас» қойылған.

Рәміздер алаңының скульпторы – елімізге белгілі суретші-монументші Ғазиз Ешкенов. Жоба авторының айтуынша, бұл – «Таңбалы тас» орнатылған еліміздегі тұңғыш алаң. Енді міне, киелі өлкеміз Жаңа Қазақстанды құру жолындағы бірліктің символына айналды. Бұл алаңның салынып қолданысқа берілуі Ұлт ұясы саналатын Ұлытау өңірінің одан әрі кемелдене түсуінің бір кепілі. Осылай деп тұжырым жасауға толық хақымыз бар.

Қайрат ЖҰМАБАЙ.