«Ұлытау үні» фестивалі — Өркениет көшіндегі өрелі өнер байқауы

«Ұлытау үні» фестивалі ХХХ рет жалауын көтерді

Өркениетке бет алған бүгінгі дәуірде өнердің бағасы биік. Оған қойылатын талап пен талғам да жоғары. Хас талантты халық жазбай таниды. Ал оларды елге танытатын орта – түрлі өнер байқаулары. Міне осы үрдістен көрініп, елдің сағына қауышатын өрелі өнер байқауының бірі – «Ұлытау үні» фестивалі. Биыл осы өнер добасы өңірімізде отызыншы рет жалауын көтеріп, Ұлытау-Жезқазған өңірін ән мен жырдың дүбіріне бөледі.

Ең алғаш 1992 жылы халық шығармашылығы мен көркемөнерпаздар өнерінің байқауы ретінде ашылған аталмыш фестиваль небір соқтықпалы соқпақты жолдармен жүрсе де өзінің өміршеңдігін жоғалтпады. Талай дүлдүлдің бағын ашып, жұлдызын жаққан өнер бәйгесі күні бүгінге дейін толассыз жүріп келеді. Бұрын бір облыстың шеңберінде ғана өтетін бұл өнер додасына уақыт өте келе республиканың түпкір-түпкірінен өнерпаздар мен қолөнер шеберлері арнайы келіп, қатысатын деңгейге жетті. Осылайша, дәстүрлі түрде өтетін фестиваль аймағымыздың рухани өмірінде айрықша орын ға иеленді.

Міне, осы өрелі өнер байқауы өткен аптада өңірімізді думанға бөледі.

Ал, оның ашылу салтанатында Ұлытау облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив істері басқармасының басшысы Әнуар Омар «Ұлытау үні» фестивалі – талай дарынды ұл-қыздарымыздың қанатын қатайтып, талпынтып, үмітін үкілеп келе жатқан фестиваль екенін айта келіп бұл өнер көші кешегі сайын даланың самал тербеген көкмайсасында ақшанқай үйлер тіктіріп, алқалы топты жинатып өткізетін өнер сайыстарының сарынын құлаққа жеткізетінін тебірене тұрып айтты.

Байқаудың ашылу салтанатында осы жобаны алғаш ұйымдастырғандардың бірі Қайырбек Сәдуақасов сөз сөйлеп, кешегі кеңестік саясаттың салқынына қарамай, ұлттық мүддені жоғары деңгейге көтеруге үлкен септігін тигізген шара болғанын шабыттана тұрып айтты.

– Өнерлі азаматтар көп бұл өңірде. Қасиетті топырақ Ұлытау өңірі деген. Осыған қатысқандардың талайы Республикаға танымал азаматтар болып өсті. Бұл байқау қанаттандыратын, қуаттандыратын дода. Сондықтан бұл байқаудың барған сайын биіктей береріне күмәнім жоқ. «Ұлытау үні» фестивалі – талай дүлдүлдің бағын ашып, жұлдызын жаққан өнер бәйгесі. Дәстүрлі түрде өтетін фестиваль Ұлытау өңірінің ғана емес, елдің рухани өмірінде айрықша орын иеленеді, – деді ҚР Мәдениет қайраткері Қайырбек Сәдуақасов.

Фестивальдің алғашқы күнінде еліміздің әр түпкірінен келген өнер ұжымдары, фольклорлық ансамблдер, танымал өнер тарландары ән-жырдан шашу шашып, Кеңгірдің кешін халық музыкасының әуеніне бөледі.

– Мен бүгін өте тебіреніп тұрмын. Өйткені сол кездегі дәстүр, сол кездегі халықтың рухын көтеретін жақсы мерекелік шаралар жалғасын тауып жатыр. Соған өте қуаныштымын, – деп тебіренді фестиваль қонағы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Амантай Жұмашев.

Орайы келгенде айта кетейік, фестивальге елдің түкпір-түкпірінен 20 қолөнер шебері, 20 конкурсант, халықаралық дәрежеде өнер көрсетіп жүрген 4 фольклорлық ансамбль арнайы келген. Бұдан өзге 15 шақты осы өңірден шығып, бүкіл қазақ даласын әнмен тербеп жүрген әнші-күйшілер арнайы атбасын тіреген. Олар фестиваль бағдарламасына сәйкес Ж.Сейілов атындағы республикалық «Өнер өлкесінің жезкиігі» атты жеке орындаушылардың ән конкурсында, «Алаша хан, Жошы хан – жыр арқауы» деп аталатын жазба ақындар мүшәйрасында, этно-фольклор ұжымдарының шеруі мен қолданбалы өнер шеберлерінің көрме-жәрмеңкесінде бақтарын сынасты.

