Ұлытау облысында 2026 жылғы көгалдандыру жұмыстары талқыланды

Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспековтің төрағалығымен 2026 жылы өңір аумағын көгалдандыру мәселелеріне арналған кеңес өтті. Жиында алдағы кезеңге арналған ағаш отырғызу жұмыстарын жоспарлау мәселесі қаралды.

Кеңес барысында өңір басшысы өткен жылы жүзеге асырылған көгалдандыру жұмыстарының нәтижесі көңілден шықпайтынын атап өтіп, бұл бағыттағы жұмыстарды қатаң бақылауда ұстайтынын жеткізді. Осыған байланысты облыс әкімі ағаш отырғызылатын учаскелер бойынша қайтадан жан-жақты талдау жүргізу қажеттігін айтты.

Сонымен қатар көгалдандыру жұмыстарына жергілікті атқарушы органдармен қатар өзге де мемлекеттік мекемелер мен кәсіпкерлік нысандардың белсенді қатысуы маңызды екенін атап өтті.

Отырғызылатын көшеттердің күтімі, сақталуы және уақтылы суарылуы мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Облыс әкімі жасыл желектердің жерсінуін қамтамасыз ету мақсатында тұрақты мониторинг жүргізіп, кемінде үш жыл бойы жүйелі суаруды қамтитын арнайы тетікті енгізуді тапсырды.

Кеңес қорытындысында өңір басшысы ағаш отырғызу науқаны асқан жауапкершілік пен жанашырлықты талап ететін маңызды жұмыс екенін атап өтіп, тыңайтқыш материалдарды уақытылы сатып алуды, тәуекелдердің алдын алу шараларын күшейтуді, ағаш отырғызуға қолайлы аумақтарды кеңейту үшін топыраққа жобалау-іздестіру жұмыстарын жүргізуді және көше бойындағы жасыл желектердің айналасына қосымша газондар мен өсімдіктер отырғызу көлемін арттыруды тапсырды.