Ұлытау: қасиеті мен маңызы

Әр адамның өмірінде шешуін таппаған, түйткіл мәселелер, өмір жолында кезігетін қиындықтар болып тұрады. Ол – өмірдің заңы. Мұндай жағдайлар жұмыста да, отбасында да, күнделікті өмірде де кездесіп жатады. Сол кезде «Неге мұндай жағдай менің басымнан өтіп жатыр? Мен кіммін? Нені қалаймын және қайда барамын?», деген толассыз сауалдар санаңды мазалары хақ. Өмірдің мән-мағынасын, өзіңді іздеу, эволюция басталады. Даму жолдары мен дүниетанымдағы тірлікті, өзіңнің өмірің мен өмірлік кармаңды іздестіре бастайсың. Осындай кезде адам әрдайым өмірлік күш-қуатын толықтырып, бабалардан жеткен киелі орындарды іздей бастайды.

2018 жылы Жапонияға барған сапарымда, жапондықтар киелі санайтын, өзім үшін Фудзияма тауына шықтым. Фудзияма – жапон халқының ерекше қастерлейтiн, ұлттық символына айналған тау. Жапондықтар оны ұлт, намыс, үйлесім, тазалық тәрізді іргелі түсініктерімен байланыстырады. Ең бастысы – жапондықтар үшін тау Отан ұғымымен тікелей байланысты. Бұрында әр самурай үшін Фудзияма тауына шығу парыз болып саналатын. Әр жапондықтың санасында туған үйі, отаны, бабаларының жері осы таумен байланысты, олар үшін бүкіл әлем осы таудың айналасына шоғырланған.
Ал, біздер, қазақтар үшін әлем тауымыз бар ма? Әрине бар! Өзінің аты айтып тұрған, қазақ үшін Ұлытаудың орны ерекше. Ұлттың тарихы, салтдәстүрі мен әдет-ғұрпы Ұлытаудан бастау алады.. Рухани әлемнің кіндігі, Ұлытаудың жүрегі – Ақмешіт әулие (Әулиетау). Бұл тауды тәңір өзі таңдаған. Аңыз бойынша, Әулиетау шыңы аспанға жақын, аспан мен жердің бір-бірімен кездесетін орны. Сондықтан да, ежелден Әулиетау киелі күштердің ордасы, салт-дәстүрдің адам табиғатпен нәзік деңгейде байланысқа түсетін қасиетті орны болып саналған. Сол себептен де Ұлытауға тәу етушілер қатары ешқашан толастаған емес және толастамайды да. Жапондықтардың синтоизм жақтаушылары тәрізді қазақтар үшін де, Тау – Аспан мен Жерді байланыстыратын көпір болып табылады. Ежелден біздің ата-бабаларымыз Әулиетаудың басына шығып, Жаратушыға жақындауға болады деген наным-сенімде болған. Сондықтан да бұл тау алабы «Ұлытау» аталған. «Ұлы» сөзі тек Жаратушыға лайық. Теңі, теңдесі жоқ жаратушыны «Ұлы» — деп мойындаған.
Бұл тауға мен жылда шығамын. Көп адамдар сияқты таудың күш-қуат беріп, тазартатын, емдеп, қорғайтын қасиетіне сенемін. Қазақ халқы әрқашан жігерін, күш-қуатын толықтырып, тағзым ету үшін киелі орындарға барып тұрған. Бұл бір, жыл сайынғы дәрігерлік тексеруден өту іспеттес. Бұл тауда сіз табиғатпен байланысқа түсіп, тілдесіп, өмірде кездесетін көптеген сауалдарға жауап іздеп, тіршілікте кездесетін проблемаларыңызды шешудің жолдарын таба аласыз.
