Ұлытау облысының әкімі құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысын өткізді

Ұлытау облысының әкімі төрағалығымен Құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті. Жиында киберқылмыс пен интернет алаяқтықтың алдын алу, қараусыз жүрген малдарға және мал ұрлығына қарсы іс-қимыл, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету барысы қаралды.

Кеңес барысында өңір басшысы көшеде қараусыз жайылып жүрген мал мәселесін қатаң сынға алып, оларды арнайы орындарға жеткізу жұмысын жүйелеуді тапсырды. Егер мұндай шаралар нәтиже бермейтін болса, мал иелерін анықтап, заң талаптарына сәйкес жауапкершілікке тарту міндеттелді. Әкім мал ұрлығын болдырмау мақсатында рейдтік іс-шараларды күшейтуді де жүктеді.

Сондай-ақ облыс әкімі автокөлік жүргізушілері арасында қауіпсіздік белдігін пайдаланбау жағдайлары жиілегенін атап, мұның жол қозғалысы ережелеріне қайшы екенін қатаң ескертті. Өңір басшысы мемлекеттік қызметшілер тәртіпті өздерінен бастап көрсетуі тиіс екенін айтып, барлық бірінші басшыларға қауіпсіздік белдігін тұрақты қолдануды, оны назарда ұстауды міндеттеді.

Кеңес қорытындысы бойынша облыс аумағындағы жолдардың техникалық жай-күйіне тұрақты мониторинг жүргізу, трассалық медициналық-құтқару пунктерін ашу мүмкіндігін жан-жақты зерделеп, нақты ұсыныстар енгізу тапсырылды.

Отырыс барысында пробация есебінде тұрған азаматтарды жұмыспен қамту, қоғамға бейімдеу және қайта оқыту шаралары да талқыланды. Өңір басшысы бұл бағыттағы жұмысты күшейтуді тапсырды. Сонымен қатар бір ай мерзім ішінде Жезқазған қаласындағы тергеу изоляторы құрылысына қатысты мәселені толық пысықтап, нақты шешімдер ұсыну жүктелді.