Ұлытау ауданының әкімі Аманжол МЫРЗАБЕКОВ: «Әлеумет мүддесі – бәрінен биік»
Ұлытау – ұлт ұясы, Алты Алаш баласына тән қадір мен қасиет атаулының қайнар көзі. Бүгінде қасиетті өңірге жүйелі жұмыстар жүргізіліп, аудан әкімдігі тарапынан айтулы шаралар қолға алынуда. Жыл сайын ауданда ауқымды жұмыстар екпінді жүргізіліп жатыр. Алға жылжу бар десек, артық айтқандық емес. Жоспарлы жұмыстардың уақытылы аяқталуы аудан халқын да қуантып отыр. Бүгінгі күні сол жаңартылған жұмыстардың нәтижесі Ұлытау ажарын айшықтай түсті. Әлі де іске асатын жаңа жобалар келер күннің еншісінде.
Осы орайлы сәтте атқарылған жұмыс ауқымын зерделеп, алдағы жоспарлы шаралардың мәні мен маңызын тереңірек пайымдау мақсатында Ұлытау ауданының әкімі Аманжол МЫРЗАБЕКОВТЫ әңгімеге тартып, біраз мәселе төңірегінде тілдескен едік…
– Аманжол Батырбекұлы, көптеген мәселелердің ойдағыдай шешілуі әкімдерге тікелей байланысты. Ниет болса, қолда бар мүмкіндіктерге сүйене отырып, көп мәселелерді шешуге болады. Оны өзіңіз де дәлелдеп жүрсіз. Сіздің аудан әкімі болғаныңызға үш жылдай ғана уақыт болды. Осы аралықта ауданның экономикалық-әлеуметтік дамуында айтарлықтай жетістіктер болғаны анық. Ал, дәл қазір ауданның ауыл шаруашылығы саласына қандай көмек көрсетіліп жатыр? Әңгімені осыдан бастасақ…
– Өзіңіз білесіз, біздің аудан еліміздегі ең ірі аумақтық аудан. Бірнеше облыспен шектеседі. Жалпы аумағы – 122,9 мың шақырымды құрайды. Жеріміз табиғи қазба байлықтарға толы, өнеркәсіппен қатар, ауыл шаруашылығы мол әлеуетке ие өңір. Бүгінде ауданымыз әлеуметтікэкономикалық жетістіктерге қол жеткізіп отырғаны белгілі. Әлі де даму серпінін жалғастыра береміз. Ауданда 2023-2024 жылдары «Ауыл аманаты» бағдарламасы шеңберінде біршама жұмыстар іске асты. Өткен жылы «Ұлытау» ӘКК арқылы «Ауыл аманаты» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында аудан тұрғындарына 1 млрд. 174 млн. теңге көлемінде несие берілді. Оған 1474 бас жылқы, 779 бас ірі қара, 452 бас қой сатып алынды. Қалғаны 8 жоба бойынша өңірді дамытуға бағытталған жобаларды іске асыруға жұмсалды.
Бұдан бөлек, 2023 жылы 645,0 млн. теңгеге 50 дана ауыл шаруашылығы техникалары сатып алынды. Оның ішінде, 545,1 млн. теңгеге «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы лизингке 36 дана ауыл шаруашылығының техникалары алынды. Одан кейін 2024 жылы 697 млн. теңгеге 60 дана ауыл шаруашылығы техникаларын алдық. Осының ішінде 27,0 млн. теңгеге «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы 31 техника, 12 трактор, 1 комбайн, 18 басқадай ауыл шаруашылығы техникалары алынып, ауданның біраз техникалары жаңартылды. Одан кейін «Агро несиелік корпорациясы» АҚ арқылы 26 техниканы сатып алуға 361,1 млн.теңге берілді.
Тағы бір айта кетерлігі, 2024 жылы ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге мемлекеттік қолдау шаралары аясында 365 шаруа қожалығына 518 млн. теңге көлемінде субсидия берілді. Бұл – ауыл шаруашылығы саласын дамытуға мемлекет тарапынан жасалып отырған үлкен көмек.