Сондықтан да, құрметті оқырман, бүкіл пендешілік тіршілікті, айналаңыздағы қарбаласты, проблеманы, ақпараттық шуды бір сәтке тастап, Қазақстанның тарихи және географиялық орталығы, қазақ халқының алтын бесігі – Ұлытауға келіңіз. Ол үшін картадан Ұлытау облысындағы Жезқазған қаласын тауып, солтүстікке қарай 130 шақырым орналасқан аудан орталығы – Ұлытауға барасыз.
Сіз тағдыршешті шешімдер қабылданған, ежелгі киелі орынға аттанғандығыңызды ұмытпаңыз. Мұны құр қыдыру қызығушылық үшін жасамаңыз. Турист ретінде емес, зиярат етуге баратындай жиналыңыз. Әйтеуір барып келу керек деген ойдан аулақ болыңыз. Егер сеніміңіз болмаса, мүлдем бармағаныңыз абзал.
Әулиетауға саяхат – бұл өзіңізге, өзіңіздің жүрегіңізге деген саяхат. Ақылыңыз бен жан-дүниеңізді айқара ашуға және Таудан даритын ізгі ниетті тауып, қабылдауға әзір болыңыз. Алдыңызға ешқандай жоғары міндет қоймаңыз, рухани сезімге, өсуге және өз-өзіңізді жеңе білуге, рухани тазаруға және өзгеруге ниеттеніңіз. Әулиетауға жиі шығатындар ғажайып энергия кейбір адамдарды тауға жібергісі келмейді деп те айтып жатады. Кей кездері «қазір жүгіріп шығамын, оның несі қиын?», деп ойлаған, өз-өзіне сенімді жастар, тіпті спортшылар, түрлі себептермен жарты жолдан қайтып кетіп те жатады.
Міне, қазір Ұлытау ауылының шетінде оның кіндігі, бастау алатын тамыры «әлемнің орталығы» болып саналатын, киелі тауға қарап тұрмын. Тауға жақындаған сайын өміріңде бір өзгеріс болатындай сезінесің. Тау биігіне көтерілген сайын жұмбаққа толы тылсым табиғаттың қыр-сырына тереңірек үңіле түскің келеді. Ерекше бір толқыныс сезім пайда болады.
Жердің адам сенгісіз тылсым бөлігі. Беймәлім күштер мекені. Бұл ежелден адам баласы Құдайға тағзым етіп, құпия ілімді меңгеру үшін таңдап алынған орын. Данышпан білімпаздар жан дүниеңізді ашып, жақындаған сәтте таудың шексіздігін сезінесіз деген сенімде. Сондықтан мен де тауға таза жүрекпен, таза ниетпен шығамын деген сенімдемін.
Көптеген зиярат етушілер тау басына шыққанда наным-сенімдеріне қарамастан, таудың айқын әсерін сезінеді. Мен де тау етегінде-ақ тау құдіретін талай рет сезінген жанмын. Тіпті бойыңда физикалық және рухани деңгейде адам сенбес ғажап нәрселер болып жатады. Кейбір адамдар бәзбіреулермен сөйлесіп, есіней береді, біреуге сыйынады, күліп те жатады. Көпшілігі үндемейді, өйткені бойын бір ғаламат сезім жайлайды. Бұл тау өзінің тылсым құбылыстарымен де ерекшеленеді.
Ықылым заманда тауға белгілі бір дайындық болмаса, шығуға рұқсат етпеген. Жоғарыға шығу қандай да бір әрекеттерді талап етеді. Бұрынғы адамдар энергияның осы күші мен олардың адамдарға әсері жайлы білген. Зиярат етушілер тылсым күштермен байланысқа шыға алатындай жағдайға жету үшін, рухани дайындық жасағаны да белгілі.
