Ұлық мейрамның қадірі мен қасиеті

Құрбан айт – адамзат баласын имандылыққа ұйытып, қанағат пен тəубеге үндейтін ұлық мереке. Құрбан — араб сөзі. Мағынасы «жақындау» яғни, Жаратқанға жақындау дегенді білдіреді. Демек, құрбандық шалу – парыз, оны орындау – аманат. Қасиетті Құранда: «Біз барлық Үммет үшін өздеріңе ризық етіп берілген малдардан, Алланың ғана атын атап («Бисмиллə» деп), құрбандық шалуды бекіттік. Сендердің Тəңірлерің бір-ақ Тəңір. Соған ғана бой ұсыныңдар, ықыласты қуанышты хабар беріңдер» — делінген.

Негізінде, құрбандық шалу, айт намазы оқылғаннан кейін шалынады. Айтта шалынған мал «құрбан» деп аталады. Араб тілінде айтта сойылатын құрбандық малды «ұдхия», ал айтты «ъидyл-адaxa» деп атайды. Түркі тектес халықтар «құрбан шалу», «құрбан айты» деп те қолдана береді. Осы айт күні əр мұсылман баласы кез-келген мұсылманның үйіне барып, тілегін айтуға ерікті. Себебі, Алла Тағала əмірімен пайғамбар сүннетін орындау Жаратушы иеміздің ризашылығына жақындап, ақыреттің сый-сияпатына кенелтетін кез осы. Сондықтан, айтқа ниеттеніп, дайындалушы немесе ынта-ықыласымен құрбандық шалушы шын ниетімен бұл іске бет бұру керек. Сонда ғана Тəңір мейіріміне бөленеді екен. Былай айтқанда, мол сауапқа ие болады деген сөз. Хазірет Мұхаммед хадисінде «құрбандық деген не?» деп сұрағанда, былай жауап берген екен. «Бұл бабаларымыздың Ибраһимнің сүннеті, сендер сойылған малдың əр талшығынан жақсылық пен сауап аласыңдар» депті. Сонда амал ниетке қарай ескеріледі, оны істеушіге амал-ниетіне қарай сауап беріледі екен. Демек, амалдың өлшемі ниет. Құрбан айтта құрбандық шалу уəжіп. Сондықтан да болар, Мəшһүр-Жүсіп Көпейұлы: «… Əй, ғазиздер, осы айт күнінде құрбан бауыздар күніңіз. Құрбан бауыздап, Алла Тағаладан ұлық дəреже алатын күніңіз, қапы қалып жүрмеңіз» деп ескертеді. Шынында да адамның көңілі бір Аллада болмаса, санасына тəубешілік бермесе, жүрегінде имандылық шоғы болмаса, ғалейһи лағнеттің соқпақ жолына түсіп, адасарымыз хақ.

Ал, əз Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Кімде-кім мүмкіндігі бола тұра құрбандық шалмаса, біздің намаз оқитын жерімізге жақындамасын!»- деп ескертеді. Мұхаммед (с.ғ.с.): «Бірінші орындайтынымыз мерекелік намаз, содан кейін құрбандық. Əркім осылай істесе, онда біздің сүннетімізге ергені. Ал, кімде-кім бұдан бұрын құрбандығын шалса, оның жай кездегі отбасы қажеті үшін берілген еттен айырмашылығы жоқ. Бұл құрбандыққа жатпайды»,- дегенді алға тартады. Əріден айтсақ, Құрбан айт мейрамы қазіргі жыл санаудан бұрынғы он екінші ғасыр шамасында өткен деген дерек бар. Өз заманында білікті өмір сүрген жəне адам баласына ізгілік нұрын таратушы Ибраһим пайғамбардың тұсында басталған делінеді. Ал, құрбандық шалу мерзімі- жыл сайын Мұхаммед пайғамбардың Меккеден Мединаға көшкен күні яғни, дүниежүзіндегі мұсылмандардың қажыға барғандарының Меккеде қажылық парызын өтеу ісін бастаған күнінде болады. Бұл Аллаға арнаған ғибадаттың басы. Сол күні жер бетіндегі барлық мұсылман қауымы Құрбан шалып, айт мейрамын мерекелейді. Өткенге үңілсек, 1921 жылы 5 наурызда Орынбор қаласында өткен қазақ зиялылары бас қосқан төреалқасында» Мұсылмандардың мерекесі» мəселесі қаралып, ораза айтқа үш күн, құрбан айтқа үш күн беріліпті. Аталған мерекелер 1927- 1928 жылдарға дейін тойланып келген. Өкінішке орай, Кеңес Үкіметінің евроцентристік бағыты құрбан айт мерекесінің де болашағына балта шапқаны белгілі. Дегенмен, бүгінгі күні құрбан айтты үш күн мерекелейтін болдық. Бұның өзі өркениеттіліктің айғағы болса керек. Ел Тəуелсіздігінің арқасы деп білген жөн. Бүгін міне, мейірім мен шапағатқа толы мерекені тойлауды дəстүрге айналдырдық. Осы күні жасаған ізгі ниеттеріңізді, шалған құрбандықтарыңызды Алла Тағала қабыл қылсын! Ұлық мереке барша жамағатқа береке əкелсін.

Құрбан айт мүбəрак болсын!

Қайрат ЖҰМАБАЙ