– Аманжол Батырбекұлы, үш жыл уақыт ішінде ауданда ел сүйсінетіндей маңызды істерді жүзеге асырдыңыз. Соның бірі – фельдшерлік-акушерлік пункттердің салынуы. Осыған да қысқаша тоқтала кетсеңіз…
– Иә, ауданда өткен жылы фельдшерлік-акушерлік пункттер бой көтерді. Сарысу, Қаракеңгір ауылдарындағы фельдшерлік-акушерлік пункттер 2024 жылы толығымен аяқталып, бүгінгі таңда қабылдау, алым-берім жұмыстары жүргізілуде. Сол сияқты, Терісаққан, Мибұлақ, Борсеңгір, Қоскөл, Байқоңыр ауылдық округтеріндегі фельдшерлік-акушерлік пункттердің құрылыс жұмыстары былтыр аяқталып, оларда алымберім жұмыстарын жасау үстінде. Сондай-ақ, Айыртау елді мекені мен Ақтас кентінде салынған медициналық пункттердің жұмысы бүгінгі күні толығымен аяқталып, қазіргі кезде алым-берім жұмыстары жүргізіліп жатыр. Егінді, Шеңбер, Алғабас, Пионер ауылдарында медициналық пункттер құрылысы былтыр басталған, биыл қалған жұмыстарын жалғастырады.
Бұдан бөлек, аудан орталығындағы салынып жатқан аурухананың қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының 70 пайызы аяқталды. Сәті түссе осы жылдың ішінде пайдалануға беріледі. Жалпы айтқанда, медицина саласына беріліп жатқан көмек аз емес. Шамамыз келгенше, қолдау көрсетіп отырмыз.
Бір айта кетерлігі, биылғы жылы Қоскөл ауылына жаңа жедел-жәрдем көлігін табыс еттік. Енді сәті түссе Терісаққан ауылына да жедел-жәрдем көлігін беру жоспарда тұр.
– Өзіңіз де біліп отырсыз. Бүгінгі күні көлікпен жүретіндер саны арта түспесе азая қоймасы анық. Осы орайда, аудандық дәрежедегі және елді мекендегі көшеішілік жолдарға қатысты не айтар едіңіз?
– Аудан бойынша аудандық дәрежедегі және елді мекендегі көшеішілік жолдарға 2023 жылы – 45,4 шақырымына, 2024 жылы – 24,5 шақырымына жөндеу жұмыстары жасалды. Өткен жылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Қаракеңгір ауылдық округі мен Жезді кенті жолдарының 13,1 шақырымы жөндеуден өтті. Мұнымен қоса «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша жергілікті бюджеттен қаржы бөлініп, Жыланды ауылындағы ауылішілік көше жолдарына және Қарсақбай кентінен теміржол станциясына дейінгі автокөлік жолдарына, Қарсақбай кентіндегі Сәтбаев және Болман ауылішілік көше жолдарына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, биыл аудан орталығындағы Рәміздер алаңына дейінгі 0,25 шақырым кірме жол мен Айыртау елді мекеніне дейінгі 5,5 шақырым кірме жолға орташа жөндеу жұмыстары жасалады. Сонымен қатар, Сарысу ауылының кіреберісі мен көшелеріне және Аманкелді ауылдарының кіреберіс жолдарына орташа жөндеу жұмыстары жалғасатын болады. Сонымен қатар аудандық дәрежедегі Қоскөл-Терісаққан бағытындағы тасжолға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
– Енді құрылыс саласына ойыссақ, ауданның экономикалық күш-қуаты, оның әлеуметтік тұрғыдан ілгері басуы құрылыс саласының дамуына байланысты ғой. Ал, біздің аудандағы құрылыс жұмыстарының жайы қалай?
– Ауданымызда жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстары аз емес. 2023 жылы Жезді кентіндегі Бұлқышев, Тоқтыбаев көшелеріндегі кәріз жүйелеріне жөндеу жұмыстары жүргізілді. Егінді әкімшілік ғимаратының сыртқы қасбетіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жасалынды. Терісаққан ауылының Қоскөл елді мекеніне Wi-ti қондырғысы орнатылды. Былтырғы жылы Шеңбер ауылының «Ащылысай» суағарына қосымша құбыр салынып, ауыл халқының көптен бері көтеріп жүрген мәселесі шешілді. Бұдан бөлек, Жанкелді ауылының кіреберісіне арка орнатылып, ауыл ажары ашыла түсті. Жезді өзені арнасы арқылы өтетін кәріз жүйесінің бір бөлігіне айырбастау жұмыстары жүргізіліп, кенттегі жаяу жүргіншілер көпіріне және су тасқынынан зардап шеккен тұрғын үйлерге ағымдағы жөндеу жұмыстары жасалынды.
