«Ұлытау облысының Құрметті азаматы» атағы тағайындалды
Ұлттық мейрам — Республика күні қарсаңында «Ұлытау облысының Құрметті азаматы» атағы тағайындалды. Бүгін мерекеге орай ұйымдастырылған салтанатты шарада осы атақ өнегелі өмірі мен қажырлы қызметі арқылы халықтың сый — құрметіне бөленген бес ел ағасына тапсырылды. Бұл туралы аймақ басшысы Берік Әбдіғалиұлы желідегі парақшасында мәлімдеді.
«Медицина ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақ тағамтану академиясының президенті ТӨРЕГЕЛДІ ШАРМАНОВҚА;
Физика — математика ғылымдарының докторы, профессор, Ұлыбританияның Кембридж университетінің жанындағы Халықаралық географиялық орталықтың «Ғасыр адамы» атағын алған атақты ғалым ТЕМІРҒАЛИ КӨКЕТАЙҒА;
Армия генералы, Халық Қаһарманы, ұшқыш- мерген, мемлекет қайраткері МҰХТАР АЛТЫНБАЕВҚА;
Еліміздің әлеуметтік- экономикалық дамуына зор үлес қосқан мемлекет және қоғам қайраткері МҰХАМБЕТ КӨПЕЕВКЕ;
Ақын, журналист, айтыс өнерінің жанашыры, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, ЖҮРСІН ЕРМАНҒА берілді.
Марапат құтты болсын! Абыройымыз асқақтап, еңбегіміз еселенсін. Еліміз қарқынды дамып, өңіріміз өркендей берсін», — деп жазды Берік Әбдіғалиұлы.