Ұлттың асыл абызы
Төрегелді Шарманұлының ес біліп, саналы өмір жолын бастаған кезі қазақ тарихындағы ең ауыр, ең қасіретті, ұлт тағдыры қыл үстінде тұрған, халықтың жартысына жуығы аштықтан қырылып, жақсы мен жайсаңы, көсемі мен шешені атылып, қудаланып, зор нəубет орнаған жылдар еді. Қазір қарап отырсаң, Төкеңнің өмір жолы, ұстанымы ұлт басындағы сынақтарға жауап, алдағы міндеттерге дайындық болған секілді. Шын мəнінде, жоғарыда келтірілген күрделі жағдайдан есін жиып, қайта жаңғыру үшін, əрине, бірінші кезекте ұлттың саны өсуі керек. Сапасы көтерілуі керек. Ол үшін денсаулықтың мықтылығы маңызды. Сонымен қатар жаңа заманның сынақтарына білім мен ғылым арқылы ғана жауап беру мүмкін еді. Сондықтан білім мен ғылым жолын таңдап, оның ішінде денсаулық сақтау саласында қызмет атқаруы – сол жауаптың бірі болды. Төкең əр амалы мен əр қарекеті арқылы ұлтына да, адамзатқа да қызмет етудің үлгісін қалыптастырды. Ұлт көкжиегін кеңейтіп, əлемге танылуына көп қызмет етті. Оның ең жарқын мысалы – 1978 жылы Алматыда өткен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен UNICEFтің бірлескен конференциясы. Оған дейін қазақ жерінде жаһандық жиын болып көрген емес-ті. Бір жағынан, Алматы декларациясы бүкіл əлемдегі миллиондаған адамның өмірін сақтап қалуға жұмыс істеген денсаулық сақтау жүйесінің дамуына, жедел жəрдем секілді алғашқы көмек көрсететін жүйені дамытуға сеп болса, екінші жағынан конференция қазақ деген елдің бар екенін əлемге əйгілеп берді. Төкең бақилық болғанмен, оның мұрасы мен ғибраты ғасырлар бойы ұлтқа қызмет ете бермек. Сол ұлағатының ішінде менің түйгенім – ол кісі өмірді сүю, адамды сүюдің озық мысалын көрсетіп кетті. Кешірімшілдігі де – айрықшалап атап айтуға болар қасиет. 1978 жылы жаһандық жиыннан кейін түрлі көреалмаушылықтың салдарынан елден жырақтап, Мəскеуде тұруға мəжбүр болған еді. Сөйте тұра соған себепкер болғандарды да, біреулердің айтағына ергендерді де кешіре білді. «Солардың кейбірін аспирант ретінде баптап, ғылым бəйгесіне қостым, ал билік маңайында болғандарға кешіріммен қарадым, сол арқылы жасампаздық жолға көбірек күш-қуатымды арнауға мүмкіндігім болды» деп еді бірде ағынан жарылып. Тағы бір ерекшелігі – үлкенмен де, кішімен де сыйласа, араласа, əзілдесе білуі. Көз жұмар сəтке дейін өмірге құштарлығын, болашаққа сенімін жоғалтпады жəне əзілден де айырылмады. Қайтыс боларынан үш күн бұрын баласы Алмаз бізді видеобайланыс арқылы сөйлестірді. Сонда қалыптасқан дəстүр бойынша аға мен інінің, нағашы мен жиеннің бір əзілін бастап едім, хəл үстінде жатқан Төкең əзілге əзілмен жауап беріп, ғажап бір ішкі рухтың сөнбегенін көрсетті. Төрегелді Шарманұлының өмір жолы – өнегелі жол. Қажырлы еңбек, терең білім, жасампаз қайраткерлік арқылы өшпес із қалдырған алып тұлғаның бақилық болуы тұтас ұлтымыз үшін ауыр қайғы. Бірақ Төкең қалдырып кеткен із, тағылымы мен тəлімі ел игілігі үшін қызмет жасай бермек. Алып тұлғаның жаны жəннатта, иманы саламат болсын!
Əлихан БƏЙМЕНОВ,
Астана мемлекет қызмет Хабының төрағасы.