Өткен жылы Қаракеңгір ауылында жабық футбол алаңы салынды. Осындай алаң 2025 жылы Терісаққан, Қоскөл ауылдарында да салынатын болады. 2024 жылы аудан бойынша Ұлытау, Қаракеңгір, Қоскөл, Жанкелді ауылдарында 8 жаңа үйлердің құрылыстары аяқталды. Осы бірекі жылдың көлемінде Тұрғын үйге мүқтаж халықтың әлеуметтік осал топтарын және кезекте тұрған азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін Ұлытау селосында 2023 жылы «Самға» ЖШС құрылыстар салуды бастаған. Соның бірі Абай көшесі бойындағы 32 пәтерлі үй болатын. Осы 32 пәтерлі үйді конкурс арқылы сатып алу көзделген. Оған бюджет көзінен 574 248,0 мың теңге бөлінді. 2024 жылдың желтоқсанында жалпы ауданы 1770,6 шаршы метр болатын үшқабатты 32 пәтер сатып алынды. Сәтін салса, тұрғындарға жақын күндері пәтер кілттері табысталады.
Бір айта кетерлігі, Ұлытау селосының Иманжан көшесі бойындағы өзен жағалауына ұзындығы 2,1 шақырымдық каскадтар жүйесі мен автокөлік жолдарының құрылысы және абаттандыруға жобалау-сметалық құжаттары әзірленіп, 1,105,3 млн. теңгеге сараптама қорытындысы алынды. Мердігерді анықтауға мемлекеттік сатып алу конкурсында 937 275, 1 мың теңгеге «Монолит Дизайн-2030» ЖШС жеңімпаз болып анықталды. 2024 жылы мердігермен 7318,8 мың теңгеге аванстық аударымға жер жұмыстары атқарылды. 2025 жылы жұмыстарды жалғастыруға жергілікті бюджеттен 210 000,0 теңге қаражат қарастырылды. Қазіргі уақытта келісімшарттар тіркеліп, мердігерден жұмыс өндіру кестесі алынды. Бүгінгі күні құрылыс-монтаждау жұмыстарын жоспарлау үстінде.
Ал, былтыр аудан орталығындағы Асатов көшесі бойындағы жазғы саябақ ішінен жабық жүзу бассейні құрылысын салу жоспарланған болатын. Оның жоба құны 1156,5 млн. теңге болып отыр. Оған 2024 жылы жергілікті бюджеттен 53,4 млн. теңге бөлініп, мердігерді анықтауға ашық конкурс жарияланды. Конкурс қорытындысы бойынша «CK NEW CITY» ЖШС мердігер ретінде анықталып, 2024 жылдың 24 сәуірінде 1 090 691,8 мың теңгеге шарт жасастық. 2024 жылдың маусымында техникалық қадағалауға конкурс жарияланып, 20 353,7 мың теңгеге «Керемет 01» ЖШС жеңімпаз ретінде анықталып, шарт жасалды. Одан кейін 2025 жылғы құрылыс жұмыстарын жалғастыру үшін жергілікті бюджеттен 107 469,0 мың теңге, республикалық бюджеттен 835 996,0 мың теңге, жалпы 943 465,0 мың теңге бөлінді. Аванстық төлем 243 млн. теңге республикалық бюджеттен аударылды. Бүгінгі күні құрылыс жұмыстарын әрі қарай жалғастыруда.
Тағы бір айта кетерлігі, Тайжан көшесіндегі бір пәтерлі, үш бөлмелі, 10 коммуналдық тұрғын үйді және «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы» көшесіндегі 10 коммуналдық тұрғын үйді инженерлік коммуникациялық инфрақұрылымға жеткізу желілерін салу және абаттандыру жұмыстарын жүргізу бойынша біраз жұмыстар жасалды. Биыл Ұлытау ауданы бойынша 13 антенна-діңгек құрылысын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттар толығымен жасалып аяқталды. Бұл антенна-діңгегі ұялы телефон алмайтын аймақтарға орнатылады. Ұлытау ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ауласына «ARYSTAN IT GROUP» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен 13 999,9 мың теңгеге келісімшарт жасалып, көлемі 6*3 метр ЛЭД экраны орнатылды. Сондай-ақ, аудандық спорт кешенінің жанынан 19 787,0 мың теңгеге жергілікті бюджет есебінен волейбол алаңы бой көтереді.