«Ұлытау үні» – ұлт ұясының рух үні

«Ұлытау үні» фестивалінің 30 жылдық мерейтойы аясында Жезқазған қалалық өлкетану және тарихи музейінің ұйымдастырған «Ұлытау үні» фестивалі – халық өнерінің мерекесі» атты шежіре көрмесі де кеш қонақтарына үлкен әсер қалдырды.

Мерекелік іс-шараның шымылдығын Жезқазған қаласының әкімі Қайрат Шайжанов түріп жұртшылықты аймағымыздың абыройын асқақтатқан өнер байқауының ашылуымен құттықтады.

Дүбірлі «Ұлытау үні» фестивалінде облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Әнуар Омар мен қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Гүлзада Кәрібекқызы бастаған өңірдің мәдениет саласының бірқатар қызметкерлері бой көрсетті.

Мерекелік кеш әрі қарай музей қорында сақталған баға жетпес тарихи-мәдени көзіне айналған музыкалық аспаптардың көрсетілімімен (дефиле) жалғасты. Ұлттық тарихи-мәдени мұраны бейнелейтін ұлттық аспаптарымыз таныстырылды.

Сонымен қатар Жезқазған тарихи-археологиялық музейі «Ұлытау үні» фестивалінің тарихи ширек ғасырына арналған «Ұлытау үні — ұлт ұясының рух үні» атты көрмені ұйымдастырды.

Көрме төмендегідей тақырыптарды қамтыды:

  1. Ұлытау үні фестивалінің жалпы тарихы.
  2. Сайыстар: «Әнші балапан» , «Күміс қоңырау», «Жұлдыз», көркемсөз оқу шеберлігі.
  3. Жыршы-термешілер, әншілер, күйшілер, бишілер.
  4. Ақындар айтысы.
  5. Шығармашылық кештер.
  6. Көрмелер:қолөнер шеберлері, фотосуретшілер.
  7. Мүшәйра.
  8. Халық театрлары.

Көрмеге экскурсия жүргізіліп, «Ұлытау үні» фестивалінің хронологиясы, фестиваль аясында танылған әнші, жыршы, ақындар, қолөнер шеберлері жайлы баяндалды. Көрмеде қамтылған материалдар Ғазиз Ештанаевтың архивінен алынды.

Жиын әрі қарай ұлттық қолөнер шеберлерінің жәрмеңкесімен жалғасты. Жиналған қауым жәрмеңкеде ұлттық қолөнер шеберлерінің туындыларын тамашалады.

Қолөнершілер көрмесі фестиваль көрігін қыздырды

«Ұлытау үні» фестивалінің ел есінде қалған тағы бір тамашасы – қолөнершілер көрмесі болды. «Ғарышкерлер» бақжолын білім беру мекемелері думанға бөлесе, «Алғашқы құрылысшылар» алаңының сәнін жер-жерден келген қолөнер шеберлері кіргізді.

Олар қалың көпшіліктің назарына әшекей бұйымдардан бастап қыштан, тері мен темірден, ағаштан, бағалы тастардан жасалған ұлттық аспаптар, ыдыс-аяқтар, ат әбзелдері, сауыт-сайман, сондай-ақ шиден тоқылған картиналар, тоқыма бұйымдарын ұсынды.

Көрмеге қойылған әшекейлі бағалы жүзіктер, ағаш бұйымдарынан жасалған құнды жәдігерлер, күнделікті тұрмыста пайдаланатын ыдыстар, тарихи кезеңдерді, табиғат көріністерін бейнелеген әсем картиналар көпшіліктің қызығушылығын тудырып, сұранысқа ие болғанын да айта кету керек.

Ұлттық өнерді дәріптеген «Ұлытау үні» фестиваліне шақырту алғанына ризашылығын білдірген қолөнершілер жезқазғандықтардың қонақжайлылығына тәнті болды.

ЖАҚСЫКЕЛДІ ӘНДЕРІ ҚАЙЫРА ЕСТІЛДІ

«Ұлытау үні» фестивалі аясында өткен республикалық əншілер конкурсына қатысушылар Жақсыкелді СЕЙІЛОВТІҢ əндерін орындаудан бақ сынасты. Бұл байқауға еліміздің барлық өңірінен 45 өтініш түсті.

