Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков жаңа Конституцияның күшіне енуімен құттықтады

Бүгін – еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі тарихи маңызы зор күн. Дәл бүгін Қазақстан Республикасының Жаңа Конституциясы күшіне енді.

Жаңа Конституция – Әділетті Қазақстанды құруға бағытталған ауқымды саяси реформалардың берік құқықтық негізі. Бұл құжат заң үстемдігін нығайтып, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғауды жаңа деңгейге көтеруге, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге және азаматтардың ел өміріне белсенді қатысуына жол ашады.

Конституцияда айқындалған қағидаттар мемлекетіміздің тұрақты дамуының, қоғамдық келісім мен ұлттық бірліктің, әділдік пен жауапкершіліктің берік тұғыры болып қала береді.

Мемлекет басшысы Жаңа Конституцияның күшіне енуіне орай жариялаған үндеуінде Конституция күнінің енді «Наурызнама» онкүндігі аясында аталып өтетінін ерекше атап өтті. Бұл – жаңару мен жаңғырудың, ел дамуының жаңа кезеңіне аяқ басудың айқын белгісі. Жаңа Конституцияның нормалары Әділетті қоғам қалыптастыруға, мемлекеттік институттарды одан әрі нығайтуға және Жаңа Қазақстанның өркендеуіне қуатты серпін беретіні сөзсіз.

Ұлытау облысының тұрғындары үшін де Жаңа Конституцияда айқындалған қағидаттарды басшылыққа ала отырып, бірлік пен қоғамдық келісімді нығайту басты міндет болып қала береді.

Баршаңызды Қазақстан Республикасының Жаңа Конституциясының күшіне енуімен шын жүректен құттықтаймын!

Елімізде әрдайым бейбітшілік пен тұрақтылық салтанат құрып, халқымыздың бірлігі бекем, мемлекетіміздің мерейі үстем болсын! Жаңа Конституциямыз ел дамуының берік тұғырына, әрбір азаматтың құқықтары мен бостандықтарының сенімді кепіліне айнала берсін!

Дастан РЫСПЕКОВ,
Ұлытау облысының әкімі.