Биылғы жылға Борсеңгір ауылынан мал өлекселерін тастайтын орын салу жоспарға енгізіліп отыр. Осы жылы Терісаққан ауылының әкімшілік ғимаратының сырты жаңартылатын болады. Сонымен қоса, «Қызылсай» учаскесіндегі су өткізгіш құрылысына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. Алдағы мәселе – Алғабас ауылының көпіріне сметалық құжаттама жасалса, елді мекен атауын жаңадан орнатып, «Батырлар» алаңын салуды жоспарлап қойдық. Өздеріңізге белгілі, аудан орталығында бірнеше демалатын орындар, саябақтар бой көтерді. Былтырғы жылы Әулиетау етегіне «Рәміздер алаңы» салынып, қолданысқа берілді. Осының бәрі аудан орталығын көркейтуге бағытталған жобалар аясында жүргізіліп жатқан жұмыстар деп айта аламын.
– Аманжол Батырбекұлы, осыдан үш жыл бұрын тұрғындардың шағымданатын тізімінде балалар ойын алаңы көш бастап тұрушы еді. Дәл қазір осы мәселе түбегейлі шешімін тапқан сияқты. Осы жағына да тоқтала кетсеңіз…
– Оныңыз рас. Тұрғындар балаларға ойын алаңы салынса деп жиі шағымданатын. Қазір осы бағытта бірқатар жұмыстар жасалынып, ойын алаңдары қолданысқа берілді. 2023 жылдан бастап, Ұлытау селосына – алтау, Жанкелді ауылына – біреу, Жезді кентіне – екеу, Сарысу ауылына – бір ойын алаңдары салынып, қолданысқа беріліп отыр. 2024 жылы дәл осындай балалар ойын алаңы Борсеңгір, Егінді, Терісаққан ауылдарына да салынды. Биылғы жылы ойын алаңдарымен Ұлытау, Шеңбер, Алғабас, Борсеңгір ауылдарын қамтуды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар ауылдық округтерден спорттық алаңдар салу жоспарда тұр. Жалпы айтқанда, бұқаралық спортты дамыту – алдыңғы орында тұрған мәселе.
– Қарап отырсақ, ауданда ілгерілеу мен даму байқалады. Село ажары да күннен-күнге көркейе түсуде. Әрбір көше бойындағы бағандарға қуат үнемдегіш диодты жарық желілері тартылған. Осы бағыттағы ауданның жарықтандыру жұмыстары туралы да айтып өтсеңіз…
– Жалпы, аудан бойынша жарықтандыру жұмыстары қалыпты деңгейде деп айта аламын. Барлық кент, ауылдық округтерге, ауылішілік жарықтарды жаңартуға, оны күтіп-ұстауға жыл сайын қаржы қарастырып отырмыз. Қолымыздан келгенше, тұрғындардың ұсынысы бойынша бірқатар жұмыстарды жүзеге асырдық. Ұлытау ауылы мен Жезді кентінің кіреберісіндегі жолдың жиегіне жаңа бағандар орнатылып, жарықтандыру жұмыстары жасалынды. Енді Борсеңгір ауылының көшелеріне жарықтандыру жұмыстары жүргізілмекші. Қорыта айтқанда, көшелерді жарықтандыру жұмыстары ойдағыдай жүргізіліп жатыр.
– Ауданда түбегейлі шешімін таппай тұрған түйткілді жәйттің бірі – ауызсу мәселесі еді. Былтырдан бері осы мәселе қалпына келген сияқты. Осының жөн-жосығын өз аузыңыздан естісек…
– Ауызсу мәселесін бір жүйеге келтіру үшін бірқатар жұмыстар атқарылды. Әлі де атқарыла бермек. 2023 жылы елді мекенді ауызсумен тұрақты қамтамасыз ету мақсатында Сарысу ауылындағы Бейбітшілік, Сейфуллин көшелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, сүзгі орнатылды. Жанкелді ауылына су мұнарасы орнатылып, суды тұщылайтын қондырғы қойылды. Өткен жылы Жезді кентінің Иманжан көшесіндегі су құбыры желісіне жөндеу жұмыстары жүргізіліп, Терісаққан, Жанкелді ауылдарының ауызсу мұнаралары ауыстырылды. Ұлытау ауылында қосымша су ұңғымасы қазылып, ауызсу көлемі бұрынғыға қарағанда аз да болса көбейтілді. Сарысу ауылының резервтік жерасты ұңғымасы орталықтандырылған сумен жабдықтау желісіне қосылды. Ал, биылғы жылы Борсеңгір, Алғабас ауылы мен Жезді кентінің ауызсу құбырына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Ұлытау ауылындағы ауызсу жүйесін тексеріп, қабылдауды биылғы жылдың еншісіне қалдырып отырмыз. Сарысу ауылының су қондырғысына да ағымдағы жөндеу жұмыстары жасалынады. Аудан аумағындағы кенттер мен ауылдық округтердің әкімдеріне ауызсуды күтіп-ұстау, ауыл халқын ауызсумен қамтамасыз етуге арнайы қаржы қарастырылған. Қазір ауызсу мәселесі бірте-бірте бір жүйеге келтірілуде. Сондықтан жылдан-жылға ауызсу мәселесі туралы проблемалар шешіліп келеді.
