ҰЛЫТАУҒА ҰЛАРЫН «ОРАЛТҚАН» жас шебер Азамат БАҚИЯ жайлы үш үзік сыр
Қазақта шебер һәм һас шебер деген сөздер бар. Оның алғашқысы қолынан іс келетін кез-келген адамға айтылуы мүмкін, ал, екіншісі – екінің біріне айтыла бермейтін, қасиеті бөлек, ұғымы өзгеше, бірегей сөз. Бұл – тек көпшілікті елең еткізген айрықша сипатымен, табиғат сыйлаған дара дарынымен, өзгеше болмысымен танылған ерекше тұлғаға айтылатын дара сөз.
Біздің бүгінгі кейіпкеріміз, өзіндік дүниелерімен елді елең еткізіп жүрген жас шебер, музыка жанашыры, әсіресе, ұлттық музыка аспаптарының жоқтаушысы, қазақ айтатын нағыз сегіз қырлы, бір сырлы жігіт – Азамат БАҚИЯ осы «Һас шебер» деген атқа әбден лайық. «Неге?» дейсіз ғой…
БІРІНШІ СЫР немесе алғашқы қадам
2015 жылдың 23 қарашасында Халық музыкалық аспаптар мұражайында Түркі өркениетінен бастау алып, әлем халықтарына кеңінен тараған көне үрлемелі аспаптардың бірі – мессырнайдың тұсауы кесілді. Оны қайыра қалпына келтіруде, аспаптың қыр-сырын ашып, көптеген ізденістер арқылы жасалу әдістерін тануда үлкен қадам жасаған, оған «жан бітірген» жерлесіміз, Ұлытаудың ұланы – Азамат Бақия бауырымыз болды.
– Қазақтың көне ұлттық музыкалық аспаптарын жаңғырту, оның ішінде ұмыт болған аспаптарды қайыра қатарға қосу сонау сексенінші жылдардан бері қолға алынған екен. Оның басы-қасында ұлттық өнердің шынайы жанашырлары Өзбекәлі Жәнібеков, Нұрғиса Тілендиев аталарымыз жүріпті. Сол игілікті істі бүгінде біз жалғастырып жатырмыз. Менің қайыра жасап, жаңғыртқаным «Желбуаз» деп аталатын аспап. Ол шотландтықтардың «волынкасына» қатты ұқсайды.
Негізінен, мессырнай теріден жасалған, үрлемелі аспапқа жатады. Оның істелуі де, қолданылуы да күрделі болғандықтан, уақыт өте келе ұмытылғанға ұқсайды. Өйткені, оны жасайтын және ол аспапта ойнайтын азаматтардың есімдері сақталмаған. Музыка зерттеушілердің айтуынша, мессырнайға арнап жазылған шығарма да болмаған.
Әуелде оны қазақы әуенге келтіріп жасау оңайға түспеді. Сыбызғыларын табиғи қамыстан жасап көріп едік, үні дұрыс шықпады. Сынып қала берді. Өте жұқа тілінген шпон деген ағашты орап та жасадық. Онымыз да сәтсіз болды. Табиғи үн шығармады. Ақыры бук деген ағаштан сыбызғы жасадым. Оның ысқырығын сол ағашпен бірге ойдым. Бұрын бөлек ысқырық жасайтынмын. Сірә, қателік содан болды-ау деймін. Өйткені, ысқырығы бірге ойылған сыбызғының үні керемет болды. Сөйтіп, ұлттық болмысымызға тән әуен шығаратын көне, ұмыт болған аспапты қайыра өмірге әкелдік, – дейді Азамат.
Ол кезде Азамат Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясы, халық музыкасы факультетінің ІІІ курсында оқитын. Қазір Кеншілер қаласы Сәтбаевта тұрады. Отбасылы болып, ата-анасының қасына келген. «Келіншегім мен кішкентайларым жат болып кетпесін. Ата-енесінің, ата-әжесінің тәрбиесін көрсін деген ниетпен осында келдім» дейді елге оралу себебі жайлы сөз еткен Азамат. «Шын азамат екенсің. Қазақтың әр баласы сен сияқты ойлап, сен сияқты әрекеттенсе ғой» дедім іштей.
