Ұлытау облысында Кәсіпкерлер күні атап өтілді

Бүгін Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков Кәсіпкерлер күніне орай өңірдің іскер азаматтарын құттықтап, бірқатар сала өкілдеріне марапаттар табыс етті.

Кәсіпкерлік саласының үздіктері «Ұлттық кәсіпкерлер палатасының құрметті қызметкері атағы» төсбелгісімен, «Іске адалдығы үшін ҰКП» медалімен, сондай-ақ Ұлытау облысының Құрмет грамоталарымен және облыс әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды.

Салтанатты шара барысында облыс әкімі кәсіпкерлердің өңір дамуына қосып келе жатқан үлесін ерекше атап өтті:

– Кәсіпкерлік – өңірдің өркендеуінің, халықтың әл-ауқатының негізгі тірегі. Мемлекет басшысы шағын және орта бизнесті қолдау жөнінде нақты тапсырмалар беріп келеді. Біз де Ұлытауда кәсіпкерлікті дамытудың барлық мүмкіндігін жасап отырмыз. Іскер азаматтарымыздың табысты жұмысы арқылы өңір экономикасы нығая түседі, – деді облыс әкімі Дастан Рыспеков өз сөзінде.

Кәсіпкерлер күніне арналған бұл кездесу бизнес өкілдерінің өзара пікір алмасуына, жаңа бастамалар мен серіктестік байланыстардың нығаюына жол ашты.