Бағдарымыз басталатын, Ембұлақ қайнары – тіршілік көзі, көптеген ұлы өзендердің бастауы. Бұл жердегі жүрер жолыңыз жазықтау болып келеді. Егер бұлақты адам өмірімен салыстырсақ, бұл сіздің – ұрық кезіңіз, жазық жол – сіздің ананың құрсағындағы шағыңыз. Өзеннен өткен сәт, бұл – дүние есігін ашуыңыз. Бұл жол да сіздің бұралаңы көп өміріңіздей, бұталар, ағаштар кездесіп, күрделене түседі. Таудың етегіне келіп, жоғары қарай көтерілесіз, бұл сіздің жастық шағыңыз іспеттес. Тауға шығу сәті қиындай түседі. Өтуі ең қиын жерге де жетесіз. Тау сізді кедергілерімен сынай түседі. Аяғыңыз ауыр тартып, әр қадамыңызды қиындықпен басасыз. Тіпті тау басына шыға алмаймын деген ой да келеді. Бірақ, сүрлеу – өмір жолы және одан қалай болған да өту керек деген ой күш беріп, жолыңызды жалғастыра бересіз. Кейбір адамдар жиі тоқтап, демалып, ұзақ отырады, ал басқалары тауға шығудан бас тартып, қайтып кетіп те жатады. Барлығы да адам өміріндегі сияқты. Өйткені адамның өмірінде де мамандық таңдап, білім алып, отбасын құрып, мақсатқа жету керек болатын сәттер болады емес пе?! Әркімнің оған жету жолы да әр түрлі. Жолдың қиын сәттерінен өткен соң, аздаған еңістіктері бар, жазық жер басталады. Бұл шамамен адам өмірінің 35-45 жас аралығы. Көпшілігі бұл жерде Құдайдың құдірет күшін сезінеді. Біреу қолыңнан жетектегендей болады, жүру де оңайырақ. Бірақ босаңсымаңыз, алаңдамаңыз. Тек алға қойған мақсатыңызды жетуді ғана ойлаңыз. Сосын жаңа биіктіктер басталады, бірақ бұл өткен биіктерден жеңілдеу. Бұл адамның отбасының, туған-туыстарының және қызметі мен қоғам алдындағы жауапкершілігі артатын кезеңіне сәйкес. Ауыр күш екінші орынға түсіп, басқа бір жаңа дүние пайда болады. Жай-күйді білдіру қиындау. Пендешіліктен алыстауды ұғыну мен сезіну, шындықтың қандай да бір энергиясымен арпалысу сәті.
Ақырында солға қарай, Ұлытау тау сілемінің шыңы – Әулиетау жаққа бұрылған сәтте тау биігіне де жетіп қаласыз. Мұны өмірде дүниені танып, Құдіреттің болуын және өзіңнің Жаратушы жолына түсуің керек екенін саналы түрде ұғынған сәтіңмен салыстыруға болады.
Осы жерден тау шыңына дейінгі жерде жолыңызда бір-бірінен белгілі бір қашықтықта орналасқан, жеті әулиенің моласын кездестіресіз. Осы аралықтағы қашықтық сіздің санаңызға ой салар сәт тәрізді. Жол бойы сіз ойыңыздағы өзгерістерді сезініп, көзге көрінбес шекаралардан өтесіз.
Егер бұл төңіректің белгілі бір ағымы бар екенін сезіп, биікке жетелер ағыммен үйлесімде болсаңыз, тау сізге көптеген мүмкіншіліктер беретіндігіне көз жеткізесіз. Ең алдымен, тыйым салынған әрекеттерге жол бермеңіз. Аз сөйлеп, Жаратқанмен, аруақтардың рухтарымен тілдесуге ден қойыңыз. Өміріңізді ұмыт қалған кинотаспасы сияқты көз алдыңыздан өткізуге тырысыңыз. Ойланбаған және аңдаусыз әрекеттерден сақ болыңыз. Егер түкке тұрмайтын нәрсені айтпай, жан-жаққа жүгірмей, асықпай жүрсеңіз, бойыңызда әлдебір байсалдылық, мағыналылық пайда болады. Өзіңмен-өзің қалған сәтте адамда ой туындап, бойында сезім пайда болады. Бірақ бұл жағдай тек шынайы дайындалғандардың ғана басынан өтетін жайт. Барлығы адамның сеніміне қарай болады. Тылсым дүниені сезінбей, тау да тылсым бола алмайды.
