ҰЛЫТАУ – БОЛАШАҒЫ ЗОР ОБЛЫС
Үстірт қараған адамға Ұлытау облысының құрамында қамтылған аудан, қалалары аз сияқты көрінгенімен, шындап келгенде олардың әлі ашылмай жатқан ішкі әлеует, мүмкіндігі өте зор.
Бүгінде өндіріс салалары тармақтала жетіліп үлгерген «Қазақмыс» корпорациясының облыс дамуына қоса алатын мүмкіндігінің қаншалықты қуатты екенін айтпағанның өзінде, кезінде әрқайсы жеке-жеке өндіріс ошағы ретінде әйгілі болған Қаражал, Жәйрем, Жезді, Қарсақбай жерлеріндегі өндіріс орындары жаңғыра қуаттанса, олардың әрбірі өз маңайына ғана емес, тұтас облыс экономикасына серпін бере алары анық.
Жезқазған қаласының қос қанатындай болып орналасқан Ұлытау мен Жаңаарқа аудандарында да ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру бағытында әлі ашылмай жатқан мүмкіндік мол. Бұл ретте мал өнімдерін, егін, бау-бақша өнімдерін көбейту ісіне ден қою абзал болар еді. Мәселен, төрт түліктің басын көбейтумен бірге, қазіргі технологияларға сүйене отырып, сол малдан алуға болатын ет, сүт өнімдерін түрлендіру, ішек-қарны, сүйек, тұяғына дейін кәдеге жаратудың жолдарын қарастыру жөн.
Осы тәрізді, егін мен бау-бақша өнімдерін көбейтудің де орайы бар. Ол үшін Мемлекет Басшысы Қ.-Ж. Тоқаевтың жерді тиімді пайдалануға байланысты айтқан тапсырмаларын басшылыққа ала отырып, бірінші кезекте облыс жерінің қаншалықты дұрыс пайдаланып жатқаны қатаң тексеріліп, нәтижесіне қарай шешім шығарылуы керек.
Аталған екі аудан да кезінде егін шаруашылығымен айналысқан. Ол жағынан тәжірибесі бар. Демек, қолдау болса, облыс аумағындағы төрт түлікке қажетті жем-азығын өздері дайындап алумен ғана шектелмей, осы мәселеде жиі қиындық көретін Маңғыстау жеріндегі шаруашылықтарға да көмек қолын соза алар еді.
Ұлытау облысын арындаған өзендер кесіп өтіп жатпаса да, бау-бақша шаруашылығымен айналысуға мүмкіндік беретін шағын су көздері бар. Солардың төңірегінде бау-бақша салып, олардың өнімдерін өңдеп, түрлерін көбейте білген жағдайда бұл бағытта да облыстың өзін өзі қамтамасыз етуіне шамасы жетер еді деп ойлаймын.
Жалпы, Ұлытау, Жаңаарқа аудандарының әрқайсында ауыл шаруашылығы өнімдеріне бағытталған кластерлік жүйе түзіп, аудандар аумағындағы ауылдар мен қалаларда арнайы цехтар, шағын зауыттар ашу арқылы кәсіпкерлікті де, жұмыспен қамту мүмкіндігін де ұлғайтуға болады.
Ұлытау облысы – туризмді дамытуға аса оңтайлы аймақ. Ұлытау төңірегіндегі әйгілі ескерткіштермен қатар, Жаңаарқа жерінде де туристерді қызықтыратын тарихи жәдігерлер баршылық. Бұл тұрғыда атқарылуға тиіс алғашқы шаруа – облыстың біртұтас туристік картасын түзу, түрлі бағыттарды белгілеу және сол бағыттар бойынша туристерді тарту жұмыстарын жолға қою.
Аталған шаруалардың қай-қайсы да берекелі нәтижеге жеткізу үшін бірінші кезекте шешілуге тиіс күрмеулі мәселе – жол. «Жезқазған-Қызылорда», «Жезқазған-Арқалық», «Жезқазған-Қарағанды» тас жолдарының барлығы да Ұлытау облысының күретамырлары іспетті.
Жаңа облыстың тамырына қан жүгіртетін жолдарда кедергі болмаса, ел игілігі де молая берері анық. Іске сәт!
Кенжебай АХМЕТОВ,
ақын.