– Өткен жылы ауданның 85 жылдығында өңірдің бақуатты азаматтарына, алып кәсіпорын басшыларына үн тастап, демеушілікке тарттыңыз. Бұған көпшілік риза. Сол демеушілердің көмегімен іске асқан жұмыстарыңызды атасаңыз…
– 2024 жылы аудан орталығына «Домбыра мен Қобыз» мүсіндері орнатылды. Бұл қазақ халқының мұңы мен зары, қуанышы мен күйініші, қайғысы мен қасіреті, аңсаған арманы, былай айтқанда, іздеген мұраты бір кездері домбыра мен қобыз шанағынан төгіліп жатқаны анық. Біз сол музыкалық аспаптарды ұлықтадық. Аудан орталығына орнатылған «Домбыра мен Қобыз» шағын архитектуралық ескерткіш болғанымен ұлттық құндылықтарымыздың айғағы. Осы мүсіндерді орнатуға іргелі кәсіпорындар – «Самға және НЭРИС» ЖШС демеушілік жасады. Ал, ауданның мерейтойлық журналын шығаруға «Алмас Құрылыс «Kazakhstan” компаниясы қолдау көрсетті. Бұдан бөлек, «Петро Қазақстан Құмкөл Ресорсиз», «Қор» Торғай Петролиум», «С-Мұнай» компаниялары мерейтой аясында демеуші болды. Осы демеушілердің көмегімен ауданда көптеген маңызды әлеуметтік жобаларды іске асырып, халық игілігіне жараттық.
Біз тек, мерейтой кезінде ғана емес, басқа уақыттарда да демеушілер көмегін пайдаландық. Спортшыларымыздың Қазақстан чемпионатына, Көшпенділер ойынына, самбодан Әлем чемпионатына, сонымен қатар Азия ойындарына қатысуына демеушілер жәрдемдесіп, көмек жасады. Биылғы жылы Ұлытау селосының бір шетіндегі «Тасбұлақ» айналасы абаттандырылады. Бұл істің іске асуына «Қазақмыс» корпорациясы демеушілік жасағалы отыр.
– Өңірде көгалдандыру жұмыстары қалай жүргізіліп жатыр?
– Біз жыл сайын өңірді көркейтуді қолға алып отырмыз. Жасыл желекпен айналаны гүлдендіру басты назарда. Биыл Жанкелді ауылының кіреберіс жолының екі жағын көркейтуді мақсат еттік. Өткен жылы ауданда өсімдік шаруашылығын дамыту мақсатында «Питомник» аштық. Питомникке көшеттер отырғызу үшін Ұлытау селосының бір бүйіріндегі Дүтбай сайына 30 жыл бойы егістік егілмеген тың алқаптан 5,0 гектар жер бердік. Бұл алқапқа Алматы қаласындағы «Назерке» жеке кәсіпорны 50 мың түп қылқан жапырақты ағаштарын отырғызды. Бүгінгі күні жұмыстарын әрмен қарай жалғастыруда. Нақты айтқанда, көгалдандыру жұмыстарын назардан тыс қалдырып тұрған күніміз жоқ.
– Аманжол Батырбекұлы! Халық арасында «Әкім бол, халқыңа жақын бол» деген сөз бар ғой. Сіз халыққа қаншалықты жақындай алдыңыз?
– Жалпы, менің ойымда халықтан алшақтау деген ой жоқ. Мейлінше халықпен жақын жүруді қалаймын. Қай уақытта болса да халықпен жүздесуден ешқашан тартынған емеспін. Өйткені, әлеумет мүддесі – бәрінен биік!
– Сауалдарға жауап беруге уақыт бөлгеніңіз үшін рахмет!
Әңгімелескен
Қайрат ЖҰМАБАЙ.