Мысалы, Жапонияда Фудзи тауына шығу рухтары мықтылардың ғана қолынан келеді дейді. Сол сияқты тауға жай ғана шыға салуға болмайды. Бұл айрықша сүрлеу – киелі шыңға жеткізетін құпия жол, рухани жол, кармалық міндеттерді шешу жолы, өзгеру жолы, шешімдер қабылдау жолы екенін ұғыну қажет.
Алда Әулиетау шыңы менмұндалайды. Шың биіктей-биіктей, аспанға көтерілгендей әсер береді. Қараңғы қоюлана түсіп, алға қойған мақсат қол жетпестей көрінеді. Тағы жиырма минуттай уақыт өтеді. Міне, енді тау шыңына да жетесің. Соңғы әулиелер Тана ана мен Қали атаға арнап құран бағыштаймыз. Үмітің ақталғандай сезімдесің. Жеңілдік, өзіңді ұшқан құстай сезіну. «Біз мұны жасадық!» деген көңіл-күй. Бірақ бұл әлі қасиетті жолдың соңы емес.
Енді таудан түсіп келе жатқанда міндетті түрде Зердеш баба үңгіріне кіріңіз. Мүмкін жолыңыз болып, тау сіздің көне заман даналығының сырына үңілуге мүмкіндік береді. Егер осы үңгір қанша данагөй келіп-кеткенін санай алса ғой, шіркін!
Бабаларымыз таулар мен шөлдерді және үңгірлерді Алла Тағаланың сыйы санап, тағзым ететін орын деп таңдап алған соң, бірнеше ғасырлар бойы осы араға өздерінің әдет-ғұрыптарын орындауға, пендешілік қарбаластан оңашаланып, дүниетаным құпиясын тану және медиациялық күйге түсу үшін келіп тұрған.
Зердеш баба әлемдік дінге қатты ықпал еткен, зороастризмнің негізін қалаушы. Оны замандастары Дала пайғамбары деп атаған. Адамзат тарихындағы бір құдайды уағыздаған ең алғашқы пайғамбарлардың бірі, ойшыл ғұлама. Әрине, бұлай болудың да жөні бар, ол көшпенді ортадан шыққан, тәңірлік рухта тәлім-тәрбие алған жан. «Тәңірлік атауымен отанында кеңінен таралып, ең ежелгі дін, Парсы елінің байырғы тұрғындарының дінін ескере отырып, зороастризм деп атала бастады»,-дейді ғалым Мэри Бойс. Дін саласындағы танымал, ұлыбританиялық беделді ғалым өз еңбектерінде: «Зороастризмнің бастауын Еділдің шығысындағы қазақ даласынан іздеу керек», деп жазады. Діни тәрбие тұрғысынан зарастустра ілімінің ерекшелігі – Жаратқанға ғұрыптар мен құрбандықтар арқылы емес, қайырымды істер мен мейірімділік арқылы жетуге болады. Зороастризм адамзат баласына «ізгілікті ойға беріл», «ізгілікті сөз айт» және «ізгілікті іс тындыр» деп үш шарт қояды.
Жақсылық пен жамандық, қайырымдылық пен зұлымдық, сараңдық пен жомарттық, ерлік пен ездік т.б. сондай сан алуан қайшылықты қасиеттері бар адамның өзіндік санасы мен қоғамдық сана белсенділігін оятуда, ұрпақты имандылыкқа тәрбиелеуде аталған ілімнің атқарар қызметі аз емес. Аңыз бойынша, болашақ Пайғамбар жиырма жасында пендешілік өмірін тастап, ақиқатты табу мақсатында жер-жерді шарлап, тақуалық жолға түскен. Әлемді Жаратушының аян беруімен отыз жасынан бастап Ұлы Шындықты насихаттай бастайды. «Ұлытау» аңызы бойынша, Әулиетау – Зердеш бабаға Жаратушыдан аян түскенжәне құдай жолына түсуге шақырған жер деп айтылады, аңыздарда.
