Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков Сәтбаев қаласының халқымен кездесті
Бүгін Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков Сәтбаев қаласының тұрғындарымен кездесу өткізіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарларға тоқталды.
Өңір басшысы өз сөзінде биылғы жылы облыс тарапынан қаланы қолдау мақсатында бірнеше ірі кәсіпорынның Сәтбаев қаласында тіркелгенін атап өтті. Бұл бастама алдағы уақытта да жалғасын тауып, жергілікті бюджеттің әлеуетін арттыруға ықпал етпек. Сондай-ақ, облыс әкімі жергілікті кәсіпкерлерді қаланы дамыту ісіне белсене атсалысуға шақырып, әкімдік тарапынан барлық қажетті қолдау көрсетілетінін жеткізді.
Кездесу «ашық микрофон» форматында өтіп, сәтбаевтықтар өздерін толғандырған мәселелерін тікелей жеткізіп, нақты жауап алды. Тұрғындар көтерген сұрақтардың басым бөлігі алдағы жылу маусымына дайындық, тұрғын үй және апатты үйлер мәселелері, жол инфрақұрылымы, тұрғын үй кооперативтері мен денсаулық сақтау саласына қатысты болды.
Кездесуден кейін өңір басшысы Дастан Рыспеков азаматтарды жеке қабылдап, мәселелерін тыңдады.
Айта кетейік, облыс әкімімен кездесу алдында басқарма мен департамент басшылары да сәтбаевтықтарды жеке қабылдап, өз салаларына қатысты сұрақтарға жауап берген болатын.