ЕКІНШІ СЫР немесе тегіне тартқан ұл
Алматыда жүрген кезінде Азамат халқымыздың ұлттық өнері мен музыкалық аспаптарын насихаттауды мақсат тұтқан «Хассақ» этнофольклорлық ансамблінің белді мүшесі болды. Сазсырнай, сыбызғы, шаңқобыз, шертер, дабыл сынды музыкалық аспаптарда еркін ойнайды. Музыкалық білімді Сәтбаев қаласындағы өнер мектебінде алып, кейін Жезқазғандағы музыка колледжінде жалғастырды. Ал білімін шыңдау Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясында өтті.
– «Жігітке жеті өнер де аз» дейді ғой атам қазақ. Өнердің жолына түскен соң оны тереңдете игеруге ден қойдым. Әйтсе де, әр нәрсе негізіне қарай ғой. Әкем – Бейсенәлінің негізгі мамандығы электрик болғанымен, өнерге жақын. Домбырада, гитарада ойнап, «әу» деп қоятыны бар. Қолының да ебі бар кісі. Нағашы жағым да өнерден құралақан емес. Анамның анасы – Сақып әжемнің шешесі беріс Арқаға, әрісі Алашқа белгілі ақын Тайжан Қалмағамбетовтың туған қарындасы екен. Мүмкін, сол жағынан да бір ұшқын түскен шығар, – деді ол «Осынша өнер өзіңе қайдан қонған?» деген сауалыма.
Айтпақшы, Азамат «Хассақ» тобында жүргенде сондағы өнерпаздармен бірлесіп «Тарту» деп аталатын тырнақалды шығармасын да жазған екен. Бұл күйді «Хассақ» этнофольклорлық ансамблі өздерінің төлқұжаты ретінде ұстап жүр.
– Әнебір жылдары пойызда бір ақсақалмен сапарлас болдым. Қолымдағы домбырамды үстіңгі сөреге қойып жатыр едім, жолсерігім «Әншісің бе, күйшісің бе» деп сұрады. «Күйшімін», дедім қалыптасқан дағдымен. «Жөн екен. Онда кейінірек күйіңді тыңдармыз» деді.
Ел орнына жайғасып, пойыз өзінің үйреншікті итіңіне түскен кезде ақсақал:
– Ал бала, көрсет өнеріңді, – деді. Мен домбырамды алып, ел ішінде кең тараған «Еркесылқымды» екпіндете жөнеліп едім, жолсерігім басын көтеріп алды. Тоқтай қалдым.
– Бұл сенің күйің емес қой, – деді сосын маған көзін сығырайта қарап.
– Мен сізге «менің күйім» дедім бе?!
– Сен әлгінде «күйшімін» демедің бе. Мен өзің күй шығара ма десем…
«Осы жұрт күйші мен күй орындаушының ара-жігін айыра алмайтын болған ба?» – деп күңкілдеді де купеден шығып кетті.
«Мына кісі тегін адам болмады-ау» деп мен қалдым.
«Осы әңгіме түрткі болды ма, кейін келіншегім екеуіміз бірлесіп, «Рухты ел» деген шығарма жаздық. Оркестрге арналған ауқымды дүние. Қазір Қазақстанның әр аймақтарында кеңінен орындалып жүр. Тіпті, Моңғолияның белгілі бір оркестрі өздерінің концерттік бағдарламаларын «Рухты ел» деп атап, біздің осы күйімізбен шымылдығын ашты» дейді Азамат. Бір ғажабы, мақтану деген, масаттану деген жоқ. Солай болуы керек деген адамдай жай отырып айта салды. Әкесі Бейсенәліні де, атасы Бақия ақсақалды да білуші едім. Көрші тұрдық. Бақаң қолдан сыбызғы жасайтын, музыкалық аспаптарда ойнайтын. Бейсенәлі де өнерлі жігіт, ағаштан да, темірден де түйін түйеді. Бесаспап. Осындай ортадан шыққан Азамат та тегіне тартып туған ұл.
