Ұлы Дала перзенті
Ұлылар мекені – Ұлытаудың тумасы, қазақ зиялы қауымының көрнекті өкілі Камал Смайыловтың туғанына – 90 жыл. Ол ұлт руханиятына өлшеусіз еңбек сіңірген ұлы дала перзенті. Сөз өнерін меңгерген жазушы-публицист, мемлекет қайраткері, кинотанушы, өнертану ғылымының кандидаты. Адамдықтың асқақ үлгісін, достықтың ұлы өнегесін Алты Алашқа әйгілеген даңқты жерлесіміз.
Елге танымал талантты қаламгер 1932 жылы Ұлытау ауданы Аманкелді атындағы ауылда дүниеге келген. Бағаналы Бабыр бидің төртінші ұрпағы, жауынгер-жазушы, жалынды публицист Баубек Бұлқышевтің немере інісі. Тарқатып айтсақ, Бабыр бидің екінші әйелінен Әукетай, одан Байқоңыр, Байқоңырдан Бұлқыш, Бұлқыштан Баубек туады. Ал, Әукетайдың екінші ұлынан Смайыл, Смайылдан Сейітжан, Сейітжаннан Камал мен Бақыт тарайды. Сонда Баубек пен Камал ағалы-інілі болып келеді. Осы тұста Камалдың жан досы, белгілі академик Төрекелді Шармановтың естелігінен үзінді келтірсек: «Камал екеуіміздің туып-өскен жеріміз – қазақтың бағына біткен Үш жүздің басын бір ту астына біріктірген, қасиетті мекен – Ұлытау төсі. Камалдың әкесі ауыл мұғалімі болған, репрессиялық қудалауға ұшырап, ерте дүние салды. Камал ол кезде он бірде. Атасының бауырында қалды. Балғын балалық шақтың қызығын бірінші сыныптан бастап көрдік. Жоғары оқу орнына да қатар түсіп, әрқашан бір-бірімізден көз жазбадық. Мектеп қабырғасында жүріп, сұм соғыстың сұрапыл жылдарының ауыртпалығымен одан соңғы тар заманның қиыншылықтарын көріп-өстік. Ол уақыт біз үшін рухани дүниеміздің қалыптасқан, маңызды кезеңі болатын. Ел тағдырына байланысты сұрақтар Камалды ертеден толғандырды, алғашқы мақалаларын мектепте жүргенде-ақ аудандық, облыстық, республикалық газет беттеріне жариялады» деп жазады.
Жасынан алғыр талантты жас №1 Ұлытау орта мектебін бітірісімен ҚазМУ-дің журналистика факультетіне оқуға түседі. Оны 1954 жылы үздік бағамен бітіріп шығады. Еңбек жолын «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінің редакциясынан бастайды. 1960 жылы ғылыми-көпшілік «Білім және еңбек» журналы жарыққа шыққан кезде соның тұңғыш редакторы болады.
Уақыт өте келе жетпісінші жылдың соңына қарай ҚЛКЖО ОК-нің идеология жөніндегі хатшысы (1971-1973), ҚазКСРО Мемлекеттік кино комитетінің төрағасы (1973-1977) болып тағайындалады. Осы кезде оның басқаруымен «Қазақфильм» киностудиясы «Артымызда Москва», «Тақиялы періште», «Қараш-қараш оқиғасы», «Мәншүк туралы ән», «Көксерек», «Транссібір экспресі», «Атаманның ақыры», «Шоқ пен шер» көркем фильмдері түсіріліп, жарыққашығарылды. Мұнымен қоса, тұңғыш рет қазақ мультфильмдерін шығаруға Камал Сейітжанұлы жетекшілік жасайды. Бұдан кейін 1977-1986 жылдары ҚазКСРО Министрлер Кеңесі мәдениет бөлімінің меңгерушісі, ҚазКСРО Мемлекеттік телерадио комитеті төрағасының орынбасары, төрағасы қызметінде болған тұста көпсериялы «Қазақстан: Ұлы Отан соғысы жылдарында» фильмін өмірге әкеледі. Сол жылдары «Алатау» жаңа телеарнасы ашылып, «Айтыс», «Терме», «Шабыт», «Халық таланттары», «Асыл мұра» топтама хабарлары, көпшілікке арналған «Тамаша» ойын-сауық бағдарламасы ұсынылады. Бұдан бөлек, Халықаралық деңгейдегі «Алматы достарды қарсы алады», «Медеу жұлдыздары», «Азия дауысы» сияқты музыкалық-сахналық бағдарламалар авторларының бірі осы кісі. Осыны бүгінгі күнге дейін көнекөз қариялар тамсана еске алып, Камалдың еңбегін ерекше айтатыны содан.
