Ұлы Дала – жаңа Ата Заң жобасында шегеленген ұғым
Санаулы күндерден кейін қазақ халқының мыңжылдық тарихы мен ұлттық болмысын айшықтайтын жаңа мазмұндағы Конституция жобасы қабылданады. 15 наурызда референдумға шығарылатын жаңа Ата Заңның мәтіні мемлекеттіліктің тарихи негізін, ұлттық бірегейлікті және болашақ даму бағытын айқындайтын маңызды құжат болмақ.

Жаңа Конституция жобасының преамбуласында алғаш рет «Ұлы Даланың мыңдаған жылдық тарихының сабақтастығын сақтау» туралы нақты тұжырым енгізілді. Бұл – қазақ халқының тарих сахнасына кеше ғана шыққан жас ұлт емес, тамыры тереңге жайылған, ғасырлар қойнауынан жеткен өркениетті халық екенін заң жүзінде мойындау.
Жаңа преамбула «Біз, біртұтас Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерінде мемлекеттілікті нығайта отырып, Ұлы Даланың мыңдаған жылдық тарихының сабақтастығын сақтап…» деп басталады. Мұнда мемлекеттің унитарлық сипаты, шекарасының мызғымастығы, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының қорғалуы, бірлік пен ынтымақ қағидаттары, мәдениет пен білім, ғылым мен инновация құндылықтары, табиғатты қорғау және бейбітшілікке ұмтылу сияқты маңызды қағидаттар айқын көрсетілген.
Ғалымдардың пікірінше, жаңа Конституция жобасы ұлттық тарихи сананы жаңғыртуға ерекше мән береді. Мәселен, бұрынғы 1995 жылғы Конституциядағы «ортақ тарихи тағдыр біріктірген» деген ұғым жалпылама сипатта болған, ал жаңа мәтінде «Ұлы Даланың мыңжылдық тарихы» ұғымының енгізілуі нақты тарихи-өркениеттік бағдарды айқындайды дейді олар.
«Ұлы Даланың мыңжылдық тарихына» сілтеме жасау арқылы нақты тарихи-өркениеттік бағдар енгізілді. Бұл өрнек символдық әрі мәдени мәнге ие. Преамбула заңдық тұрғыдан бейтарап сипаттамадан кетіп, тарихи нарратив элементімен толықты, – дейді ғалымдар.
Ғалымдардың тағы бір тобы жаңа Конституция жобасының преамбуласында алғаш рет жалпыұлттық құндылықтар айқын белгіленген, бұрынғы Конституция тәуелсіздіктің қалыптасу кезеңін сипаттаса, жаңа мәтінде қалыптасқан мемлекет пен кемел қоғам бейнесі көрініс табады. Онда еліміздің болашақ даму бағыты мен келешек ұрпақ алдындағы жауапкершілік айқын көрсетілген, – дейді.
Шын мәнінде, жаңа Конституция жобасы – жаһандық өзгерістер кезеңінде мемлекеттің дамуына бағыт беретін стратегиялық құжат. Оның кіріспесі – өткен тарихтың тағылымын, бүгінгі тәуелсіздіктің нығаюын және болашаққа деген сенімді біріктірген манифест іспетті. Ұлы Дала өркениетінің тарихи сабақтастығын заң жүзінде бекіту – Қазақстан мемлекеттілігінің тамыры тереңде жатқанын айқындайтын маңызды қадам. Бұл – ұлттық сананы жаңғыртып, ел бірлігін нығайтуға бағытталған тарихи шешім.
Сайып келгенде, жаңа Ата Заңның қабылдануы – өткеннің өнегесін, бүгіннің берекесін және ертеңнің сенімін тоғыстырған Ұлы Дала елінің жаңа дәуірге жасаған нық қадамы болмақ.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

