Ұлытау облысында шаруа қожалықтары субсидияланады
Биыл Ұлытау облысында он бестен астам фермерлік және шаруа қожалықтарын субсидиялау жоспарлануда. Кеше Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлының төрағалығымен өткен кезекті аппарат кеңесінде аймақтың көктемгі дала жұмыстарына дайындық мәселелері қаралды. Аталған тақырыпта ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының м.а. А.Сексенбаева, қалалар мен аудандардың әкімдері баяндама жасады.
Биыл облыс аумағында ауыл шаруашылығы дақылдарын егу алаңы 35,3 мың гектарды құрайды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 5,6% — ға артық. Сондай-ақ, 77 кг минералды тыңайтқыштарды сатып алу жоспарланған. Тыңайтқыштарды мұндай мөлшері 1,9 мың га аумақты өңдеуге мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, егіс алқабындағы түрлі аурулармен, ауыл шаруашылығы дақылдарының зиянкестерімен және арамшөптермен күресу үшін жергілікті бюджеттен 2 мың литрден астам пестицид сатып алуға 11,7 млн теңге бөлінді.
Қазіргі уақытта ауыл шаруашылығы техникасының далалық жұмыстарына дайындық жүргізіліп жатыр. Егіс науқанына 75-тен астам трактор, 225 сепкіш, 2 егіс кешені және 12 қопсытқыш тартылады.
Бұдан басқа, көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу үшін 840 тонна арзандатылған дизель отыны бөлінетін болады.
Облыс басшысы оңтайлы агротехникалық мерзімде сапалы жүргізілген көктемгі егіс жұмыстары өңірдің жақсы өнімі мен азық-түлік қауіпсіздігінің кепілі болып табылатынын атап өтті. Сондықтан бұл мәселе үнемі қатаң бақылауда.
Кеңесте биыл облыста 30,5 млн теңге сомасына субсидия түрінде өсімдік шаруашылығына мемлекеттік қолдау қарастырылғаны айтылды. Мәселен, тұқым шаруашылығын дамытуға 12,6 млн теңге субсидия беріледі, ал пестицидтер құнын субсидиялауға 11,7 млн теңге бөлінеді, «Минералды тыңайтқыштарды (органикалық тыңайтқыштарды қоспағанда) субсидиялау» бағдарламасына 6,2 млн теңге қарастырылған.
2023 жылы он бестен астам фермерлік және шаруа қожалықтарын субсидиялау жоспарлануда. Бұл былтырғы көрсеткіштен үш есе жоғары.
Бұдан басқа, 2023 жылы субсидиялаудың жаңа жүйесі енгізілді. «АӨК субсидиялаудың бірыңғай мемлекеттік ақпараттық жүйесі» барлық мемлекеттік қызметтерді электрондық форматта көрсететін болады. Фермерлер үшін субсидиялау қызметтері тегін негізде көрсетіледі.