Саусақ бүгіп санамалай берсек, атқарған жұмысы да, жазған еңбегі де көп. Қайсыбір мақаласын оқысақ та, болашаққа үлгі. Мәселен, «Он бірінші» деген мақалалар жинағы немесе «Оянған ойлар» атты еңбегін алып қарасақ, тағылымы тереңде жатыр. Осыдан-ақ Кәмекеңнің озық ойлы, сөз зергері, білімді, талантты иесі екенін анық аңғарамыз. Бұл кітапты жазбас бұрын дарынды қаламгер еліміздің түкпіртүкпірін аралап, өзінің кітабына аса қажетті материалдарды жинақтаған тәрізді. Өйткені, ой түбінде жатқан сезіміне тереңірек бойлап, тартымды дүние жасаған. Кәмекеңнің көп нәрсені жақсы білетін ретіде бар. Атқарған қызметі де аз емес. ҚазКСР Министрлер Кеңесі мәдениет бөлімінің меңгерушісі, «Парасат», «Қазақстан коммунисі» (Ақиқат) журналдарының бас редакторы, Қазақстан Журналистер одағы басқармасының төрағасы сынды белді қызметтерді атқарды. ІX-ХІІ шақырылған ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты да болды. Сөйтіп, өзінің тамаша талантымен танылды. Биіктен төмен ұшпайтын мұзбалақ қырандай биіктен-биікке көтеріле берді.
1996-2003 жылдары Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясының доценті, профессоры, кино теориясы мен тарих кафедрасының меңгерушісі болып, осы оқу орнына да үлкен еңбек сіңірді.
Бүгінде Камал Сейітжанұлының қаламынан туындаған 15 публицистикалық-танымдық кітабы көпшілікке етене таныс. Өзекті мәселелерді көтерген 350-ден астам көркем очерктері мен мақалалары бар. Осы мақалалары еліміздің экономикалық жағдайы мен әлеуметтік ахуалын білгісі келетін қазақ интеллигенттеріне таптырмас құрал. Кейбір еңбектерінде еліміздің экономикасы, ауыр және жеңіл өнеркәсібі, транспорт пен құрылысы, суы және ауыл шаруашылығы, мәдениеті мен әдебиеті, өнері, медицина мен ғылымы да айтылып, терең әңгіме қозғалады. Енді бірінде, ұлтымыздың қасиетті тілін, ділін, салтын, тарихын, бүкіл халық болып қастерлеп дамыту керектігін айтып, салмақты ой тастайды. Қазір қарап отырсақ, Кәмекеңнің жазған еңбектерінің осалы жоқ, бәрі құнды дүние. Сондай жақтары ғой, оның есімін Алты Алашқа әйгілетіп тұрғаны. Бұл, әрине, талантты көсемсөз шеберінің қолынан келетін іс. Оған сөз жоқ! Қалай дегенмен, оның жазған ойлы, мағыналы еңбектері ғасырдан-ғасырға жалғаса бермек. «Елін сүйген жүректен ел сүйсінер іс туады» деген осы.
Қазір де ұлтжанды қаламгердің еңбектері, заман көші ілгері жылжығанымен мәнін жоймай, биіктеп, оқырманның сүйіп оқитындай керемет дүниесіне айналды. Әр кітабы айшықты, мағыналы оймен, тың идеяларға негізделіп жазылған. Ой өрісіңді кеңейте түсетіндей ғажап туындылар. Автор еңбектерінің ең құнды ерекшелігі осында жатыр. Жазған дүниелері өзіңді алға жетелеп, жігеріңді жани түседі. Осы жағынан алып қарағанда, қарымды қаламгердің сөз саптауынан қас шеберлігін байқаймыз.
Жалпы айтқанда, Камал Смайылов еліне жанашырлықпен қарап, келешек ұрпаққа өлмес мұра қалдырған кемеңгер тұлға. Айта берсек, ол кісі көзі тірісінде атақ-даңққа да иеленді. Бірақ, адамдық қалпынан айнымаған, адами қасиетін жоғалтпаған адам. Тіршілігінде парасатты өмір сүрді. Осындай жақтарымен елге сыйлы, қадірлі тұлға болды. Оны бүкіл Қазақ елі құрметтеді, төріне шығарды. «Жезқазған қаласының және Ұлытау ауданының Құрметті азаматы» атағы да берілді. Тізе берсек, орден, медальдары ол да жетерлік. Бір атан түйеге жүк боларлықтай дүние. Сонда да негізгісін атап өтсек, Сәкен Сейфуллин атындағы әдеби сыйлықтың және экономикалық-ынтымақтастық ұйымының білім саласындағы Халықаралық сыйлығының, «Алтын адам – Жыл адамы байқауының, «Қазақстан патриоты» сыйлығының иегері екен. Екі рет «Құрмет белгісі» орденімен марапатталыпты. Бұдан басқа да ұсақ-түйек марапаттары жетерлік.
Қысқаша түйіндегенде, Камал Смайылов елімен бірге жасай беретін есімі өшпес өр тұлға.
Қайрат ЖҰМАБАЙ