ҮШІНШІ СЫР немесе армандар тоғысы
Әңгімеміздің басында мен Азаматты ұлттық музыкалық аспаптардың жоқтаушысы деп таныстырдым. Шын мәнінде солай. Бүгінде көзден де, көңілден де кеткен, тек атын естігеніміз болмаса, көзіміз көрмеген музыкалық аспаптар қаншама?! Азамат соларды іздеп жүріп жинады. Жоғын шығу тарихын зерделей отырып жасады, жаңғыртты. Қазір оның үйінің жанындағы жертөледе шағын шеберханасы мен музейі бар. Онда халқымыздың музыкалық аспаптарының мыңға жуық түрі жинақталған. Бір ғана сыбызғының өзінің бірнеше ондаған түрлері бар. Қазақтың ғана емес, тұтас Тұран еліне қатысты сыбызғылардың қатарында қытай мен кәрістің де сыбызғылары жүр. Жезден, қурайдан, ағаштан, қамыстан жасалынған сыбызғылар қаз-қатар тізіліп тұр. Бұлардың көбін Азамат өзі барған жерден аттай қалап алса, енді бірін һас шебердің жасаған дүниелеріне риза болған ел өздері жіберген. Әрине, тегін емес, орнына қазақтың көне музыкалық аспаптарын алған. Оны жасап, жаңғыртушы Азамат екенін айтпасақ та болады.
Музейде сондай ақ, домбыра мен қобыздың да түр-түрі орын алған. Олардың кейбірі осыдан екі-үш ғасыр бұрынғы аспаптар.
– Көкейімнен пойыздағы ақсақалдың әңгімесі әлі кетпейді. Шынында да біз күйші мен күй орындаушылардың ара-жігін айыра алмай жүрген сияқтымыз. Күйшілік өнер жоғалып бара жатқан сияқты. Тек күй орындаушылық қана бір қалыпқа құйылған күйі алға зулап барады. Бұрынғы күйшілік дәстүр де жолынан жаңылған. Мұны талдап айту үшін ұзақ уақыт керек. Мен тек, өзімнің осы күйшілік өнерді (тарту емес, шығару – А.Б.) қайыра жандандырсам деген арманымды айтқым келеді. Мақтану үшін емес, замандастарыма, кейінгілерге ой тастау үшін. Осы мақсатта «Ортеке» деп аталатын онлайн байқау ұйымдастырып отырмын. Сол үшін ағаштан арнайы ортекенің мүсінін жасадым. Ол қуыршақ театрындағыдай жіпке байланып, саусақ қозғалысымен ойнап тұрады. Байқауға қатысушылар осы ортекенің жібін қолдарына байлап алып, оның ойнауына сай келетін музыкалық шығарма жазулары керек. Осылайша, күй шығарушылардың жаңа толқынын қалыптастырсам деген арманым бар, – дейді шебер.
Азаматтың арманы бір бұл ғана емес. Ол ұлар құсты Ұлытауына оралтсам дейді. «Қазір құстың неше атасын қолға үйретіп жатыр ғой. Ендеше, бізге ұлар өсіруді қолға неге алмасқа? Ұлар құс Қап тауында қаптап жүр. Соны әкеліп, баптасақ, жерсініп кетер еді» дегенді де қынжыла отырып айтты. Сол үшін ұлардың үнін шығаратын музыкалық аспап жасап, оны Ұлытауға апарып, аршаға іліп қойды…
P.S. Азамат жайлы айтар әңгіме көп. Оның бәрін бір мақалаға сыйғыза алмасымды және сеземін. Сәтін салса, алдағы уақытта бұл тақырыпқа тағы бір айналып соғармын…
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