Ұлытау – Елорда төрінде

Нұр-Сұлтан қаласы Тәуелсіздігіміздің символы іспеттес. Бұл қала тегеурінді тәуекел мен бекем бел буу нәтижесінде өмірге келген жаңа астана. Шаһардың көркеюіне бүкіл қазақстандықтардың атсалысқаны белгілі. 2018 жылдың 5 шілдесінде Астананың 20 жылдық мерейтойына орай, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қарағанды облысы Елордаға ерекше сый жасағанда, «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық-музейі де айтарлықтай еңбек сіңірді.


Сол жолы қазыналы Қарағанды Алаш жұртының орталығындағы аллеяға Ұлытаудың есімін беріп, айрықша бітімде абаттандырған болатын. Әуелі алыстан көз тартатын «Қазақ еліне мың алғыс!» монументін орнатты. Сонда «Ұлытау аллеясы» мен монументтің ашылу салтанатына Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, Қарағанды облысының бұрынғы әкімі Ерлан Қошанов қатысқан еді. Сол кезде «Ұлытау аллеясын» жәдігерлермен толықтыру мақсатында «Ұлытау» ұлттық қорық-музейі де үлес қосты. Аллеяға Ұлытау өңіріндегі Теректі әулие, Байқоңыр петроглифтерінің, Әмір Темірдің Алтыншоқыда қалдырған жазбасының, қола және темір балқытуға арналған пештердің, Ұлт ұясында кездесетін балбал тастардың, Хан Ордасы тасының көшірме нұсқалары, сондай-ақ, Арқа төсіндегі киелі жануар – ақбөкендердің мүсіндерін орнатуға музей ұжымы біркісідей атсалысты.
Қазір «Ұлытау аллеясы» құнды жәдігерлердің көшірмесімен толыққан әдемі кейіпте. Аллеяның жаяу жүргіншілерге арналған жолының ұзындығы – 190, 3 метр, ені 18,6 метрді құрайды. Алыс-жақыннан және сыртқары елдерден келген меймандарды қабылдайтын тамаша орынға айналды.
Бүгінгі күні бұл аллея Қазақ Елінің географиялық кіндігі саналатын көшпелі түркі жұртының айрықша қастер тұтатын мекені – Ұлытауды ерекше сипаттап тұрған тәрізді. Сонысымен аллея басқаларға қарағанда, көрнекті, тарихи негізі бар орын саналады. Біз де Астана мерейтойына осындай мағыналық, мазмұны бар тарту жасағанымызды мақтан тұтамыз. Бас шаһардың келешегіне үміт артып, ертеңіне зор сеніммен қараймыз.

Баян ШАЙГӨЗОВА,
«Ұлытау» ұлттық тарихимәдени және табиғи қорық-музейінің Бас қор сақтаушысы.