2011 жылы белгілі қазақстандық археолог, т.ғ.д., профессор Зайберт Виктор Федорович Әулиетау мен оның етегін зерттеп, Ұлытау қола дәуірінің, яғни, б.з.д. ІІ мыңжылдықтың өзінде-ақ киелі орын болған деген қорытындыға келді. Ұлытаудың түркілер заманында және одан кейінгі кезеңдерде де қасиетті мекен болғаны дәлелді қажет етпейді. Көшпенділердің ауыз әдебиеті киелі мекен жайлы аңыз-әңгімелерді, жыр-дастандарды ықылым заманнан рухани асыл қазына ретінде сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа мұра етіп, біздің заманымызға жеткізген. Біз үшін Зердеш бабаның заманында, қола дәуірінің кезеңінде бұл жердің зиярат етушілердің сыйыну мекен болғаны маңыздырақ. Әрине болашақ дала Пайғамбарының осы жерден алғаш аян алғаны анық.
2014 жылы Иранға барған сапарымда бірнеше зороастризм орталықтарын араладым. Сол кезде мен «Зороастризмнің Даладан бастау алғанын, оған Жаратқаннан аян сол жерде түскенін және өз ілімін сол жақтан әкелгендігін білесіздер ме?», деген сұрақ қойдым. Ирандықтар Зороастризмнің Ұлы Тұран жазығынан, яғни солтүстік өңірлерден келгенін растады. Ежелгі парсылар әрдайым Оңтүстік Сібір мен Қазақстанды өздерінің солтүстік аумағы деп санаған. Түптеп келгенде, археологиялық зерттеулердің нәтижелеріне сәйкес бұл шындыққа жанасады.
Егер б.з.д. ІІ мыңжылдықта Иранда мекендеген арийлік тайпалардың орал тауларынан келгенін және кейіннен атажұрты – Орал маңына, Оңтүстік Сібірге келіп кетіп жүргенін көптеген ғалымдардың мойындағанын ескерсек, онда Зердеш бабаның баруға ниет еткен жолы «тапталған сүрлеу» болғандығы анық. Оған аян берілгеннен кейін, ежелгі Иран жеріне аттанып, сол жердегі жергілікті билеушілердің қолдауымен Заратуштра ілімі танылып, таралады. Ол әр Құдайға табынатын жекелеген тайпаларды Жаратушы бір құдайға иландыруды көздеді. Сондықтан да «Заратуштра ілімі» деп аталған болар.
Рухани тұрғыдан қарағанда зиярат етушіліктің ең бірінші міндеті – өмірдің мәнін, айқын мақсатыңды түсіну. Егер зиярат еткеннен кейін, әлемдегі бір адам рухани тазаратын болса, бұл ұлы іс. Бұл сапарда сіз өткеніңізбен, өзіңізбен, Жаратқанмен сырласып, өзіңізге есеп беріп, рухани және физикалық тұрғыда тазарасыз. Таудың күш-қуаты ойыңызды, санаңызды өзгертеді. Бәлкім, бұдан кейін сіз игілікті істер істеп, өміріңізді өзгертерсіз. Жасаған зияратыңыздың көп адамға әсер етері сөзсіз. Бақытты болу үшін көп нәрсенің қажеті жоқ екенін түсіне бастайсыз. Өмірдегі ең маңызды нәрсе – өзің үшін ғана өмір сүру емес екенін түсінесіз. Табиғатты қорғау, әлемді қорғау – ең маңыздысы осы.

Бақтияр ҚОЖАХМЕТОВ,
өлкетанушы.