ҚР Еңбек сіңірген əртісі Береке Көшенов бастаған қазылар алқасы қатысушылардың жолдаған бейнеролигін зерделеп, мықтыларды таңдады. Əн додасының келесі кезеңіне жолдама алатын əншілерді іріктеу оңай болмады. Қатысушылардың басым көпшілігі — əн өнерін өмірі еткен таланттар. Бес сағатқа созылған талқылаудан соң көмейіне бұлбұл ұя салған 20 қатысушы анықталды.

Байқау өте тартысты өтті. Əр қатысушы əнді орындау барысында Жақсыкелдінің образын сомдауға тырысқандары да болды. Солардың бірі «Кездесу» əнін гармонмен əуелеткен Амантай Жұмашев тіпті Жақсыкелді ағамызды тірілткендей болды. Тыңдарман қауым «Жақсыкелдінің мақамы», «Дауысын қалай айнытпады», – деп күбірлесіп қалды.

Əрине, доданың аты дода. Бағы жанғанның тасы өрге домалайды. Бұл байқауда да солай болды. «Ана туралы баллада» əнін нақышына келтіре орындаған атыраулық Ерназар Жұбан бəйгеге тігілген 700 мың теңгені қанжығасына байлады. Жүлделі І орын — жаңаарқалық Ербота Ұзақбайдың еншісіне тиді.

Байқауда «Жезкиік» əнін орындаған үш орындаушының ішінде үздік шыққанын айта өту керек. Нұрсұлтан қаласының əншісі Əкімхан Маженов жүлделі ІІ орынды қанжығасына байласа, өскемендік Жанерке Қабатаева мен жезқазғандық Айбек Əбдіəшімұлы ІІІ орынды өзара бөлісті. Халид Орынқұл мен Ақжол Əмірхан 100 мың теңгелік ынталандыру сыйлығымен иеленсе, өзге қатысушыларға «Көрермен көзайымы» номинациясы табысталды.

Дүбірі республикаға жеткен Жақсыкелді Сейілов атындағы əн байқауының екінші кезеңінде 12 қатысушымен бірге қалың көрерменді қазылар алқасында төрелік еткен Болатбек Есмұханов жары Марамен бірге М.Мақатаевтың сөзіне жазылған «Жарығым-ай» əнін, Жұбаныш Жексенұлы «Əке туралы ой» əнін орындап, көрермен жанын əлдиледі. «Ана туралы баллада» əнін шырқаған Маржан Арапбаева көптің жанарын жасқа толтырды. «Ұлытау үні» фестивалінен қанаттанған Айша Байбосынова «Бейбітшілік» атты əн шашуымен қуантты.

ЖҰРТ ФЕСТИВАЛЬМЕН ҚИМАЙ ҚОШТАСТЫ

Жезқазған қаласы күнімен қатар тұңғыш рет жалауын республика деңгейінде көтерген ХХХ «Ұлытау үні» фестивалі де аяқталып, өз көрерменімен 2023 жылға дейін қоштасты.

Фестиваль аясында ұйымдастырылған мəнді де мағыналы шаралар Халықтар достығы мен мəдениеті үйінде түйінделді. Қазақстанның өнер жұлдыздары Жанғали Жүзбай, Ардақ Балажанова, Клара Төленбаева, «Хассак» (Алматы), «Сарыарқа» (Нұр-Сұлтан), «Ақмешіт» (Қызылорда), «Ақжелең» (Қостанай), «Алтын Орда» (Жезқазған) қалаларының фольклорлық ансамблдері жиналған қауымды ерекше көңіл-күйге бөлеп, құлақ құрышын қара домбыра мен қобыздың, сырнай мен жетігеннің үнімен қандырды.

Фестивальдің жабылу салтанаты да жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Фоеде қазақтың иісін аңқытқан «Ұлытау үні» фестивалі — халық өнерінің мерекесі» атты шежірелі көрме, сондай-ақ Жақсыкелді Сейіловтің өмірі мен шығармашылығын арқау еткен танымдық көрмені ұйымдастырды.

Береке Көшеновтің «Ұлытау» əнімен түндігі түскен фестивальде өнер көрсеткен этно-фольклорлық ансамбль ұжымдары қала əкімінің Алғыс хатымен, сондай-ақ арнайы мүсіншімен марапатталды. Ал жұртшылық өркениет көшіндегі өрелі өнер байқауымен қимай қоштасты.

Ізтай БЕЛГІБАЙ